Қарт құрлықта Қазақ елінің әнұраны төрт мәрте шырқалды. Аса жеңіл салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова сербиялық Снежана Силкович, франциялық Абрине Зутони және сербиялық Николь Дурикованы ұтып, алтыннан алқа тақты. 50 кило салмақта күш сынасқан Назым Қызайбайдың да мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. Екі дүркін әлем чемпионы деген атағы бар қазақ қызы Пихла Кайво-Ожа (Финляндия), Клаудия Пависка (Польша), Глория д’Алмейда (Франция) және Наталия Рокты (Польша) бас көтертпей ұтты. Үшінші алтын Карина Ибрагимованың еншісінде. 57 кило салмақта қолғап түйістірген жерлесіміз барлық қарсыласын жолынан ығыстырып, бас жүлдені олжалады. Аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева да дәл сол межеден көрінді.
Ақтық сынға алқынбай жеткен Марина Хальзова (75 кило) шешуші тұста швециялық Любовь Холгерсонға есе жіберіп, күміс медальды иеленді. Ал Балауса Мұздиман (54 кило), Жайна Шекербекова (54 кило), Жазира Орақбаева (50 кило), Аида Әбікеева (63 кило), Дариға Шәкімова (66 кило) және Сәния Сұлтанқызы (57 кило) қолаға қол созды.