Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2022

Тозған трактормен егін жинап жүр

2373 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Диқандарымыз әбден тозған трактор мініп жүргенде, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру туралы әңгіме қозғаудың өзі күлкілі. Әлемдік нарықта бәсіміз биік болсын десек, оның алғышарттары техника мен технология жаңартудан басталуы керек.

Тозған трактормен егін жинап жүр

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да айрықша атап өтті. Президенттің айтуынша, салада озық технологиялар тапшы, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін агроөнеркәсіпте жаңа тәсілдер енгізілуге тиіс.

Агрөнеркәсіп кешенінің барлығы көне техникамен қаруланған деп, аузымызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Дей тұрғанмен егін өсіру­шілердің барлығы жаңа трактор мініп жарыл­қанып жүрген жоқ. Иә, ірі шаруа­шылықтар үшін лизингке «Джон Дир» секілді алып себу кешендерін сатып алу айтарлықтай мәселе емес. Мыңдаған гектар жері, жүздеген бірлік техникадан тұратын машина-трактор паркі бар ондай субъектілерге банктер әрдайым қаржы беруге дайын. Мәселе елдегі ауыл шаруашылық өнім­дерінің 80 пайы­зын қамтамасыз етіп отырған шағын шаруа­шы­лықтарға қатысты. Әрі кет­се «Беларусь» тракторын сатып алуға жағдайы бар қожа­лық­тардың әлемде импорт тауар­лардың бағасы шарық­тап кеткелі техника жаңартуға деген үміт­тері шорт кесілгендей. Ал отандық зауыттардан шығарылатын, қазір жеңілдікті лизингпен беріліп жатқан агрегаттардың барлығына бірдей жетпейтіні әуел бастан белгілі болған.

Бір ғана Павлодар облысын­дағы агрокешенде бүгінде ұзын саны 54 691 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған статистикаға сүйенсек, оның 87 пайызы әбден тозса, 90 пайызы ескіре бастаған. Мысал үшін тракторларды пайдаланудағы нормативті мерзім 10 жыл болса, қолданыстағы дизельді көліктің 80 пайыздан астамы 13-14 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Комбайндардың 71, дестелегіштердің 83, трак­торлардың 89 пайызы есептен шығаруға жатады.

– Ескірген техникалардың басым бөлігі Аққулы, Май, Павлодар, Ақтоғай аудандарына тиесілі. Егін шаруашылығы жақсы дамыған өңірлерде жаңартылған техниканың үлесі көптеу. Астықты аудандар бүгінде негізінен комбайн сатып алуға тырысады. Жыл басынан техника бағасының шарықтап кеткені біздің өндірушілерімізді тығырыққа тіреп қойғанын бай­қап отырмыз. Олардың кейбірі қаржы ұйымдарымен алдында арзанырақ бағаға келісіп қойған ғой, ал қазір олардың кейбірінің құны 2-2,5 есеге дейін өсті. Салдарынан диқандар қаржы тап­пай қиналып отыр. Ресей­ден техника жеткізу қазір азайып кеткен, керісінше отандық кәсіп­орындарда және Қытайда шы­ғарыл­ған агрегаттарды жиі әкеле бастаған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев.

Қазір өңірде астық ору жұмыстары қызу жүруде. Мамандар науқан барысында өнімділігі жоғары заманауи комбайндардың жетіспеушілігі байқалатынын айтады. Егер комбайн паркін қалыпты деңгейде ұстағымыз келсе, өңірге жыл сайын кемінде 200 комбайн сатып алынуы керек екен. Алайда бұл шама 60-70 данадан асып көрген емес. Салдарынан тозу көрсеткіші техника жаңарту үрдісін басып озғалы қашан.

Мына бір статистика да ойландырмай қоймайды. Жыл сайын облыстың ауыл шаруашылығы саласына әрі кетсе 1 мың жаңа техника ғана алынып, ол машина-трактор паркін шамамен 1-1,8 пайызға ғана жаңартады екен. Егер осы өгіз аяңмен жүре берсек, барлық көнерген агрегаттарды жаңалап шығуға кемінде жарты ғасыр уақыт керек. Ендеше жыл сайын астық өнімділігін арттыру туралы тапсырмаларды үстемелеп, шаруаларымыздың басын қатыратынымыз қай сасқанымыз?

Былтыр жергілікті егін өсіруші­лер өз қаражаттарына 662 техника, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 450 техника сатып алыпты. Биыл бұл көрсеткіштің құлды­рай­тыны айдан анық. Өңір шаруа­ларынан қазіргі уақыт­та қаржы ұйымдары арқылы жалпы құны 10,4 млрд теңге тұратын 608 техникаға құжаттар қабылданған. Алайда қаржы жетіспеушілігінен кейбір шаруашы­лықтар өтініш­терін кері қайтарып алмақ ниетте.

