Экономика • 12 Қыркүйек, 2022

Трансконтиненталды дәліз аймақ экономикасын дамытады

813 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстан – Қытай ынтымақтастығы бойынша «Достық диалогі» атты теле­көпір өткен болатын. Бұл іс-шара­ның өтуіне екі ел арасында эко­номикалық байланыстар­ды одан әрі нығайту мен шекаралық өңірлердің іскерлік қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру мәселелері арқау болды.

Трансконтиненталды дәліз аймақ экономикасын дамытады

Бейнебайланыс арқылы өткен ынтамақтастық жиынында Алматы облысының инвестициялық тартым­ды­лы­ғы мен екі ел кәсіпкерлерінің бір­лес­кен жобалары туралы да сөз бол­ды. Бүгінде өңірге инвестиция тар­ту бағыты бойынша нақты шаралар қабылданған, оның нәтижесі де жоқ емес. Мысалға, қазір Алматы облысы әлем бойынша 97 елмен сау­да ынтымақтастығын жүргізуде. Биылғы 7 айда облыстағы экспорт айналымы 179,9 млн АҚШ долларын құрады. Бұдан басқа шетелдік инвесторлардың қатысуымен ашыл­ған, жалпы құны 1,3 млрд АҚШ доллары болатын 19 жоба жүзеге асырылуда. Бұл 6 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Осы санатта көршілес Қытай елімен де сауда-саттық, өнеркәсіптік байланыс тереңдеп отыр. Атап айтқанда, инвестициялық портфелі 94,5 млрд теңге болатын және 350 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынатын «Жетісу вольфрамы» жобасы бойынша келісім іске қосылу сатысында екен. Жоба бо­йынша қытай елінің инвесторлары Алматы облысының аумағындағы «Бұғыты» вольфрам кен орнын игеруге кіріскен. Ал тағы бір айтулы жоба – «Жетіөзеннің қуаты» жобасы жалпы инвестиция сомасы 37,4 млрд теңгені құрайтын, қуаты 60 МВт болатын «Шелек» жел электр стансасының құрылысын жүзеге асырады. Жоба іске қосылғанда 30 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

– Алматы облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы эконо­ми­калық қатынастардың қазір­гі жағдайы жаңа бірлескен жобаларды іске асыру бойынша үлкен мүмкіндіктер ашады. Бүгінде логис­тика, туризм, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және фармацевтика сынды экономиканың салалары өңірді дамытудың басым бағыттары болып отыр. Еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан біздің облыс пен көрші елмен ортақ шекарасы 300 шақырымнан асады. Және Алматы облысы – «Ұлы Жібек жолы» бойында жатқан төрт облыстың бірі, сондай-ақ өңір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар автомобиль дәлізінің ажырамас бөлігі саналады. Яғни екіжақты серіктестіктің серпін алатын сәті туды, – дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Яғни Алматы облысының транс­континенталды дәліз бойын­да орналасуы аймақ үшін ғана емес, тұтас ел экономикасына табыс әкелетін жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал көрші мемлекет үшін Шығыс қақ­падағы аймақпен әріптестік 183 млн ша­масындағы адами әлеуеті бар Еура­зиялық экономикалық одақ нарығына шығудың тиімді жолы болып отыр.

Айтпақшы, дәл осы трансконтиненталды дәліз бойынша сауда және экономикалық әріптестікті дамыту мәселелері Қазақстан – Қытай ын­ты­мақтастығы бойынша «Достық диалогі» атты телекөпірде кеңінен тал­қыланды. Ал жиын қорытындысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтан­ғазиев пен Қытайдың ШҰАР халық үкіметінің төрағасы Еркін Тунияз Шыңжаң өңірімен бауыр­ластық байланыс орнату ниеті туралы хаттамаға қол қойды.

 

Алматы облысы