15 Мамыр, 2014

Әлеуметтің әлеуетін әрлендіретін әрі нәрлендіретін ұйым

417 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

жұмысын ұдайы ширатып, қалың бұқараның қам-қарекетін шешу жолында

Конколевский-3Дөңгеленген дүниедегі барша халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Әркімнің көкейін тескен түйткілді шешу халықаралық деңгейге көтеріліп, түрлі жолдары іздестірілу үстінде. Бұл орайда атқарылған ауқымды істер де жеткілікті. Сондықтан да мәселенің мәнісіне қанығу мақсатында Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст КОНКОЛЕВСКИМЕН жүздесудің жөні келіп, әңгімелесудің сәті түсті. – Құрметті Конколевски мырза, сіз 2005 жылдан бері Халықаралық әлеуметтік қам­сыз­дандыру қауым­дастығы (ХӘҚҚ) бас хатшысы қызметін дәйек­тілікпен атқарып келесіз. Ендеше, осы кезең ішінде іске асырылған қауымдастықтың негізгі мақсаттары мен міндеттері және ағымдағы басымдықтары туралы баяндап берсеңіз? – Әрине, мен басшылық жасайтын ХӘҚҚ – әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен шұғылданатын, ұлттық әкімшіліктер мен агенттіктерді бірік­тіретін халықаралық жетекші ұйым. Оның негізі 1927 жылы қаланып, уақыт өте беделді халықаралық мекеменің бірі болып қалыптасты. Қазіргі кезде қауымдастықтың құрамына әлемнің 159 елінен 340-тан астам қатысушы кіреді, оның ішінде Қазақстан Республикасынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және Зейнетақы төлеу жөніндегі мем­лекеттік орталық бар. Ал негізгі мақсатымыз – әлеу­мет­тік әділеттілік арқауында халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты жағ­даятты жақсартып әлем елдерінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру мен дамытуға саяды. Бұл барлық өңірлердегі әлеуметтік қамсыздандырудың аясын кеңейтуді қолдауға және одан әрі дамытуға бағытталған жалпы жұмысымыздың негізі. Біз ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет ететін, тиімді әрі қолданыста болатын әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қабылдау үшін әкімшілендіру саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибелерді қолдануға ерекше назар аударамыз. Қауымдастық «Қарқынды әлеу­меттік қамсыздандыру» деп аталатын жаһандық деңгейдегі жаңа тұжы­рымдаманы әзірлеп жүзеге асыру үстінде. Бұған әлеу­меттік қорғауды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік қатерлердің алдын алуды көтермелейтін, әлеуметтік төлем алушылардың құқықтарының сақталуын қолдайтын, яғни бүкіл әлемнің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын қолжетімді және тұрақты қамсыздандыру жүйесін дамытудың белсенді инновациялық тәсілдері кіреді. Әлеуметтік қамсыздандырудың қарқынды бағдарламалары ой­дағыдай әрекет етуі әкімшілендіруді дұрыс жүргізуге байланысты бо­латындықтан, біз таяуда әлеу­мет­тік қамсыздандырудың әкім­ші­лері үшін халықаралық деңгейде танылған бірқатар кәсіби басқару нұсқаулығын түзіп жарияладық. – Өте орынды іс екен. Дегенмен, қазіргі әлеуметтік қамсыздандыру дегеніміз не? Міне, осы мәселенің түйінін тарқатсаңыз. – Адамзат тарихының барлық кезеңінде адамдарды әлеуметтік қорғау басты мәселелердің бірі болып келеді, бола береді де. Отбасылық көмектен қоғамдық ынтымақтастыққа дейін жалғасқан мұндай эволюция адамзаттың белгілі бір жетістіктерге жетуі үшін аз еңбектенбегенін көрсетеді. Бүгінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі заманауи қоғамның ажырамас бөлігіне айналғаны ақиқат. Кәсіби тілмен түйіндесек, әлеу­меттік қамсыздандыру – адамдар­дың күтпе­ген оқиғаларға (әлеуметтік қатер­лерден) асыраушысынан айырылуы, еңбекке қабілетсіздігі, өндірістік жара­қаттар, мүгедектік, кәрілік немесе жұмыссыздыққа ұшыраған жағдайында нақты бір табыс деңгейіне кепілдік беретін, заңмен белгіленген әлеуметтік қорғау бағдарламасы. Сонымен бірге, әлеуметтік қамсыздандыруға ананы, балалы отбасыларды қорғау және медициналық қызмет