Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2022

Дінаралық диалогтің діңі берік

1694 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырдың ортасынан бері академиялық ортада, модернизациялық үдерістердің күшеюіне байланысты «діннің ықпалы біртіндеп төмендейді, маңызды күш және фактор ретінде ол қоғамдық-саяси саладан жеке тұлға өміріне ығысып шығады» деген идея басым болды. Қоғамдық ғылымдарда бұл идея «секуляризация теориясы» ретінде орнығып, болашақта діннің ықпалы азаяды да тек кішігірім топтың немесе жекелеген индивидтердің санасында ғана қалады деген болжам жан-жақты айтыла бастады.

Дінаралық диалогтің діңі берік

Сонымен қатар «модернизациялық үдерістердің дамуы діни рәміздердің, доктриналардың маңызы мен діни институттардың беделінің жоғалуына алып келеді» деген пікір де кеңінен таралды. «Секуляризация процесі өздігінен әртүрлі экстремистік діни, соның ішінде лаңкестік ұйымдардың пайда болуы мен таралуына алғышарт» деген тұжырымдар да жасалды. Алайда соңғы жарты ғасырдағы әлемде десекуляризация үдерістері мен діндердің қоғамдық белсенділігінің артуы бұл болжамдарды теріске шығарып отыр. Дін Солтүстік Америка, Батыс және Шығыс Еуропа елдерінен бастап, мұсылман елдеріне дейін қоғамдық дискурстың маңызды мәселесі ретінде қайта жанданды. Қоғамдық кеңістіктегі мемлекет пен дін арасындағы қатынастар, діни құқық және діннің қоғамдық көріністері саяси мәселелер ретінде жиі көтеріліп отыр.

Дін саласындағы аталған факторлар мен үдерістер әлемдік қауымдастықтың ашық және тең мүшесі ретінде елімізге де тікелей ықпал етуде. Сол себепті, Қазақстан Республикасы үшін елдегі діни жағдайдың тұрақтылығы мен конфессияаралық келісім стратегиялық мәселелер қатарына жатады. Осы саладағы кешенді іс-шаралар мен саясаттың аса маңызды бағытына Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының дәстүрлі кездесуін толықтай жатқызуға болады. Қазақстан Республикасы 2003 жылдан бері 6 әлемдік және дәстүрлі дін басыларының съезін (2006, 2009, 2012, 2015, 2018) өткізді. Бірінші съезде әлемнің 17 елінен 17 делегация қатысқан болса, соңғы кездесулерде дүние жүзінің түрлі елдерінен келген делегация басшылары мен қатысушыларының саны артып келеді. Үш жыл сайын өткізілетін бұл маңызды іс-шара аясында халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы дін көшбасшыларының рөлі, дін және әйел, қазіргі бірегейлік дағдарыс жағдайындағы діни құндылықтар мен игіліктер, дін және жастар секілді басқа да өзекті мәселелер талқыланып жүр. Осындай заманауи, өзекті мәселелердің қарастырылуы, олардың шешілу жолдарына қатысты түрлі діндер мен конфессиялардың үн қосуы еліміздегі діни бейбітшілік пен тұрақтылықтың одан әрі нығаюына зор үлесін қосып келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының кездесуі ұсынған платформа түрлі діндер арасындағы діни мәселелерді шешуге бағытталмаған, оның негізгі мақсаты − белгілі бір орта жолды іздестірудегі дінаралық сұхбаттың маңызы мен құндылығын бағалау. Бұл сұхбаттың мәнін Тұңғыш Президент ең алғашқы съездің барысында: «Баршаға ортақ діни кеңістік құру мүмкін емес, діни ерекшеліктерді жою да мүмкін емес... Алайда тұрақты диалогтің құндылығы – орын алып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, белгілі бір сара жолды іздестіру және оның мәнін түсіну. Ең бас­тысы, диалог – бейбітшілік пен келісім платформасын, үйлесім мен айқындық уақытын қалыптастырады. Міне, діни диалогтің сөзсіз құндылығын осыдан көремін» деп атап өткен болатын.

Ақиқатында, ұлт, дін, көзқарас плюрализмінде келісім, төзімділік ортақ құндылықтар негізінде ғана жүзеге асады. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмір, адам өмірінің асқақтығы секілді құндылықтар барлық дін өкілдеріне, тіпті дінсізге де, сол секілді барлық ұлттарға да ортақ. Оны сақтауға барлығы мүдделі. Өйткені қандай да бір діннің мақсаттарының орындалуына тұрақты, бейбіт қоғам қажет.

