Саясат • 13 Қыркүйек, 2022

Қазақстан-Қырғызстан: Сауда рәсімдері жеңілдетіледі

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасына жұмыс сапары барысында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қырғыз Рес­пуб­ликасының Министр­лер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адыл­бек Қасымалиевпен кез­десті.

Қазақстан-Қырғызстан: Сауда рәсімдері жеңілдетіледі

Екі елдің вице-премьерлері «Қарасу» және «Ақ-тілек» ав­тожол өткізу пункттері ауда­н­ындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің іске асырылу барысымен танысты.

Тараптар ИСЛК қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қоюды 2022 жылғы қазанға дейін пысықтауға уағдаласты.

Айта кетейік, бірлескен ИСЛК құру және оның жұмыс іс­теу тұжырымдамасы Қазақстан Пре­зиденті Қ.Тоқаевтың 2019 жыл­ғы 27 қарашадағы Қырғыз Респуб­ликасына мемлекеттік сапарының және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңе­сінің бесінші отырысының қоры­тындылары бойынша екі ел бас­шыларының тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Сондай-ақ сапар аясында вице-премьер Қазақстан-Қырғыз сауда-экономикалық ынты­мақ­тастығы жөніндегі жұмыс тобы­ның екінші отырысына қатысты.

С.Жұманғарин Қырғыз Респуб­ликасы Қазақстанның Орта­лық Азия өңіріндегі негізгі сауда-экономикалық әріптес­тері­нің бірі екенін атап өтті.

«Қазақстандық статистика деректері бойынша Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Рес­публикасы арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-маусымда 495,7 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға артық, оның ішінде экспорт – 303,3 млн, импорт – 192,3 млн доллар», деді С.Жұманғарин.

Тараптар өзара сауданы ұлғай­ту мақсатында отырыс барысында қол қойылған «Қазақстан Рес­публикасының Сауда және инте­грация министрлігі мен Қыр­ғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ара­сындағы жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру ниеті туралы өзара түсіністік туралы» ме­морандум шеңберінде Қырғыз Республикасынан Қазақстанға ерте жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.

Сондай-ақ қол қойылған «Қазақ­стан Республикасының Сауда және интеграция министр­лігі мен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі арасындағы ынты­мақ­тастық жөніндегі меморандум аясында тараптар сауда рәсім­дерін жеңілдетуге, бизнес жүргізу шығындарын азайтуға келісті және елдер арасындағы электрондық құжаттармен өзара алмасудағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті.