Спорт • 12 Қыркүйек, 2022

Жігіттердің жігері қайда?

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресі шеберлері ал­ғашқы жүлделерді сарап­қа салды. Төрт салмақ дә­ре­жесі бойын­ша өткен бәсе­келерде, өкінішке қа­рай, Қазақстан құрама ко­мандасының мү­шелеріне бір­де-бір жүлде бұйырмады.

Жігіттердің жігері қайда?

55 кило салмақта күш сынасқан Аманғали Бекболатов қола медаль үшін бәсекенің бірінші кезеңінен кейін өзбекстандық Жасурбек Ортикбоевты 5:0 есебімен ұтып жатып, жеңісті уысынан шығарып алды. Бұл ретте қандасымыздың үзілістен кейін өрескел қателікке бой алдырып, қарсыласына бірден төрт ұпай беріп қойғанын айта кетуге тиіспіз. Одан кейін Ортикбоев қарқынын бәсеңдетпей, ұпайын тағы да еселеді. Нәтижесінде, өзбек балуаны жеңіс тұғырына көтерілсе, біздің жігіт бесінші орында қалып қойды. Осы салмақтың бас жүлдесін көршілес қос мемлекеттің өкілдері – грузиялық Нугзари Цурцумия мен әзербайжандық Елдениз Азизли сарапқа салды. Бұл айқаста Азизлидің асығы алшысынан түсті.

Қос жерлесіміз жұбаныш бәсекелерінде бақ сынады. 72 кило салмақ дәрежесіндегі Ибра­гим Магомадов болгариялық Дэвид Димитровты 4:0 есебімен ұтып, үшінші орын үшін таласу мүм­кіндігіне ие болды. Бұл межеде оның жолы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, түркиялық Сель­жук Канмен қиысты. Ибрагим да алғашында үш ұпайды еншілеп, алға шықты. Бәсеке қызған тұста Кан таразы басын теңселтіп кетті. Ақырында Анадолы елінің өкілі қола медальды мойнында жар­қыратса, жерлесіміз жер сипап қалды. Чемпиондық тәж үшін тартыста сербиялық Әли-Фейзолла Арсалан әзербайжандық Улви Ганизадеден айласын асырды.

77 килодағы Темірлан Шаду­каев пен Малхас Амоян ара­сындағы жұбаныш белдесуінде тең есеп тіркелді – 2:2. Соңғы ұпай­ды армениялық спортшы ие­лен­гендіктен, жеңіс соның енші­сіне жазылды. Бұл салмақта қыр­ғызстандық Ақжол Махмутов ма­жарстандық Золтан Леваиды бас-аяғы екі минут аралығында айқын ұтты. Сербияның намысын қорғап жүрген грузиялық балуан Зураб Датунашвили мен Данияның туы астында өнер көрсеткен чешен жігіті Турпан Бисултанов 87 кило салмақ дәрежесінің алтын медаль үшін таласты. Бұл тартыс Датунашвилидің жеңісімен аяқталды.

Одан кейін тағы төрт балуанымыз бозкілемге шықты. 63 кило­дағы Ғалым Қабдынасыров тұсау­кесер кездеуінде болгариялық Нико­лай Иванов-Вичевтен (0:8) ой­сырай ұтылды. 67 килодағы Дін-Мұхамед Қошқар франциялық Мамадасса Силлаға (5:9) есе жі­берді. 82 килодағы Диас Қален мен 97 килодағы Ислам Умаев алғашқы айналымда Өзбекстанның өкіл­дерімен айқасты. Олардың екеуі де тым азулы қарсыластар еді. Атап айт­сақ, Жалағасбай Бердімұратов – әлем чемпионатының қола жүлде­гері және Азия чемпионы. Рус­лан Ассакалов – әлем чем­пио­­наты­ның екі дүркін жүлде­гері, Азия­ның үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңім­пазы. Биылғы жылдың тамыз айында былтыр екеуі де Ислам ын­тымақ­тастығы ойындарында алтын тұғырға көтеріліп, жақсы бабында екендерін байқатқан еді. Өкі­нішке қарай, жерлестеріміздің әйгілі спортшыларға әлі жетпеді. Диас (4:5) Бердімұратовтан ұтыл­са, Ислам (0:9) Ассакаловқа лайық­­ты қарсылық көрсете алмады. Нә­­тижесінде, Диас Қален ғана жұ­баныш белдесуге қатысу мүмкіндігін сақтап қалды.