көрсету де кіреді. Егер кең ауқымды түрде айтатын болсақ, ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыздандыруды қоғамның мүшесі ретіндегі адамның негізге алынатын құқығы және БҰҰ «Адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей декларациясының» 22-бабымен бекітілген өткен ғасырдағы әлемдік әлеу­меттік жетістіктердің бірі деп есептейді. Тәжірибе жүзінде әлеуметтік қамсыз­дандыру жүйесінің түрлері мен мін­деттері әлем бойынша біршама өзгеріп тұрады, тарихи, экономикалық және мәдени тиянақтылыққа, әр елдің саяси таңдауына байланысты болады. Әйтседе, әлеуметтік қамсыздандыру барлық өңірлерде де даму үстінде және адамдар әрбір мемлекеттің құрылымы мен ресурстарына сәйкес ұлттық әлеу­меттік қорғау жүйесінен қолдау алады. – Олай болса, бүгінгі күнгі әлеу­мет­тік қамсыздандырудың рөлі қандай және оның алдында қандай мәселелер тұр? – Табыс алуға кепілдіктермен қоса, қазіргі заманғы әлеуметтік қамсыз­дандыру адамдардың ден­саулығын қорғауды, қатерлердің алдын алуды инвестициялайды, жұмысқа тұруға және адам­дар­дың мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі. Бұған қоса әлеумет­тік қамсыздандыру жүйесі эконо­миканың негізгі бір бөлігін де білдіреді: мысалы, ЭЫДҰ елдерінде мемлекеттік әлеуметтік шығындар орта есеппен ІЖӨ-нің 22 пайызын құрайды және бұл сан одан әрі артуда. Бірақ, біз әлеуметтік қамсыздандыруды тек шығын деп қарастырмауымыз керек, керісінше әлеуметтік қорғауға жұмсалатын бұл шығындар адам капиталы мен елдің дамуына инвестиция ретінде есептеледі, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы мен экономикалық дамудың басты факторлары болып табылады. ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыз­дан­дырумен тығыз байланыста жұмыс істеу эконо­микалық өсімнің катализаторы ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманғы қоғамдағы көптеген салаларға қатысты инно­вацияның көзіне айналатын озық тәжірибелерді де жинақтады. Әлбетте, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру жеке-дара жұмыс істей алмайды. Өйт­кені, сыртқы факторларға байланысты болады, сондықтан ол негізінен жа­һандық экономикалық және әлеумет­тік тенденцияларға қатысты мәсе­лелермен үнемі түйісетіні рас. Мәсе­лен, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі­мен тығыз қатынастағы еңбек нары­ғы өзге­ріске ұшырап отырады. Кейбір өңірлерде кейінгі жылдары формаль­ды емес секторда жұмыс жасай­тын халықтың үлесінің артуы бай­қа­лу­да. Көптеген елдер үшін әсіресе, эко­но­ми­калық және қаржылық дағда­рыс салдарынан жастар жұмыс­сыз­ды­ғы бас­ты мәселе болып отыр. Бұл жағ­дай болашақта одан әрі ушығуы мүмкін. Келесі мәселе денсаулық сақтау саласындағы жаңа түйткілдерге тіреледі. Халықтың өмір сүру салтының өзгеруіне орай қант диабеті, жүрек-қан тамырлары дерті тәрізді жұқпалы емес аурулардың көбеюінен денсаулық сақтау жүйесі мен мүгедектерді қамтамасыз ету жүйелеріне талаптар артуда. Барлық өңірлерге тән аса ма­ңызды сыртқы проблемалар халық­тың қартаюы, туудың төмендеуі және отбасы құрамының өзгеруі сияқ­ты ұзақ мер­зімді демографиялық тенден­цияларға да тәуелді болуы мүмкін. Өмір сүру ұзақтығының жақсаруы мен медициналық қызмет көрсетуді жетілдірудің тығыз байланысы зей­нет­ақы мен жәрдемақыны тұрақ­ты қаржыландыруға қатысты күрделі мәселелерді қозғайды. Әлеуметтік қамсыздандыруға әсер ететін, оның ішінде дауыл, су басу, цунами сияқты табиғат апаттарына және техногендік апаттардан туын­дайтын басқа да мәселелер бар. Мысалы, бес миллионға жуық адамның тағдырына, оның ішінде Беларусь, Ресей және Украина ел­деріне орасан залал келтіріп, меди­циналық, экологиялық, әлеу­меттік-экономикалық мәселелерді қозғаған 1986 жылғы Чер­но­быль апаты. Нәтижесінде, бұл елдерде заңды түрде қосымша әлеуметтік және зейнеттік қолдау бағдарламалары өмір белесіне шықты. Аталмыш бағдар­лама­лардың негізгі әкімшілері