Дін адам өмірінің барлық саласын қамтып, дұрыс дүниетаным мен эстети­калық талғам қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейірім­мен қарауға, әлеуметтік қатынастарды реттеуге, бейбіт өмірді қамтамасыз етіп, татулық пен тыныштық сақтауға қызмет етуі керек. Ал дінге дұрыс көңіл бөлінбей, бір жақты діни түсініктермен шектеліп, ортақ құндылықтар ескерусіз қалған қоғамда діннің интеграциялық қызметіне қарағанда оның дезинтеграцияға көбірек жол ашатыны белгілі. Ондай жағдайда елде тұрақсыздық пен жікке бөлінушілік, өзге сенім иесін бөтенсу, ксенофобия белең алып, ол келе-келе саяси жүйеге де кері әсерін тигізеді.

Дәстүрлі қоғамда дін әлеуметтік интеграция жəне тұрақтылық, рухани құндылықтарды жоғарылату функциясын атқаруға тиіс. Интегративтік функция діннің қандай да бір адамдар тобын, идеялар кешенінің айналасын біріктіру қабілетінде көрінеді. П.Бергердің пікірінше, «Діни институттар – осы қоғамның барлық мүшелерін «жалпы бір мағынаға» біріктірген əлем». Діни жүйе қоғам мүшелеріне немесе топқа осы қоршаған əлемде өз орнын, атқаратын рөлі мен мәнін табуға мүмкіндік береді.

Алайда белгілі бір жалпылықты біріктіре жəне топтастыра отырып, дін, бір жағынан, оны басқа діни ұстанымға қарсы қою қабілетіне де ие. Осылайша, дін кейде бөлуші фактор ретінде көрінеді, дінаралық тұрақсыздық осыдан келіп туындайды. Осылайша, тұрақсыздық факторы, әлеуметтік жəне саяси дағдарыс жағдайларына алып келеді. Көпұлтты мемлекеттерде интеграция мен дамуға нақты осы жоғарыда келтірілген аспекті кедергі жасайды. Әр алуан діндер мен діни бағыттарды ұстанған халықтардың ықпалдаса бейбіт өмір сүруімен ерекше­ленетін Қазақ қоғамындағы айтулы жиын аталған кедергілердің алдын алуға үн қосары сөзсіз.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезі − діндер, конфессиялар, ұлттар мен ұлыстар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу құралы ретінде өзінің басты негіздерінің біріне айналдырып әрі өзінің 18 жылдық тарихында жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар съезд өзінің алдына қойған мақсат-міндеттерін тәжірибе негізінде жүзеге асырып, жаһандану аясында маңыздылығын дәлелдеуді.

2003 жылдан бері, үш жыл сайын өткі­зілетін, дәстүрге айналған бұл маңыз­ды платформа Қазақстан Респуб­ли­касы тәуелсіздігін алғалы бері этнос­аралық және конфессияаралық бейбіт­шілікті сақтау саласындағы саясатымен үйле­сімділігін тауып жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінен бастап жариялаған этносаралық және конфессияаралық төзімділік, мәдени және дүниетанымдық плюрализмге негізделген азаматтық келісімді дамыту идеялары мен саясаты да осы съездің жалпы стратегиялық бағытымен сабақтастығын тапқан.

Әлемдік және дәстүрлі діндер бас­шы­лары алғашқы кездесуінде барлық дін көшбасшылары осы платфор­маның өзектілігін бағалап, саяси қай­шы­лықтардан тыс контексте халықаралық және конфессияаралық диалог жүретін тұрақты институт құруға қатысты маңызды шешім қабылдады. Сол кезеңнен бері, бұл кездесудің дәстүрлі түрде өтуі және бұл съезге қатысушы делегациялар санының өсуі − бұл бастаманың жай әдемі идея ғана емес, прагматикалық қадам және заманауи қажеттілік екендігін дәлелдеді. Сонымен қатар бұл съезге тек дін көшбасшылары ғана қатысып қоймай, беделді халықаралық ұйымдар, көрнекті саясаткерлер мен ғалымдар да назар аударып, съезд ұйымдастырушыларының жаһандық деңгейдегі дінаралық диалог құру әрекеттерін жоғары деңгейде бағалап отыр.

 

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ,

Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы