Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2022

Жол үстіндегі қасірет

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзған 134 мың құ­қық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 99 мыңы өрес­кел құқық бұзушылық санатында. Адам өліміне әкеліп соқтыратын қауіп-қатердің көбеюі де осындай жауапсыздықтан туындауы әбден мүм­кін ғой.

Жол үстіндегі қасірет

Күні кеше ғана Көкшетау – Ру­заевка бағытындағы тас жолдың 30-ын­­шы шақырымында жол-көлік оқи­ғасы болып, екі адам опат болды, екі адам ауруханаға жеткізілді. Айдың-күннің аманында қаншама қайғы-қасірет?! Осыған дейінгі жол-көлік оқиғаларын сараптап қара­саңыз, шығасыға иесі басшы болатын, оқыс оқиғаға себепкер болып жатқандардың басым көп­шілігі жүргізушілердің өздері екен. Полиция қызметкерлері жол қоз­ғалысы ережелерінің өрескел бұзу­­шы­лықтарын анықтап, шара қол­дануда. Жол қозғалысы қауіпсіз­дігін жақсарту мақсатында облыс аумағында тұрақты түрде жедел алдын алу іс-шаралар жүргізілуде.

Таяуда «Қауіпсіз жол» республи­калық айлығы өткізілді. Айлық барысында 15 мыңға жуық жол қауіпсіздігі ережесін бұзған жүргізушілер әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында мас кү­йінде көлік жүргізгендер – 17, көлік жүр­гізу құқығы жоқ – 290, жүр­гізу құ­қы­ғынан айырылған 55 жүр­гізу­ші анық­талса, қозғалыс жылдамдығын шамадан асырып жіберген 7 110 дерек тіркелген. Міне, осындай жауап­сыз­дықтың салдарынан қара жолдың бойында қаншама қа­сі­рет­ті оқиға орын алып жатыр. Төбе шашыңды тік тұрғызатын апаттар туралы бұқаралық ақпарат құ­рал­да­рында үзбей жазылып, әлеу­меттік желілер арқылы тара­ты­лып жатса да, сақтануға салақ­ты­ғымыз-ай! Қа­рапайым ғана бір мысал келтіре кетелік. Кейде адам өмірінің аман қалуына әсер ететін қауіпсіздік белдіктерін тағуды ескере бермейміз. Белдік таққан талай жүргізушінің сұрапыл жол-көлік оқиғасында аман қалғанын естіп те, көріп те жүрміз. Айлық барысында қауіп­сіздік белдігін пайдалану ере­же­лерін бұзудың 2 606 оқиғасы тір­келген.

Қала көшелерінде көлік жүргізіп бара жатып телефонмен сөйле­се­тін­дер­дің де қатары селдіремей тұр. Мұны жаяу жүргіншілердің көбі көріп те жүр. Әсіресе жастар жағы осын­дай келеңсіз көрініске әуес. Айлық барысында көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлескен 1 746 жүргізуші анықталып, жол қоз­ға­лысы ережелерін бұзғаны үшін 395 көлік айып тұрағына жеткізілді.

Өткен демалыс күндері өткізілген рейд барысында небәрі екі тәулікте 632 жол қауіпсіздігі ережесін бұзу фактілері белгілі болды. Оның ішінде, өкі­нішке қарай, мас күйінде көлік жүр­гізген 27 жүргізуші бар. Апат айтып келмейді дегенімізбен, дәл осындай жағдайда бір қауіптің орын алатыны белгілі болып тұр емес пе?!

Жол инфрақұрылымдарын жетіл­діру және жол қозғалысының қауіп­сіз­дігін жақсарту мақсатында облыс­тық әкімшілік полиция басқар­масы жол және коммуналдық қызмет өкіл­дерімен бірлесе отырып, жолдар мен жол құрылыстарына 562 тек­­серу жүргізді. Балалар мен жас­өспірімдер жиі жүретін оқу орын­дарының маңы басты назарға алынып, қосымша 188 жол белгілері қойылды. Коммуналдық қызмет ме­ке­мелеріне жол бойында орын алып отырған кемшіліктерді жоюға 562 ұйғарым берілді. Міне, осылайша, жол бойындағы қауіпсіздікті сақ­тауға байланысты жұмыс жүр­гізіліп отыр. Қалай болған күнде де жүр­гізушілердің өзі абай болғаны жөн.

 

Ақмола облысы