Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2022

605 шақырым жол жөнделеді

242 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біраз жыл бұрын өңірде «Жол жылы» жарияланған кезде көне шаһар Тараздың жолдары біраз жаңаланып қалған еді. Одан бөлек шалғай аудандардағы елді мекен жолдары да айтарлықтай реттелген болатын. Енді, міне, Жамбыл өңірінде түрлі дәрежедегі жолдарды жөндеу жұмыстары жаңа қарқынмен қолға алынбақ. Өйткені өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің өзі саладағы жұмыстарды ширатуды шегелеп тапсырып отыр.

605 шақырым жол жөнделеді

Өңірдегі автомобиль жолдарының са­пасы қандай? Бүгінге дейін өңірде қандай жұмыстар атқарылды? Қолға алын­ған жұмыстар қандай нәтиже берді? Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасының бас­шысы Бақытжан Жәнібековке осы сауалдарды қойған едік.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі 10 038 шақырым жолдың 4 376 шақырымы автомобиль жолдары болса, 5 662 шақырым елді мекен көшелерінің желісіне тиесілі екен. Алдағы күндері осы жол бөліктерін жөндеу, жаңа жол салу мәселелері назардан тыс қалмақ емес.

«Өңіріміз бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1 198, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 1 756, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 1 383 шақырымды құрайды.

Жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағ­да­йын жақсарту мақсатында Ин­дус­трия және инфрақұрылымды дамы­ту министрлігімен 2022 жылы рес­пуб­ли­ка­лық және жергілікті бюджеттерден бірлесіп қаржыландыру тәжірибесін жалғастыру арқылы жалпы 16,2 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 8,3 млрд теңге республикалық, 7,9 млрд теңге жергілікті бюджеттерден қаралды. Бө­лінген қаржы есебінен 9,4 шақырым жолды қайта жаңғырту және 605,2 ша­қы­рым жолды орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл санатқа облыстық маңызы бар автожолдардан 194,1, аудан­дық маңызы бар 53,6, елді мекен көше­ле­рі­нің 357,5 шақырымы енгізілді», дейді Бақытжан Жәнібеков.

Жауапты басқарма басшысының сө­зі­не сүйенсек, өңірдегі жолдарды қал­пы­на келтіру бойынша ұзын-ырғасы 252 жоба қолға алыныпты. Оның ішінде 28 жоба (194,1) «Нұрлы жол», 77 жоба (169 шақырым) «Ауыл – ел бесігі», 2 жоба (9,4 шақырым) «Өңірлерді дамыту-2025» бағдарламасы аясында жүзеге асса, 145 жоба жергілікті бюджеттер ар­қы­лы шешімін таппақ.

«Басқарманың 3 жылдық жоспарына келер болсақ, 2025 жылға дейін Amanat партиясының сайлауалды плат­­фор­масының бекітілген іс-шаралар жос­парына және облыстың даму жос­пары­на сәйкес, 621 шақырымды құ­рай­тын жер­гілікті маңыздағы автожолдарды орта жөндеуден өткізіп, қанағаттанарлық дең­гейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отырғанын айта кеткен ләзім. Оның ішін­де 414 шақырым облыстық мәні бар, 207 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдары санатында. Жыл­дар бөлінісі бойынша 2023 жылы 98 пайыз межені бағындыру үшін 203 шақырым (25 жоба), 2024 жылы 99,5 пайызды қамту үшін 238 шақырым (24 жоба), 2025 жылы 100 пайыз межеге қол жеткізу үшін 180 шақырым (16 жоба) орындайтын боламыз.

Біздегі өзекті мәселе – автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы. Мұндай ол­қы­лықтардың барлығы да рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асып кететін жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен орын алып отыр.

Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жү­руінен жергілікті маңызы бар авто­жол­дардың бұзылуына жол бермеу мақсатында Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес, облыс жолдарында кезекшіліктер ұйым­дас­ты­рылып, тексерулер жүргізіліп жатыр. 2022 жылдың 7 айында жылжымалы көліктік бақылау посттарында 69 әкімшілік хаттама толтырылып, 4,0 млн теңге айыппұл салынып өндірілді», дей­ді басқарма басшысы жағдайды түсіндіріп.

Б.Жәнібековтің айтуынша, күре жол бойындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында ауқымды жұмыс қолға алынбақ. Деректерге сүйенсек, осы жылдың алты айында 709 жол-көлік оқи­ғалары тіркелген. Салдарынан 128 азамат бақилық болып, 1 112 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған болатын. Көлік жүргізушілердің басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарама-қарсы қозғалыс жолағына өтуі салдарының соңы қайғылы жағдайларға әкеп отыр.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында осы жылы «Көр­кем­телеком» ЖШС бастамасымен облыс орталығында құқық бұзушы­лық­тардың алдын алу үшін «Тараз қаласындағы зият­керлік қауіпсіздік жүйесі және жол трафигін талдау» сергек мемлекет-же­кеменшік әріптестігі жобасы іске асырылуда. Аталған жоба жол бойындағы оқыс оқиғаларды азайтуға барынша ықпал ететініне күмәніміз жоқ.

Жобаны іске асыру кезеңі 2022-2027 жылдарды қамтиды. Жалпы құны – 5 млрд 230 млн 430 мың теңгені құрайды. Жоспар бойынша Тараз қаласында 35 желілік учаскедегі аппараттық-бағдар­ла­малық кешен, 450 нысанға 1 250 жалпы бейнебақылау камералары, деректерді өңдеу және талдау орталығы: серверлер, деректерді сақтау жүйесі; ком­му­та­циялық және бағыттаушы жаб­дық, 13 қиылысқа аппараттық-бағдарламалық кешен орналастырылмақ.

Бүгінде мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі шартымен бекітілген адрестік бағ­дарламаға сәйкес, 130 нысанда 413 дана жалпы бейнебақылау камерасы орнатылып, оның 165 данасы іске қо­сылды. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтау қыркүйек айына жоспарланған. Сондай-ақ жүйені то­лық іске қосқаннан кейін ҰҚК Мем­лекеттік техникалық қызметінің ақпа­рат­тық қауіпсіздік жүйесінің талаптарына сәйкестік рәсімдері жүргізіліп, оң қорытындысы алынған соң, 2022 жылдың желтоқсанында нысанды пайдалану көзделуде.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысы По­лиция департаменті тарапынан респуб­ли­калық маңызы бар автомобиль жолдарында жылдамдықты шектеу камераларын орнату адресі бекітіліп, 10 дана жылдамдықты шектеу камералары орнатылды.

Басқарма аймақтағы автожолдардың сапасын, қауіпсіздікті арттыру бағытын­да­ғы жұмыстарды одан әрі де жалғастыра беретін болады. Жалпы өңір жолдарын реттеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жүргізілмек», дейді басқарма басшысы.

 

Жамбыл облысы