Аталған кезеңде алты велошабандоз мәреге бірдей жетті. Олар – Хуан Молано (Колумбия, UAE Team Emirates), Мадс Педерсен (Дания, Trek-Segafredo), Паскаль Аккерман (Германия, UAE Team Emirates), Майк Теунссен (Нидерланд, Jumbo-Visma), Дэнни Ван Поппель (Нидерланд, BORA-hansgrohe) және Каден Грувс (Аустралия, BikeExchange-Jayco). Олардың уақыты – 2 сағат 26 минут 36 секунд. Қосымша көрсеткіштер бойынша 21 кезеңнің жеңімпазы деп колумбиялық спортшы танылды.
Жалпы есепте Ремко Эвенепулге тең келер ешкім табылмады. Quick-Step Alpha Vinyl Team клубы сапында өнер көрсетіп жүрген 22 жастағы бельгиялық велошабандоз алтыншы кезеңде испаниялық Марк Солерді (UAE Team Emirates) жылы орнынан ығыстып, көш бастаған еді. Содан кейін Ремок шашасына шаң жұқтырған жоқ. Ол 16 кезең бойы тізгінді ешкімге бермей, ақырында жеңіс тойын тойлады. Оның көрсеткіші – 80 сағат 26 минут 59 секунд. Бұған дейін ол әлем чемпионатында екі рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, Еуропа чемпионы атанған еді.
Сөз орайы келгенде, Эвенепулдің кезінде тәуір футболшы болғанын да айта кетейік. Бельгияның «Андерлехт» және Нидерландтың «Эйндховеннің» академиясында шеберлігін шыңдаған Ремко өз елінің жасөспірімдер құрамасы сапында өнер көрсетті. Бірақ кейіннен оның аңсары велоспортқа ауып, спорттың осы түрінде елеулі табыстарға қол жеткізді. Бір айта кетерлігі, Бельгияның беткеұстары соңғы үш «Вуэльта» көпкүндігінде алдына жан салмаған Сербияның саңлағы Примож Рогличті тұғырдан тайдырды.
Екінші орынды испаниялық Энрик Мас иеленді. Movistar Team клубының намысын қорғаған ол жарыс жеңімпазынан 2 минут 2 секунд қалып қойды. Пиреней түбегінің тағы бір өкілі Хуан Аюса (UAE Team Emirates) үшінші сатыға жайғасты. Ал «Астана» клубы мүшелерінің арасынан ең жақсы нәтижеге 28 жастағы колумбиялық легионер Михель Анхель Лопес қол жеткізді. Ол төртінші орынға табан тіреді.