Медицина • 09 Қыркүйек, 2022

Елімізде 4542 ауыл дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілген

196 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мемлекет басшысының Жолдауда тоқталған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шаралары жөнінде баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде 4542 ауыл дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілген

Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында таяудағы екі жыл ішінде шалғайдағы елді мекендерді қоса алғанда барлық ауылды медициналық инфрақұрылыммен қамту, аудандық ауруханаларды көпбейінді медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту, арнаулы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауыл жұртын скринингпен қамту, ауылдағы медициналық ұйымдар базасында дәріхана пункттерін ашу, кадр мәселесі және ауылдағы медициналық көмекті дамытуға бағытталған басқа да мәселелерді шешу қарастырылған.

Министр Ұлттық жобада кадрлық тапшылықты еңсеру үшін бірнеше шаралар кешені қарастырылғанын  атап өтті. Ауылдық медұйымдарға медицина мамандарын тарту бойынша қолданыста болған тиімді шаралар кешені жалғасын табады. Нақтырақ айтқанда, олар: мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен медициналық мамандықтар бойынша білім алған жастар үш жыл міндетті жұмыс мерзімін өтеу туралы 2019 жылы күшіне енген норма, 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу және 1500 АЕК мөлшерінде баспаналы болуға бөлінетін бюджеттік несие.

Сондай-ақ ауылдық жерге, аудандық немесе облыстық маңызы бар қалаларға жолдамамен жіберілген медицина және фармацевтика мамандарын жергілікті атқарушы органның бюджеті есебінен әлеуметтік қолдау шараларымен қарастырылатыны айтылды. Өңірлік әкімдіктер жас  мамандарға баспана бөлу бойынша жұмысты жалғастырады.

«Осының нәтижесінде 2020-2021 жылы ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарына 1322 түлек жұмысқа орналасты, ол жұмысқа тартылғандардың 94%-ын құрайды», деді ведомство басшысы.

Жиында Президенттің ауыл халқы үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы бойынша ақпарат берілді.

Ажар Ғиният биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілгенін еске салды. Жаңа нормативке сәйкес халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық көмекті  медицина қызметкері үйде қамтамасыз етуі тиіс. Бұрын ауылдарда мұндай мүмкіндік болмаған.

Сондай-ақ халық саны 50-ден 500 адамға дейінгі  елді мекендерде медициналық пункт, ал халық саны 500-ден 1500 адамға дейінгі ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Халық  саны 1500-ден 5000 адамға дейінгі елді мекендерде  дәрігерлік амбулаторийлер, 5000-нан астам халқы бар ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары пайда болады.

Айта кетсек, Ұлттық жоба аясында алдағы екі жылда 650 МСАК объектісінің құрылысы жоспарланып отыр.

«Жаңа объектілерді салу нәтижесінде шамамен 1 млн ауыл халқы алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қосымша қамтылады, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, оның ішінде профилактикалық тексерулер, скрининг, ерте анықтау қолжетімділігі артады, ауыл халқына уақытылы медициналық көмек көрсетуге, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік туады. Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау шеңберінде 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңарту жұмысы жүргізіледі, оның ішінде қолданыстағы 12 нысан жаңартылады және жаңадан 20 аурухана салынады», деді министр брифинг барысында.

Көпбейінді орталық аудандық ауруханалардың инфрақұрылымы да жақсарады. Мәселен, қазіргі заманғы медициналық жабдықтары бар кардиологиялық және инсульт орталықтарын, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия, триаж жүйесі бар қабылдау бөлмелерін ұйымдастыру қарастырылған. Аурханалар КТ, МРТ, ангиографтармен, сараптамалық кластағы Ультра дыбыстық зерттеу, эндоскопиялық, реанимациялық жабдықтармен жарақтандырылады.

«Осы іс-шараларды  табысты іске асыру ауыл халқына инфаркт, инсульт, жарақат алу және басқа жағдайларда «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсетуге, қан айналымы жүйесі ауруларының өлім-жітімін 20%-ға төмендетуге, 4 млн астам ауыл халқын ірі қалаларға бармай-ақ сапалы, әрі жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге ықпал етеді», делінген министрлік ақпаратында.

Қазіргі уақытта 4542 ауыл дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілген, тағы 1145 ауылды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Осы жылдың соңғы 2 ай аралығында ауылдық елді мекендердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек жанындағы 8 дәріхана пунктінің 59 дәріханасына лицензиялар және оған қосымшалар берілді.

Министрдің айтуынша, ауыл халқына скринингтің жетіспейтіндігін ескере отырып, 18 жастан бастап жаңа нысаналы топтарды анықтау арқылы ауыл халқын қамтуды ұлғайту тәсілдері қайта қаралды.

«Бұрын жастар скринингтік тексерулерден тыс қалатын, ол тек 30 бен 70 аралығындағы адамдарға жүргізілген. Енді Ауылдық жерлерде профилактикалық тексеру жүргізу үшін нысаналы топтар айқындалды. Олар: «Балалар» - туған кезден бастап 18 жасқа дейін, «Жастар» - 18-ден 29 жасқа дейін, «Еңбек-1» - 30-дан 44 жасқа дейін, «Еңбек-2» - 45-тен 65 жасқа дейін және «Зейнеткер» - 66 жастан асқандар», деп нақтылады ведомство басшысы.

Айта кетсек, қыркүйек айының ортасынан бастап ауыл халқына скрининг жасау бойынша пилоттық жоба Қарағанды (Абай ауданының орталық аудандық аурухана), Ақмола (Аршалы орталық аудандық аурухана) және Алматы (Еңбекшіқазақ орталық аудандық аурухана) облыстарында іске қосылады. Аталған жоба барлық өңірлерде кезең-кезеңмен енгізіледі.

«Сақтандыру жүйесіне тоқталатын болсақ, сақтандырылмаған азаматтарды жүйеге қосу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға 12 айға алдын ала (36 мың теңге) төлем жасау жолымен норма  енгізілді. Осылайша, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек жарналарды төленген сәттен бастап қолжетімді болады», деп қосты Ажар Ғиният.

Бұл норма  2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Жаңа төлем механизмін сақтандырылмаған халықтың 30%-ға жуығы қолданады деп күтілуде. Сонымен қатар борышы жоқ дербес төлеушілер үшін МӘМС-ке ай сайын жарна төлеу құқығы сақталады.