Саясат • 09 Қыркүйек, 2022

Жолдау міндеттерін сараптады

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында Sarap клубының «Жолдау-2022: эксперттік пікір» атты отырысы өтті. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ-тың ұйытқы болуымен өткен отырысқа қоғамдық бірлестіктердің басшылары, саясаттанушылар, ҚҚДИ сарапшылары қатысып, елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Жолдау міндеттерін сараптады

Отырыста талқыланған негізгі тақырып – Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған, елімізде қордаланған мәселе­лерді шешу жолдары, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағыт­талған, мемлекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеуметтік қолдау шараларына қатысты жаңа міндеттер.

Іс-шара институттың Бағдарлама жобалары басқармасының аналитик-менеджері Олжас Бейсенбаев пен Стра­тегиялық талдау тобының жетек­шісі Ләзат Нұрқатованың модер­атор­лығымен өтті.

«Қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің ішкі саяси рефор­маларының орнықтылығы өте маңыз­ды мәселе. Президент Жол­дауын­дағы жаңа саяси практика, жаңа саяси дәстүр – «жариялылық» прин­ципіне үлкен көңіл бөліп отыр. Зерт­теушілердің жаз айларында жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, қазір қоғамда әлеуметтік-экономикалық мәселе­лер басым. Жолдауда да Мемлекет бас­шысының осы бағыттарға ерекше назар аударғанын көріп отырмыз», деген Олжас Бейсенбаев отырыстан ұтымды пікірлер мен маңызды ұсыныстар күтетіндігін айтты.

Жиында сөз алған Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов мемлекеттік аппараттың жұмысына тоқталып, Жолдаудың Әділетті Қазақстан құруға негізделгенін алға тартты. «Ең бірінші, жер мәселесін қарастыру керек. Мемлекет байлығының иесі халық болғандықтан, сол жерден шығатын мұнай мен газдың пайдасын халық көрмей отырғаны әділетсіздік. Екінші үлкен мәселе – құқық саласы. Осы саладағы түрлі әділетсіздіктердің салдарынан жемқорлық көп, ал құқық саласында әділеттілік орнамай елдің дамуы да жақсармайды», деді сарапшы.

Ал саясаттанушы Әділ Сайлаубек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының білім саласында қызмет істейтіндер үшін қуанышты жаңалық болғанын айтты. «Әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Ендігі кезекте осы жобаны, жалпы білім саласына қатысты өзгерістердің барлығын іске асыру сіз бен біздің қолымыз­да», деп мемлекеттің ұзақмерзімді дамуындағы ең перспективалы бағыты – білім саласы туралы сөз қозғады Ә.Сайлаубек.

Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Мұхит Асанбаев Жолдауда айтылған бағыттардың дұрыстығына тоқталып, қоғамдағы пікірталастың болуы саяси мәдениеттің қалыптасқа­нын көрсететіндігін айтса, Ләзат Нұр­қатова әрбір азамат мемлекет дамуын­дағы өз жауапкершілігін сезініп, сол жауапкершілікке сай әрекет етсе ел дамуында оң өзгерістер болатындығына сенім білдірді.

Amanat партиясы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын толыққанды іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекеттік қызмет жүйесі – қанша реформаласақ та бір жүйеге келмей жатқан күрделі бюрократиялық аппарат. Экономиканы реформалау үшін бізге кәсіби мемлекеттік қызмет жүйесі керек. Мемлекеттік басқару саласына да бәсекелестік қажет», деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Елдос Жұмағұлов.