Бас прокуратура ұсынған ресми деректерге сүйенсек, өткен жылдан бері елімізде кәсіпкерлерге қатысты қозғалған 1,5 мыңға жуық қылмыстық іс тоқтатылған екен. Ал қылмыстық іс кезінде олардың кеңселерінде 2 мың тінту мен алу жүргізіліп, 60 кәсіпкердің мүлкі тәркіленген.
Прокурорлар жекелеген тергеу органдарының, яғни тергеушілердің қорытындылары негізінде бизнеске қарсы іс қозғау практикасының кеңінен қолданғанын анықтап отыр. Соның салдарынан қылмыстық орбитаға жүздеген кәсіпкер тартылған.
Бұл ретте мамандардың тұжырымдары жеткілікті мәліметтермен бекітілмегенін және де сот сарапшылары тарапынан жиі теріске шығарылғанын да айта кеткен жөн. Осыған байланысты, адал бизнесті қылмыстық орбитаға тарту фактілерін азайту мақсатында Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттері мен шешімдерінің жолына жедел тосқауыл қою үшін қосымша шаралар әзірледі.
Атап айтқанда, Бас прокурор Берік Асылов барлық қылмыстық қудалау органдарына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін қатаң регламенттейтін нұсқау жолдады. Нұсқауға сәйкес енді азаматтық-құқықтық сипаттағы арыздар мен хабарламаларды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеуге тікелей тыйым салынды.
Жаңа талап ретінде тексеріс, ревизия немесе аудит актілеріне шағым жасау мерзімдерінің қолданылу кезеңінде кәсіпкерлік субъектісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеуге тыйым салу қағидаты енгізілді. Сондай-ақ кәсіпкердің қаражатты үнемдеу нәтижесінде пайда табу фактілері, егер бұл орындалған жұмыстың сапасына теріс әсер етпесе, тергеп-тексеруге жатпайды. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік компаниялардың тендерлері бойынша жұмыстарға қатысты.
Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарына криминалист мамандардың ресми қорытындыларын тергеуді бастауға негіз ретінде пайдаланбау тапсырылды. Мұндай жағдайларда келтірілген залал туралы мәліметтер қылмыстық қудалау органдарына растаушы құжаттарға негізделген және бұзылған құқықтың нормаларын көрсететін мемлекеттік органдар мамандарының қорытындыларымен бекітілуге тиіс.
Прокурорларға бір тәулік ішінде әрбір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын тексеру және осы кезеңде бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтату тапсырылды. Бұдан бөлек, прокурорлар тұрақты түрде бизнес субъектісіне қатысты жасырын тергеу әрекеттеріне бастамашылық жасаудың және оларды жүргізудің, сондай-ақ мүлікке билік етуге уақытша шектеулер қоюдың негізділігін дереу тексеруге міндетті.
Егер заңдылықтың бұзылғаны анықталса, прокурорлар заңсыз шешімдердің күшін жоюдан басқа, барлық кінәлі лауазымды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да мәселе қоя алады.