Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2022

Дін соғысқа себепші емес

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяу күндері елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының VІІ съезіне жер жаһанның түкпір-түкпірінен дінбасылар жиналмақ. Солардың қатарында әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб те бар. Осы орайда, Ислам әлемінің ең жоғары пәтуа шығарушы институт саналатын әл-Азһар мешіті мен университетінің басшысы жөнінде аз-кем мәлімет беруді жөн көріп отырмыз.

Дін соғысқа себепші емес

Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб 1946 жылы 6 қаңтарда Нілдің жоғарғы ағы­сында орналасқан Луксор мухафа­за­сындағы Курна елді мекенінде дү­ниеге келген. Ол 1969 жылы әл-Аз­һар университетін Ислам ілімі және философия бағыты бойынша тә­мамдаған. Кейінірек 1971 жылы атал­ған білім ордасында Ислам философия­сы бойын­ша магистр, 1977 жылы PhD дәре­же­сін алған. Сондай-ақ Париж уни­вер­ситетінде тәлім алған.

Ат-Тайеб 1999-2000 жылдары Ислам­­­абадтағы (Пәкістан) Халық­ара­лық ислам университетінде еңбек етті. Екі жылдан кейін Мысырдың бас муфтиі болып сайланды. Ахмад ат-Тайеб бұл қызметте екі жылдай отырды. Содан кейін әл-Азһар университетінің президенті болып тағайындалып, 2010 жылға дейін аталған міндетті абыроймен атқарды. Сол жылы Мысардың сол кездегі президенті Хосни Мубарак әл-Азһардың Жоғарғы имамы Мұхаммед Саид Тантауи қайтыс болған соң Ахмад ат-Тайебто осы лауазымға та­ғайын­дады.

Айта кетерлігі, кейіннен әл-Азһар­дың Жоғарғы имамын анықтау тәртібі өзгерді. Қазіргі таңда оны Мысыр пре­зиденті тағайындамайды. Оның орнына институттың комитеті сайлайды. Жоғарғы имам ғұламалар арасында келіспеушілік болған жағдайда діни тұрғыдан дүниелік мәселелерге пәтуа немесе үкім шығара алады.

Әл-Азһардың Жоғарғы имамы атанғанға дейін ат-Тайеб Ұлттық де­мо­­­­кратиялық партия құрамында бол­ған еді. Осылайша, Хосни Муба­ракқа жақын адамдардың бірі саналатын. Бірақ 2010 жылы ол партиядан шығатынын мәлімдеді. Ат-Тайеб қоғамның саяси өміріне белсене араласпаса да, әлемдегі және елдегі саяси мәселелерге қатысты жиі-жиі пікір білдіріп отырады.

Мәселен, «Мұсылман бауыр­лар» атауымен танылған әл-Ихуан әл-Мус­лимин ұйымына қарсы­лық біл­ді­реді. Тіпті әл-Азһар универ­ситетінің есігі «Мұсылман бауырлар» үшін ашық емес екенін де мәлімдеген-тұ­ғын. Сон­дай-ақ Сириядағы Башар Асад ре­жімін де аз сынаған жоқ. Бұдан бөлек, ДАИШ-тың (Қазақстанда тыйым са­лынған террористік ұйым) әре­кеті Ис­­ламға мүлдем жат екенін жүр­ген же­рінің бәрінде айтып, так­­фиризм секілді бағыттарды сынға алды.

«Адамдар арасында араздық тудырып, дін немесе Құдай атын жамылып зорлық-зомбылық әрекетіне барып, қантөгіс жасап жатқандар кімнің атынан сөйлесе де, кімнің туын көтерсе де, қай дінді ұстанса да өтірікші және сатқын екенін айта кету керек. 

Тарихта Алла Тағаланың діндері соғысқа себеп болды деу дұрыс емес. Өйткені дін атын жамылған қақ­тығыс­тар шын мәнінде саяси мәселеге байланысты, ақиқи дінмен еш байланысы жоқ, дүние жүзін жаулап алуды мақсат еткен мүдделерге қатысты», дейді Ахмад ат-Тайеб.

Осы орайда, ат-Тайебтің көзқара­сы заманауи екенін айта кеткен жөн. Мысалы, ол бірнеше рет Рим Папасы­мен кездесті. 2021 жылы католик шір­кеуінің басшысы екеуі Адамзаттың бауыр­ластығы туралы құжатқа қол қой­ды. Ол сондай-ақ көптеген шет­ел­дік діни жетекшілермен және мемлекет бас­шыларымен кездесті. Олардың қатарында Елизавета II секілді лауазымды тұлғалар бар.

Шейх ат-Тайеб Жоғарғы имам мінде­тіне кіріскелі дәстүрлі исламды на­сихаттауға ден қойған. Әл-Азһар түлек­терін Исламның әлемдегі елшілері деп санай отырып, студент­терге ислам мұра­сын үйретудің ма­ңызына ерекше мән береді. Ол сүниттік жамағатты имам Әбул-хасан әл-Ашғари мен имам Әбу Мансур әл-Матуридиге және Ханафи, Малики және Шафиғи мек­тебіне ілесетіндер деп есептейді. Сондай-ақ Ханбали мектебін де осы бағытқа енгізеді.

Жоғарғы имамның тағы бір ерекше­лігі – ол қазіргі заманауи мәселе­лер­ге қатысты заманауи көзқа­рас біл­діреді. Ол өзі берген аз сұхбат­тары­ның бірінде ДАИШ секілді терро­ристік ұйым­дар­дың таралуын мұсылман­дардың білім­сіздігі, жұмыссыздығы, эконо­ми­калық және әлеуметтік жағ­дайы төмен екендігімен байланыстырады.

Бұдан бөлек, шейх ат-Тайеб әйел­дерге қатысты да талай мәрте пікір біл­дірген. Facebook-тегі парақшасында Ислам­ның әйелдерге жұмысқа орналасу секілді түрлі салаларда құқықтар мен тәуел­сіздігі бар екенін жазды. «Әйел­дерге жалпы алғанда, сот саласында және ифтада маңызды лауазымдарды атқаруға рұқсат етілген», дейді Ахмад ат-Тайеб.

Сондай-ақ ол әйелдер «махремсіз» сапарға шығуға рұқсат етілетінін алға тартып, көп әйел алуға, күйеуінің әйе­лін ұруына, ажырасуға қатысты тың пікірлер білдірген. Бір ерекшелігі ат-Тайеб әлеуметтік желіде белсенді. Сон­дықтан шығар оның жазған жазбалары қоғамда қызу пікірталас туды­рады.

«Көп әйел алу міндетті дейтін­дердің бәрі қателеседі», дейді ол поли­гамияға қатысты. Оның айтуынша, Исламда көп әйел алу шектелген және әділдікті талап етеді. Күйеуі әділ бола алмаса, бірнеше әйел алуға тыйым салынатынын алға тартады. Сондай-ақ көп әйел алу «Құран мен Пайғамбар дәстүрін түсін­беуден» туындайтынын да талай мәрте ескерткен.

Қорыта айтқанда, Мұхаммад Ах­мад ат-Тайеб Ислам дінін заманауи тұр­ғыда түсіндіретін, асыл діні­міз­дің бетке ұстар тұлғасы деп айтсақ қателес­пейміз. Осындай дең­гейдегі әлем­дік дінбасының тоғы­зыншы террито­рияға ат басын бұ­руы, Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуы жиынның да, Қазақ­стан­ның да абыройы.