әлеуметтік қамсыздандыру органдары болып табылады. Қазақстан да кеңестік кезең кезіндегі ядролық сынақтардан зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау көрсетіп отырғанын мен жақсы білемін. Қаржылық-экономика­лық дағ­да­рыс әлемдегі бүкіл халық үшін бұрын болып көрмеген қиын­шылықтар туғызды, әлеуметтік қамсыздандыруға көптеген ауыртпалықтар әкелді. Бұл жағдай әлеу­меттік қамсыздандыру әкім­шілігінен аза­маттарға жеңілдіктер мен қызметтер көрсетуде үнемі дамуды, басқаруды жақ­сар­ту мен жаңартуды және ақпараттық тех­нологияларды тиімді пайдалану мен бас­қару тәсілдерін жаңғыртуды талап етеді. – Қазақстанда да әлеуметтік қорғау жүйесі құрылуда. Біз­дің еліміздегі әлеуметтік қам­сыз­дандыруды сіз қалай бағалайсыз және қандай халықаралық тә­жірибелерді бізде қолданған жөн деп пайымдайсыз? – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, бұдан 23 жыл бұрын ТМД елдерінің ұлттық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелері реформаның қиын кезеңдерін басынан өткерді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елде­рі ішінде құрамына әлеуметтік қамсыз­дандырудың жеке шоттарымен міндетті жинақтаушы зей­нетақы жүйесі мен барлық халықты әлеуметтік қорғау шаралары кіретін бірегей моделі бар өңірлік көш­басшыға айналды. Мұндай тәжі­ри­бені ХӘҚҚ көптеген мүше-елдерінің де алғаны дұрыс деп ойлаймын. Егер сіздердегі жүйенің қалыпта­суына келетін болсақ, онда ең алдымен біз 1998 жылы енгізілген жеке басқарудағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін еске аламыз. Көптеген сарап­шылардың пікірінше, мұндай реформа мемлекет барлығына жауап берген кеңестік патерналистік модельден, адам бірқатар әлеуметтік тәуекелдерге жеке өзі міндетті және толықтай жауапты болатын жүйеге бірден өтуді білдірді. Соған қарамастан, бірнеше жылдан кейін, халықты әлеуметтік қамсыздандыруды қаржылық нарықтың талқысына салып қоюға болмайтыны түсінікті болды. Сөйтіп, осыдан он жыл бұ­рын­ ха­­­­­лық­тың аса әлсіз тобы­ның әлеу­мет­тік қор­ғалуына кепіл­дік­ті арт­ты­ру мақ­са­тында мүге­дек­тікті, асы­­­раушысы­нан айыры­лу­ын, жұ­мыс­­­сыздықты және ана­лық­ты қор­ғай­­­тын ­Қа­зақстан­ның Мем­лекет­тік әлеуметтік сақ­тан­дыру қоры құ­рыл­ды. Менің есімде, әлеуметтік қам­сыз­дандыруда мемлекеттің рөлі арттырылатын, міндетті әлеуметтік сақтандырудың енгізілуіне байланысты 2004 жылы осы маңызды реформаны ХӘҚҚ қолдаған болатын. ХӘҚҚ мүше ұйымдар, әсіресе Латын Америкасы осы және басқа да тәжірибелерді зерттей келе өзде­рі­нің ұлттық бағдарламаларында ынты­мақтастық қағидатын нығайта бастады. Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Үкіметін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының құрыл­ғанына 10 жыл толуымен, Қор президенті Алмас Мұхаметкәрімұлы Құрмановты біздің қауымдастықтың басшы органы – ХӘҚҚ Бюро мүшесі болып сайлануымен шын ниеттен құт­тықтаймын. Сондай-ақ, сіздер­дің ел­дегі зерттеулер мен жетіл­дірі­лу­лер де қазіргі заманғы әлеуметтік қам­сыздандыруға өз пайдасын тигізді. Жоғарыда атап өткенім­дей, ХӘҚҚ қарқынды әлеу­мет­тік қам­сыздандыру тұжы­рым­дама­сы­ның маңызды компо­ненттері алдын алу және сақтандырудың проактивті тәсіліне негізделеді. Және де әсіресе, Қазақстан денсаулықты сақтау үшін алдын алу шараларын бағалайтын халықаралық алаң ретінде таныл­ды. Мұны мен денсаулық қорғау бағдарламасын дамытуға және нығайтуға үндейтін 1978 жылғы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматы декларация­сына сүйеніп айтып отырмын. Дек­ларация аурудың алдын алу қағидатына негізделген алғашқы денсаулық сақтаудың маңыз­дылығын нақтылайтын бірінші халықаралық міндеттеме болды. Мен бұл қағидатты әлеуметтік қам­сыздандырудың барлық саласында да маңызды деп есептеймін. Қазақстан үшін әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға қатысты менің кеңесіме келетін болсақ, сіз­дерге