Үкімет • 08 Қыркүйек, 2022

Асыл тұқымды мал басы қайтсе көбейеді?

181 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жалпы отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

Асыл тұқымды мал басы қайтсе көбейеді?

Аталған құжат жөнінде Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қарашөкеев баян­дама жасады. Заң жобасы қолда­ныстағы заңнаманы жетілдіруді және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында қазіргі заманғы нормативтік база қалыптастыруды көздейді. Атап айтқанда, жаңа нормалар агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі жаңғыртуға және цифрландыруға, асыл тұқымды мал шаруашылығындағы тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, биоэтанолды пайдалану саласын кеңейтуге және осы бағыттағы басқа да мәселелерді оң шешуге арналған.

«Біріншіден, уәкілетті органның құзыретін кеңейту ескерілген. Атап айтқанда, 13-бапта өкілетті органның құзы­реті тиісті міндеттермен толықтырылады. Яғни жануарларға қатысты индекстік бағалауды жүргізу ережелерін әзірлеу және бекіту, жануарларға молекулярлық гене­тикалық сараптама жүргізу қағида­ларын әзірлеу, геномдық бағалау жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту қамтылады. Бағалаудың бұл әдіс­тері дамыған елдерде асылдандыру ісін­дегі кеңінен қолданылатын жаңа бағыт­тарға жатқызылады. Біз оларды мал шаруа­шы­лығының генетикалық әлеуетін жедел арттыру мәселелерінде жұмыстың сапалы жаңа деңгейіне көшу мақсатында дамытуымыз керек», деді Е.Қарашөкеев.

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы бағы­тын­дағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілеттіктерін күшейту қарастырылған. Мәселен, селекциялық және өнімділікті арттыру жұмысының ақпараттық базасын жүргізу функциялары беріледі, сондай-ақ аталған ұйымдар өкілетті органмен бірлесіп жаңа нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады.

«Молекулярлық генетикалық сараптама» жаңа бабы енгізілді. Онда аталған сараптаманы жүргізу кезіндегі негізгі ережелер, тапсырыс берушінің (жануар иесінің) және мамандандырылған зертхананың құқықтары мен міндеттері көрсетіледі», деді министр.

Сонымен қатар құжатта асыл тұқым­ды мал өсіретін орталықтарға ұрық сатып алу мүм­кін­дігін беру ескерілген. Заң жобасы «Агро­өнеркәсіптік кешенді және ауылдық ау­мақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бо­йынша жаңа тармақтармен толықтырылған.

«Жалпы, қарастырылып жатқан Заң жо­басындағы барлық қабылданып жатқан түзету өсіріліп отырған мал тұқым­да­рының генетикалық әлеуетінің денгейін арт­тыруға, асыл тұқымды селекциялық жұмыс­тардың сапасын жетілдіруге, асыл тұқымды мал басы санының өсімін жеделдетуге, сондай-ақ биоотын өндірісін қолдау мен дамытуға бағытталған», деді Е.Қарашөкеев.

Сонымен қатар сенаторлар Парламент Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бірлескен комиссияның құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселені қарады. Талқылау нәти­жесінде сенаторлар Владимир Волков, Ақылбек Күрішбаев, Ақмарал Әлназарова және Ерік Сұлтанов комиссия құрамына сайланды.

Отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Бұл жолы сенаторлар сауалының бәрі Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа бағытталды. Жеңіс Нұрғалиев пен Сергей Карплюк Қостанай облысындағы өрттің себептері мен салдарын жоюға қатысты бірқатар проблеманы көтерді. Депутаттар төтенше жағдай кезінде шығынды азайтуға мүмкіндік беретін ұсыныстарын да айтты.

«2018-2021 жылдары жалпы көлемі 464 219 гектарды құрайтын 2 438 өрт шығып, жалпы шығын 9 167 108 мың теңгені құра­ды. Яғни біз жыл сайын сол проблемадан орасан зор қаржылық, экологиялық, мате­риа­лдық шығынға ұшырап келеміз. Осы жылдар бойы елімізде мұндай табиғи апат­тармен күресудің біртұтас жүйесі қалып­таспағаны анық. Оның үстіне Үкімет әлі күнге дейін орманды қорғау және мо­лықтыру бойынша пәрменді шара­ларды жүзеге асырған жоқ», деді Ж.Нұр­ға­лиев.

Сенаторлар жалақының төмендігін орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық қамтамасыз етілмегенін, тозған өрт техникасы және өрт есептоптарында білікті кадрлар жетіспейтінін атап өтті.

«Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметін қалпына келтіру қажет, ол республикадағы тех­но­гендік жағдайларға жедел әрекет ете алады. Кәсіпорынның 13 филиалы еліміз­дің 12 өңірінде орналастырылды. Құт­қару жұмыстарына жұмылдыру жария­лан­ғаннан кейін кәсіпорын 2 мыңнан астам кәсіби құтқарушыны жіберуге мүмкіндігі бар», деді сенатор.

Осыған байланысты орман шаруа­шы­лығы үшін өрт сөндіру техникасын да, арнайы техниканы жаңартуға да қара­жат бөлуді, орман шаруашылығы қызмет­керлерінің жалақысын көбейтуді, өрттерді ерте анықтаудың ақпараттық жүйелерін енгізуді ұсынды.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкіметтің депутаттық сауалдарға берген жауаптарын сынға алды. Оның айтуынша, 2 жыл ішінде ол Үкіметке 17 депутаттық сауал дайындаған. Бірақ онда көтерілген көп­теген сұраққа толыққанды немесе мүлде жауап алмаған. Мәселен, сенатор жақында Қостанай облысында болған өртті мысалға келтірді. Өткен жылы Үкіметке орман алқап­тарын қорғау саласындағы жүйелі проб­лемалар, оны ерте анықтау үшін өртке қарсы күрестің қазіргі заманғы ақпа­рат­тық жүйесінің жоқтығы және орман­шы­лардың жалақысының төмендігі туралы депутаттық сауал жолданған. Алайда Үкімет жалпылама жауаппен құтылған.

