Спорт • 12 Қыркүйек, 2022

Белградтағы белдесулер басталды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сербияда күрес түрлерінен әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Жарысты әдеттегідей грек-рим күресі шеберлері бастады. Алғашқы күні төрт салмақ дәрежесі бойынша түрлі түсті медальдар сарапқа салынды.

Белградтағы белдесулер басталды

Қазақстан құрама командасы мүшелері арасында Аманғали Бекболатов Белградтың бозкілемінде өзін жақсы қырынан көр­сетті. 55 кило салмақта сын­­ға түскен қандасымыз бас­­тапқы бәсекелерде бол­гариялық Недиалко Петров (3:1) пен ирандық Пойа Соу­лат Дад Марзды (3:1) же­ңіп, жартылай финалда грузиялық Нугзари Цур­цумиямен күш сынасты. Дәл осы балуан осыдан үш жыл бұрын Нұр-Сұл­танда ұйымдастырылған әлем­дік додада біздің Қор­лан Жақаншаны бас жүл­деден айырған еді. Одан бө­лек Цурцумияның әлем бірін­шілігінің екі және құрлық чемпионатының үш дүркін жүлдегері деген атағы бар. Бұл тартыста екі ғана ұпай айырмашылығымен гру­зиялық спортшы жеңіске жетті. Енді Аманғали қола медаль үшін күреседі.

Алғашқы айналымда жапониялық Тайши Хо­риені (7:3) жеңген 72 кило салмақтағы Ибрагим Ма­го­мадов 1/8 финалда әзер­байжандық Ульви Ганидзеге (2:4) есе жіберді. Десек те қарсыласы финалға жолдама алғанының арқасында отандасымыз жұбаныш бә­секелерінде белдесуге мүм­кіндігін сақтап қалды. Дәл сондай жағдайды Темір­лан Шадукаев те басынан кешірді. 77 кило салмақта күрескен жерлесіміз нор­вегиялық Пер Андерс Куре (8:3) мен германиялық Идрис Ибаевты (11:2) жолынан ығыстырғанымен, ширек финалда мажарстандық Злотан Левайға (0:9) әлі жетпеді. Жартылай финалда Левай сербиялық Виктор Немешті сан соқтырды. Соның нә­тижесінде, Темірланның же­ңіс тұғырына көтерілуіне тағу бір мүмкіндік туындады.

Ал 87 кило салмақтағы Нұрсұлтан Тұрсынов поль­шалық Шимон Шимонович (9:0) пен қытайлық Хай­тао Кианның (8:0) тас-тал­қанын шығарғанымен, Мажарстанның тағы бір белді балуаны Давид Лосон­зидің (3:13) осал тұсын та­ба алмады. Лосонзи де алысқа ұзамады. Осылайша, Нұр­Сұлтан үшін бұл жарыс аяқталды.