Елорда • 12 Қыркүйек, 2022

Қызылорда жәрмеңкені қыздырды

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңке маусымы жалғасуда. Дәстүр бойынша өткен демалыс күндері Қызылорда облысының кәсіпкерлері өнімдерін жеткізді. Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатады, соның нәтижесінде өнімнің бағасы 10-20%-ға төмен.

Қызылорда жәрмеңкені қыздырды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қызылорда өңірінің ақ маржаны, Аралдың балығы сауданы қыздырды. Мұндағы сары май, ірімшік, құрт, ет пен шұжық және көкөністер нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен саудалануда. Жалпы, елордадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Қызылорда облысынан 500 тоннадан астам өнім жеткізілді.

«Қызылорда облысынан жәрмеңкеге 70-тен аса кәсіпкер қатысып, 500-ден аса тауар, ауыл шаруашылығы өнім­дерін әкелді. Жәрмеңке негізі қала­дағы азық-түлікті қамтамасыз етуге, ба­ғаны тұрақтандыруға бағытталған. Қазақ­станның барлық облысының қатысуымен болады. Қараша айына дейін жалғасады. Осы аптада Алматы облысы мен Жетісу облыстарының ауыл шаруа­шылығы өнімдерін күтіп отырмыз. Әр сенбі-жексенбі сайын кезекпен облыстар келіп отырады», деді қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров.

Жәрмеңкеде өңірлерде өндірілетін отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған. Сырдың диқандары мен кәсіпорындары 50 жүк автокөлігімен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннадан астам өнім түрлерін елордаға жеткізді. Оның ішінде 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидектер, 210 тонна бақша өнімдері, 50 тонна асқабақ, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитер өнімдері қойылған.

«Жәрмеңкеге үш түрлі бұқтырылған ет, екі түрлі күріш, қарақұмық және асқабақ, сәбіз шырынын, балалар таға­мын әкелдік. Оның барлығы – еш қос­пасыз, экологиялық таза, сапасы жоғары өнімдер. Қолжетімді арзан баға­мен сатып жатырмыз. Халыққа таза табиғи өнім ұсыну – технолог ретін­дегі басты қағидам. Мұнда адамдар көптеп келуде. Ұсынып отырған баға­мыз олардың көңілінен шығуда», деді Қызылорда облысындағы бас технолог Қуат Шакизбаев.

«Елордада апта сайын өтетін өңір­лердің ауыл шаруашылығы жәрмең­кесін жібермей келіп тұрамын. Қала тұр­ғындары үшін Қызылорданың брен­діне айналған күріш келіп жатыр. Май мен шұбат та алдым. Шұбаттың литрі 1000 теңгеден екен. Бағасы өте қол­жетімді деп ойлаймын. Мұнда Қаза­лының кәмпиттері, тәттілері және балық өнімдері де бар екен. Арзан бағамен қауын-қарбыз да алдым. Сондай-ақ көрме ұйымдастырылып жатыр. Көрмеде ұсынылған тамақтың дәмін татып көріп, ұнаса алуға болады. Барлығы халықтың қамы үшін жасалып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне тұрғындардың жағ­дайын ойлап, осындай жәрмеңкелер ұйымдастырып жатқандарына алғысы­мызды білдіреміз», деді қала тұрғыны Айнұр Жұматаева.

Сонымен қатар жәрмеңкеде Қызыл­ордалық өнерпаздар әннен шашу шашып, елордалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жәрмеңке аясында Қы­зыл­орда облысы әкімдігінің бастама­сы­мен қайырымдылық іс-шарасы ұйым­дастырылып, көмекке мұқтаж отба­сыларға азық-түлік себеттерін таратты.

«Бүгінгі акция бойынша Қызылорда облысынан азық-түлік толтырылған 80 себет берілді. Оның ішіне 10 кило күріш, 2 кило макарон, 5 кило картоп, 5 кило пияз, асқабақ және қауын 1 данадан салынды. Бұл акцияға Сарыарқа ауданы әкімдігінен волонтерлер қатысты. Барлық азық-түлік себеті тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы тиісті адам­­дарға жеткізілді. Бұл акция Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Мейлінше көп отбасыны қамтуға тырысудамыз. Жәрмеңке жоғары деңгейде өтуде», деді қалалық әкім­діктің өкілі Ерасыл Қайратов.