Кездесуде өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Өз кезегінде С.Жұманғарин жиынға қатысушыларға қант бағасының шарықтап өсіп кету себебін түсіндірді. Соған байланысты Үкімет қазір қант тапшылығын жою тетіктерін айқындап, оның бағасын реттеуді қолға алған. Министрдің айтуынша, халықты әбігерге салған қант тапшылығына сыртқы фактор әсер еткен. Яғни көршілес Ресей сыртқа қант экспорттауды тоқтатқан. Соның салдарынан елдегі шикізат қоры азайған.
– Бұл мәселеге Үкімет ерекше назар аударып отыр. Елімізде қант өндірумен айналысатын 4 зауыт жұмыс істейді. Олардың жылына 700 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқары бар. Енді сол өндіріс орындарын шикізатпен толық қамтамасыз етеміз. Оған кететін қаржы әр өңірдің әкімдігіне тиесілі емес, бір орталықта шоғырланады. Сол арқылы шикізатқа кететін қаражат мұқият бақыланады. Баға реттеледі, – деді ол.
Сондай-ақ кездесуде картоп, сәбіз және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға қатысты Үкімет қолға алған жұмыстар да айтылды. Жалпы, былтыр да сәбіз бен картоптың бағасына қатысты біраз дау-дамай туындаған болатын. Содан сабақ алған Үкімет биыл қажетті көкөністерді көп өсіретін Жамбыл, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарының 20 ірі шаруашылық иелерімен кездескен. Оларға тыңайтқыш сатып алуға қаржылай көмек беру ұйымдастырылды. Нәтижесінде, биыл картоп пен сәбіздің бағасы шарықтамайды деген сенім бар.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша Алматы облысында да бірқатар шешім қабылданған. Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір Алматыдағы ірі базарлармен тиісті келісімшарттар жасалған.
– Жуырда Қарасай ауданы мен «Алтын орда» базары меморандумға қол қойды. Ондағы 100 орын шаруа қожалықтары үшін бөлініп отыр. Сонымен қатар қаланың ішіндегі сауда нүктелерінде ауылшаруашылық өнімдеріне орындар бөлуге барынша күш салып жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Кездесуде облыс кәсіпкерлері алдағы жоспарларын ортаға салып, экспорт географиясын кеңейту, жобаның қуаттылығын арттыру, газ мәселесін шешу бойынша өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ картоп егумен айналысатын кәсіпкерлер «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» картоптың тиімді тұқымын алу бойынша зерттеу нәтижесімен бөліспейтінін,
яғни шаруалар мен институт арасында тиісті байланыс жоқ екенін айтып шағымданды. Вице-премьер барлық мәселе бойынша оң шешім табу үшін тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Кездесуден кейін Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі С.Жұманғарин Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылында орналасқан Unifruit компаниясына барды. 100 га алаңда қарқынды бау-бақша өсірумен айналысатын компания бүгінде 65 адамды тұрақты және 150-ге жуық адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Үкімет өкілі Қайнар ауылындағы «Есік жеміс консерві зауытының» жұмыс қарқынымен танысты. Зауыт ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді жүзеге асырады. Мәселен, қызанақ концентратын, алма және өрік пюресін өндіреді. Тәулігіне шамамен 600 тонна қызанақ және 300 тоннаға дейін басқа да жеміс-көкөніс шикізатын дайындайды. С.Жұманғарин мұнан кейін елді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Adal сүт» зауытына барды. Алматы өңірінде орналасқан, заманауи технологиялармен жабдықталған зауыт күніне 150 тонна сүт өнімін шығарады және 600-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Алматы облысы