Ауылшаруашылық техни­касының жеңілдетілген лизингі бойынша биыл Үкімет 40 млрд теңге бөліп, «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруалардан өтініштерді жинап жатқаны да мәлім. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 па­йыз, бастапқы жарнасы жоқ несие­ге құны 205 млн теңгеден аспайтын, Қазақстан аумағын­да құрастырылған кез келген ауылшаруашылық құралын сатып алуға мүмкіндік бар. Қаржы ұйымының Павлодар өңірлік филиалының директоры Байсал Алпысбайдың мәліметінше, аталған бағдарлама бойынша қазірдің өзінде облыста екі шаруа техника алып үлгерген. Оның бірі – Еssil КЗС 730 маркалы комбайн Железин ауданының Михайловка ауылына кетсе, Vector 410 KZ ИРС маркалы комбайн Успен ауданына жол тартты. Бүгінде жал­пы сомасы 1,5 млрд теңгеге 38 қар­жы лизингі шарты жасалса, 87,1 млн теңгенің 6 өтініші мақұл­данып үлгерген. Тағы жарты мил­лиард теңгенің өтініштері қарас­тырылу үстінде. Байсал Аманол­лаұлы шаруалар отандық 8 зауыт-компаниядан комбайн мен трак­торлар, аспалы құрал-жабдық­тар, түрлі агрегаттар сатып алу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.

Өкінішке қарай, кейбір шаруа­шылықтар қызығатын техникалар бізде өндірілмейді әрі кейбір агрегат түрлері 205 млн теңгеден асып кетіп жатады. Ал қаржы ұйымдары түрлі сылтау айтып, өтінішті қарау мерзімін жарты жылға дейін созып жүріп алатыны тағы бар. «ҚазАгроҚаржы» компаниясының тарапынан кездесетін түрлі қиындықтар ша­руалардың меселін қайтарып, ол жаққа жылдар бойы аттап баспайтын ағайындарымыз да баршы­лық. Себебі құжат жинаудағы бюрократизм, әлдебір қағазға қол қою үшін 200-300 шақырым жерге сабылып барып қайту, өтінішті қарау рәсімін ұзаққа созу, алынатын техниканың несиесі бітпей шаруаға басыбайлы берілмеуі сияқты мәселелер шаруа баққан азаматтарға ұнамайды.

«Оразбаев» шаруа қожалы­ғының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Сайлау Оразбаев жаңа техниканың игілігін көріп отырған егін өсіру­шілердің бірі. Өз әріптес­тері­­нің мұңын мұңдап жүрген аза­мат қазір елімізде таратылып жатқан жеңілдікті несиеге қажет техникалардың көбін сатып алу мүмкін емес деп отыр. Себебі көп агрегаттар елімізде құрасты­рылмайды. Ал бөлінген 40 млрд теңге барлығының жыртығын жамауға жетпейтіні мәлім.

«Бізге өнімділігі жоғары «Джон Дир» секілді қуатты трак­тор­лар керек. Ал ондай тех­ни­­каның құны қазір Қазақ­стан­­да 220 млн теңгеге жеткен. Жыл басында импорт комбайнды 80 млн теңгеге аламыз деп ойлас­ты­рып қойғанбыз, жуырда қара­­сақ, бағасы бірден 120 млн теңгеге көтеріліп кетіпті. Тех­ника­ңыз заманауи әрі өнімділігі жо­ғары болмаса, науқанды уақы­­тында аяқтап шығу мүмкін емес. Оның үстіне соңғы жылдары егіс танаптары ұлғайып, әртараптандырылуда. Негізі дәнді дақылды орудың өзіндік мерзімдері бар. Егер сол кезең ішінде жинап үлгермесеңіз, ала жаздай бапта­ған егініңіз рәсуа болады. Мұ­ны тәжірибелі астық өсіруші ретін­де жақсы білемін. Ал ұсақ шаруа­шылық­тар­дың жағдайы тіпті қиын. Олар қолын­дағы ескі техникасына қарай­лап, шықпа жаным, шық­памен отыр. Егістігін кеңейтуге, дәнді дақылдардың өзге түрлерін әкеліп егуге, жазда түрлі агротехникалық шараларды жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Көбі көктемде тұқымды сеуіп тастайды да, жаз бойы Жаратқаннан жаң­быр тілейді. Себебі оларда бізде­гідей техникалық әлеует жоқ. Сон­дықтан мемлекетіміз бағдар­лама әзір­легенде ең әуелі сондай азаматтарға кө­мектесуді ойлауы керек», дейді шаруа иесі.

Депутат бұған қоса ұсақ шаруа­шы­лықтарды біріктіретін кооперативтер құру ісі де баяулап қалғанын қынжыла жеткізді. Бұл мәселемен жергілікті атқа­рушы билік айналысуы керек деп есеп­тейді. Кооперативтер құны қымбат техни­каларды сатып алуда көптеген артық­шылыққа ие. Шаруалар ең әуелі лизингті бірлесіп өтеп, ортақ техниканың қызы­ғын кезектесіп көреді. Оны науқан соңында өзге шаруашы­лықтарға жалға беріп, шығынын шығарып алуға да болады екен.

Сөз соңында айтарымыз, тозған техника мініп жүрген отан­дық шаруаларды қолдауға Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдануы керек. Әрі бұл жерде қаржы ұйымдарының кең таңдауы болғаны да дұрыс болар. «ҚазАгроҚаржы» компания­сы монополист ретінде техника жаңартуға айтарлықтай үлес қоса алмады. Ендеше лизингтің жаңа тетігін ойлап табатын уақыт жеткен сыңайлы.

 

Павлодар облысы