Қоғам • 13 Қыркүйек, 2022

Жас белсенділер – бір толқында

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Amanat-тың Орталық аппаратында партияның «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған Bir tolqynda диалог алаңының отырысы өтті. Талқылау тақырыбы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

Жас белсенділер – бір толқында

Мәжіліс депутаты, партия фракция­сының мүшесі Елнұр Бейсенбаев жиында Мемлекет басшысының Жолдауда жас ұрпаққа ерекше назар аударғанын атап өтті. «Елімізде бүгінде 70 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінеді. Дамыған еуропалық мемлекеттердің көбінде мұндай жеңілдік жоқ. Бұл сіздерге беріліп отырған зор мүмкіндік. Себебі білімді, білікті азаматтардың өмірде өз орнын таба алуы – мемлекет үшін аса маңызды. Шамамен, Қазақ­станның әрбір үшінші тұрғыны – жас азамат. Сондықтан, Әділетті Қазақ­стан­ды құру ісінде әрқайсысыңыздың қосқан үлесіңіз маңызды», деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Жолдауда жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес шаралары, атап айтқанда кәсіпкер­лікті көтермелеу арқылы жас ұрпаққа қолдау көрсету мәселесі айрықша айтыл­ғанына назар аударды.

«Президент жастарға 2,5%-бен жеңіл­детілген несие берілетінін мәлімдеді. Бұл бастама қоғамда қызу талқылануда. Алдағы уақытта Қазақстандағы шағын бизнес жастардың тың бастамалары арқылы жаңа деңгейге көтерілетініне сенім­дімін. Осылайша, мемлекет жас­тарға айрықша назар аударып қана қой­май, еңбексүйгіштік пен кәсіби шебер­лікті көтермелеп отыр. Ал онсыз табыс­ты кәсіп құру мүмкін емес», деді ол.

Өз кезегінде, Talap КЕАҚ президенті Шолпан Өтелбаева мемлекет жастардың білім деңгейін арттыру үшін көп күш жұмсайды деп санайды.

«Бір кездері Aqyl білім беру депо­зитімен айналыстым. Сол кезде осы жинақтаушы жүйені әр бала қаражат ала алатындай етіп түрлендіру туралы ой пайда болды. Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының бір бөлігі 18 жасқа толмаған әрбір қазақстандыққа бағытталатынын айтқан кезде ерекше қуандым», деді ол.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің пайымдауынша, Мемлекет басшысы жариялаған мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғырту жұмысы ана­ғұр­лым білікті әрі талантты мамандарды тартуға мүмкіндік береді.