өзара көмек қоғамдарының халық­аралық тәжірибелеріне назар аударғандарыңыз жөн дер едім. Бұл бағдарламалар еңбек-мигранттары, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, үй және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері сияқты халықтың қиын топтарын қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде өзара көмек қоғамы әсіресе, Батыс Еуропа елдерінде ойдағыдай қызмет жасауда, сонымен қатар Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде ең алдымен, денсаулықты сақтаудың қосымша бағдарламасын ұсынудың қарқынды құралы ретінде қолданылуда. Мен білім беру бағдарламалары арқылы да ерте жастан әлеуметтік қамсыздандыру мәдениетін қалып­тас­тыруды ынталандыруға көңіл бөлуге назар аударуды ұсынар едім. Бұл әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­ле­ріне тұрақтылық беретін еңбек қызметі кезінде жауапкершілікті ынталандырудың және саламатты өмір салтын қалыптастырудың тиімді тәсілі. Кейбір алдыңғы қа­тар­лы озық тәжірибелерді Уруг­вай­дан және Канададан алуға болады. – Бас хатшы мырза, енді соңғы сұрақ қоюға мархабат етсеңіз, 2013 жылдың аяғында ХӘҚҚ Катардағы Доха қаласында Әлеу­меттік қамсыз­дандырудың Бүкіл­әлемдік (ӘҚБФ) үшінші форумын өткізді. Осы ірі шараның әлемдік қауымдастыққа қандай басты «жолдауы» болды? – ӘҚБФ әлеуметтік қамсыз­дан­дыру үшін және ХӘҚҚ үшін де ерекше оқиға еді және осы форумдағы екі негізгі қорытындыны атап өткім келіп отыр. Форумның басты және әсерлі сәті ол әлеуметтік қамсыздандырудағы басқару стандарттарын арттыру бойынша ХӘҚҚ орталығын ашу – жұмыс өнімділігі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға жағдай жасау жөнінде бірқатар қосымша қызметтермен бірге кәсіби стандарттарды ұсыну біздің ірі стратегиялық бастамамыз болды. Форумда тиімді әлеуметтік қам­сыз­дандыру үшін негіз ретін­де сапалы әкімшілендірудің маңыз­ды­лығы аталды және ХӘҚҚ барлық елдердегі әлеуметтік қамсыз­дан­ды­руды жетілдіруді және дамытуды ұсы­натын кәсіби мамандар қауым­дастығы екенін тағы да дәлелдеді. Ең бастысы, форум барлық адамдарды тепе-тең әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету қажеттігі туралы және алдын алу, мадақтау мен ынталандыру негізінде әлеу­меттік қамсыздандыру туралы артып келе жатқан саяси келісім жағдайында әлеуметтік қорғаудың түрлері мен міндеттерін қозғайтын «парадигмалар қозғалысы» атанды. Сондай-ақ, форум әлеуметтік қамсыздандырудың елдің экономикасына ауыртпалық емес, керісінше адам капиталын инвестициялау екендігіне көз жеткізеді. Форумға қатысушылар барлық адамдар үшін тиісінше әлеуметтік қамсыздандыру жасамай заманауи қоғам құру мүмкін еместігін тағы да дәлелдеді. Әлеуметтік қамсыздандыру бағдар­ламаларында өзгерістер болуы да мүмкін. Көптеген елдерде экономикалық дағдарыс әлеуметтік қорғау түрлерінің қысқаруына және қайта құрылуына әкеліп соқтыруда, тұтастай алғанда тарихта әлеуметтік қамсыздандырудың кең ауқымды қанат жаюы байқалады. Миллиондаған адамдар, Бразилияда, Қытайда, Оңтүстік Африкада және Үндістанда және тағы да басқа экономикасы дамушы елдерде зейнетақыға, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандырудың басқа да базалық түрлеріне қол жеткізуде. Форум осы күрделі де ауыспалы жағдайды көрсетті, бірақ мен сіздермен бөліскелі отырған басты жолдау – бұл нақты оптимизмнің жолдауы, бүгінде әлеуметтік қамсыздандырудың әкімшілері халыққа, қоғамға және экономикаға сіңірген өз еңбектерінің нәтижесін көріп қана қоймай, оларға әсер ете алатындықтарын да көрсетті. Бізге қазіргі және болашақ ұрпақ үшін әлеуметтік қамсыздандыруды дамытуға және жетілдіруге ұмтылу қажет. Иә, үнемі әлеуметтің әлеуетін әрлендіретін әрі нәрлендіретін ұйым болып қалуымыз керек. Сонда ғана алдымызға қойған мақсат-мін­детімізді абыроймен атқарып жүрміз деп нық сеніммен айта аламыз. – Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».