Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деді. Осыған орай орта білім алушыға жан-жақты қолайлы орта қалыптастыруға арналған «Жайлы мектеп» жобасы білім саласын жетілдіруге бағытталған бастамалардың бірі екені сөзсіз. Себебі жоба шеңберінде Мемлекет басшысы инновациялық технология арқылы оқу-тәрбие жұмысын жақсартуға, жалпы елімізде заманауи талапқа сай білім ордаларының көптеп салынуына мән беріп отыр.
Балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай туғызу үшін, ең алдымен, үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілсе дейміз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – білім саласында ілгерілеу үшін жасалып жатқан жақсы қадам. Тағы бір жағымды жаңалық, ұлт ұрпағының сапалы білім алуы үшін педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандартын қабылдау мәселесі. Бұл жағдайда ұстаздардың құзырет аясы айқындалып, мамандықтың абырой-беделі арта түсері анық. Бәсекеге қабілетті, өзгеріске бейім, қоғамның талабына сай тұлғаны қалыптастыру үшін жаһандық ғылыми-техникалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп, ағылшын тілінде оқытуды күшейту маңызды. Бірнеше тілді білудің артықтығы жоғын баса айтқан Мемлекет басшысының сөзіне қосыла отырып, басым бағытты өз ана тілімізге аударуды қолдаймын. Ұлт болып қалыптасу үшін ана тіліміздің деңгейі бірінші орында тұруға тиіс. Мемлекеттің басты күші жастарда болса, жастарға артылған сенім өз ұлтының құндылықтарын құрметтеумен көрінуі керек.
Білім саласында Оқу-ағарту министрлігінің Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда белсенді іс-әрекеттерді қолға алғанына куә болып келеміз. Мәселен, министрлік мұғалім мәртебесін арттыруда ата-аналардың үлесі зор екенін ескеріп, екіжақты әріптестік қарым-қатынасты орната отырып, білім беру ваучерлерін енгізуді жоспарлап отыр. Ұлт сапасының дамуына тағы бір үлес қосатын дүние – мемлекет бөлетін қаражаттың білім беру есепшоттарында жинақталуы. Ұлттық қордың шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болып, халықтың игілігіне жұмсалуы көп түйіннің шешімі болары анық. Бұл бастама әрбір баланың болашағына құйылатын инвестиция екенін ескергеніміз жөн.
Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Нұр-Сұлтан қаласындағы «№2 «Дарын» лицей-мектеп-интернатының басшысы