Сонымен қатар Ақылбек Күрішбаев екі жыл бұрынғы азық-түлік бағасының өсуіне, сондай-ақ жоғары оқу орындарын басқару жүйесін демократияландыру, бюджетті бөлу және отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі университеттер ғылыми кеңестерінің өкілеттіктерін кеңейту туралы ұсыныстары бар депутаттық сауалдар жолдағанын еске салды.

«Осыдан тура екі жыл бұрын біз «сауда объектілерін қаржыландырудың айналым схемасын» қайта қарау қажеттілігін айт­тық. Себебі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны реттеу үшін оның тиімділігі төмен. Дегенмен осы ұсы­нысымызды қарау үшін, 2 жыл уақыт және жаңа Сауда министрінің келуі қажет болған сияқты. Ақырында жаңа ми­нистріміз сауда объектілерін қаржылан­дырудың осы айналым жүйесін өзгерту керектігін мойындап отыр», деді сенатор.

Мұрат Бақтиярұлы мектептерде орын саны жетіспейтініне назар аударып, мәселені шешу жолдарын ұсынды. 2025 жылға қарай мектепте 500 000 орын жетіспеуі мүмкін. Сенатордың айтуынша, қазір елімізде 7500 мектеп болса, оның 169-ы үш ауысымды, 5068-і екі ауысымды мектеп. Депутат мәселені шешу үшін, мектеп құрылысына тартылған инвесторларға жұмыс жағдайын жасау маңызды екеніне тоқталды.

«Ол үшін біріншіден, әлі де болса мемлекет тарапынан бала басына шаққандағы қаржыландырудың көлемін көбейту керек. Екіншіден, үлкен сыйымдылықты мек­теп салатын инвесторларға жерді тегін беріп, мектеп салатын жерлерге ком­му­никация жеткізу мәселесін шешу қажет. Үшіншіден, мектеп мәселесі түбе­гейлі шешілгенге дейін банктерден жеңіл­детілген несие берудің тетігін қарастыру қажет. Айтылған осы ұсыныстар инвес­тор­ларды ақылы түрде емес, тегін оқытатын мектептер салуға мүдделі ететіні сөзсіз», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, бүгінде елі­міздегі 378 жекеменшік мектепте 7900 мұғалім жұмыс істеп, 144 мың оқушы білім алады. Бірақ жан басына шаққандағы қар­жыландыру жүйесіне қарамастан, мемлекеттік және жекеменшік оқу орындары арасында кейбір құқықтық теңсіздікке жол берілген.

Ғұмар Дүйсембаев дизель отынының тапшылығына байланысты жыл сайынғы проблемаға тоқталды. Депутаттың айтуынша, бұған Батыс Қазақстан облысының ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Конденсат» АҚ жүктемесінің төмендігі себеп болып отыр. Ол К-5 экологиялық класты отын шығаруды қамтамасыз ететін Қазақстандағы жалғыз зауыт болып табылады. Әйтсе де 5 жылдан астам уақыт бойы кәсіпорын нарықта сұранысқа ие бензин мен дизель отынын қайта өңдеу және шығару үшін рентабельді шикізатқа қол жеткізе алмай келеді. Мәселе әр түрлі мемлекеттік деңгейлерде бір жылдан астам уақыт бойы қаралып келеді, бірақ нәтиже болмаған.

Сенатор Андрей Лукин депутаттық сауалында жерді пайдаланудың түйткілді мәселелеріне тоқталды. Депутаттың пікірінше Жер кодексіндегі жүйелі олқылықтардың қатарына заңсыз салық салу және шартты жер үлестерін жоғалту, үлескерлердің кәсіпорындардан шығуына кедергі жасау, үлестік дивидендтерді төлемеу немесе жасанды түрде төмен түсіру, үлескерлердің жерлерін заңсыз схемаларда пайдаланулар жатады. Оның айтуынша, елімізде 81 623 акционері бар 169 проблемалық кәсіпорын бар.

«Бұл ұйымдардың артында 4 мил­лион гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері тіркелген, оның 860 мың гектардан астамы қаржы ұйымдарына заңсыз кепілге қойылған, 800 мың гектарға жуығы үшінші тұлғалардың иелігіне берілген. Комитет ұсынатын уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар белсенділік танытпайды, кей жағдайда өздері проблема туғызып, үлескерлердің жерін үшінші тұлғаларға заңсыз беріп отыр», деді сенатор.

Динар Нөкетаева еліміздегі мұғалімдер бетпе-бет келіп отырған проблемаларды көтерді. Сенатор жаңа оқу жылынан бастап министрліктің шешімімен кейбір пәндер бойынша аудиторияда оқушылар топқа бөліну тоқтатылғанын атап өтті. Педагогикалық қауым мұндай жаңашылдықпен келіспеді. Жағдай бұқа­ралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланды, қоғамда қызу тал­қыланды. Осыған байланысты дене шы­нықтыру пәнінің мұғалімдері жоғарыда аталған шешімді қайта қарауды өтініп, ел Президентіне ашық хат жазуға мәжбүр болса, Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы бұл шешімге теріс көзқарасын білдірді.

Сағындық Лұқпанов арнайы эконо­ми­калық аймақтардағы өнеркәсіптік кешен­дердің құрылысына байланысты туын­даған проблемалық мәселелерге назар аударды.