Спорт • 11 Қыркүйек, 2022

Әлемдегі бай боксшылар

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

The Richest сайтында әлемнің ең бақуатты кәсіпқой боксшыларының тізімі жарияланды. Үздік ондықтың тізіміне Қазақстанның ең атақты спортшысы Геннадий Головкин енбей қалған екен.

Әлемдегі бай боксшылар

Дәулеті тасыған боксшылар көшін Флойд Мейвезер бас­тап тұр. 45 жастағы АҚШ-тың арланы 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қола медальды иеленгеннен кейін кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буды. Сол аралықта өткізген 50 бәсекенің барлығында жеңіске жетіп, 27 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бірнеше салмақ дәрежесі және бірнеше белді нұсқа бойынша чемпиондық белбеуді иеленген Мейвезер ХХІ ғасырдың ең үздік боксшысы деп танылды. Оның әр жекпе-жектен түскен табысы өзге спортшылардың түсіне де кірген емес. Бүгінгі таңда Флойд 450 миллион АҚШ долларына иелік етіп отыр.

Екінші орында – Джордж Форман. Кәсіпқой рингтегі карьерасын америкалық алып со­нау 1969 жылы бастады. Ол кез­де Джордж жұлқынып тұрған 20 жаста еді. Ал соңғы жекпе-жегін 48 жасында өткізді. 1997 жылдың күзінде «шау тартқан» ар­дагер боксшы 26 жастағы отандасы Шеннон Бригске ұпай санымен есе жіберді. Бірақ Форман сол сәтсіздікке бола қайғы-мұңға салынған жоқ. Ол рингте жеңіліс тап­қанымен, материалдық тұр­ғыдан мол олжаға кенелді. Ке­зінде Мұхаммед Әли, Джо Фрей­зер, Эвандер Холлифилд, Майкл Мурер сынды аттары аңызға ай­налған азаматтармен айқасқан «Дәу Джордждың» табысы – 300 мил­лион доллар.

Үздік үштікті Мэнни Пакьяо түйіндеп тұр. Филиппиннің мақтанышы әрі атымтай жомарт атанған әйгілі былғары қолғап шебері 220 миллионды еншілеп отыр. Сондай-ақ ТОП-10 бақуаттылардың тізіміне мына бокс­шылар енді: Оскар Де Ла Хойя (200 миллион), Сауль Аль­варес (180 миллион), Леннокс Льюис (150 миллион), Шугар Рэй Леонард (120 миллион), Вла­димир Кличко (90 миллио­н), Энтони Джошуа (80 миллион) және Виталий Кличко (80 миллион).