Іс-шара барысында Сенат Төрағасы, съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев фестивальды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Сенат Спикері концерттік бағдарламаның «We are the world» деп аталуы символикалық мәнге ие екенін айтты. Сондай-ақ ол дінаралық және өркениетаралық диалогтың алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің тарихи маңызына тоқталды.
«Алдағы съезд бірегей және тарихи маңызға ие. Оған қазіргі таңдағы аса көрнекті діндер лидерлері қатысады. Форумда қазіргі жағдайда бейбітшілікті, ынтымақтастықты және диалогты нығайту мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері қазақстандық даму үлгісінің бірегейлігіне және дұрыс құндылықтарды дәріптеудегі жастардың рөліне назар аударды.
«Қазіргі таңда дүниежүзі біздің елімізді әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі ретінде таниды. Елімізде 100-ден астам этнос өкілдері тату өмір сүруде. Сондықтан Қазақстан бейбітшіліктің мекені деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі фестивальдың мәнін «Қазақстандық жастар бейбітшілікті қолдайды» деген сөзбен сипаттауға болады. Өнерлі жастарымыз елімізде бейбітшілік пен келісімді әрі қарай дамытуға өз үлестерін қоса береді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Іс-шара барысында Ninety One, Orynkhan, Tamiris, Darkhan Juzz, Qonyratbay fam, MAKVIN, Мархаба Сәби, Drummattack, DJ Puza және тағы басқа отандық әншілер өнер көрсетті.
Айта кеткен жөн, музыкалық фестивальдан түскен қаражат Қостанай облысындағы табиғи өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ашылған қайырымдылық қорына жіберіледі.