Қайырымдылық іс-шарасына елорда этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы, сондай-ақ Назарбаев университеті Жоғары бизнес мектебі түлектерінің қауымдастығы, «Alumni of Nazarbayev University School of business» КЕҰ, меценаттар, бизнесмендер және қала тұрғындары белсенді қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, елордадағы қайырымдылық штабы өткен жексенбіден бастап тәулік бойы жұмыс істеп келеді. «Тілсіз жаудан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеттік. Апат туралы білген бойда Нұр-Сұлтан қаласынан 8 жүк көлігін жібердік. Қайырымдылық акциямыз мұнымен аяқталмайды, бізге мүмкіндігінше құрылыс материалдары немесе тиісті қайырымдылық шоттарға ақшалай көмек қажет деген ақпараттар келіп түсті. Біздің қамқорлығымыз бен қолдауымыз қостанайлықтарға ауыр зардаптардан айығуға көмектеседі деп үміттенеміз», деді Дәурен Бабамұратов.
«Қостанайдағы апат ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Біз бәріміз қостанайлықтар үшін алаңдап отырмыз. Әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз – өрттен зардап шеккендерге көмек қолын созып, көмектесу және осы жағдайды моральдық тұрғыдан жеңу. Қазақстандықтар ұн, қант, макарон, күріш, күнбағыс майы, ауыз су, матрастар, жастықтар, сондай-ақ балаларға қажетті заттарды: күртешелер, жаялықтар мен аяқкиімдерді алып беруде. Біз халқымыздың басына түскен қиындықты осылай бірлікпен еңсереміз», деп атап өтті ҚХА мүшесі, «Дустлик» өзбектер қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шәріпов.
Айта кеткен жөн, елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясына жіберілген қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 14 млн теңгені құрады.