Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2022

Ғибрат шашар ғимарат

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде Мәдениет үйі мен кітапхана ашылса қуанатын болдық. Сондай бір жылы жаңалық Алакөл ауданынан жетті. Ақтүбек ауылында су жаңа ғимарат бой көтеріпті.

Ғибрат шашар ғимарат

Алғадай жаңалықты Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Тамыз айының соңында Ақ­түбек ауылында жалпы құны 657 млн теңге тұратын жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген. Мұнда 150 орынды мәжіліс залымен қатар, 16 мыңнан астам кітап қоры бар оқырман залы жасақталған кітапхана ашылды.

Жалпы алаңы 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салын­ған. Бірінші қабатында 150 орын­ды көрермен залы, қызметкерлер каби­неттері, асхана, медпункт, киім ше­ше­тін орын қарастырылған. Екін­ші қабатта би залы, оқырман залы бар кітапхана, үйірмелер жұмысына және шаруашылық қажеттіліктеріне арналған бөлмелер орналасқан. Ғима­раттың қат­ты отынмен жылыта­тын жеке қазандығы бар. Нысан­ның ма­ңайы абаттандырылып, 30 шырша, қара­ғай мен емен отыр­ғы­зылған. Құрылыс жұмыстарын «Ала­көл-Асыл-Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.

Жалпы, Ақтүбек ауылындағы тұр­ғын­дардың тең жартысы – жас­тар, яғни олардың саны 520 адам. Сондықтан жаңа нысан жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, олар қоғам­ның рухани-мәдени өміріне белсене қаты­суына мүм­кіндік береді.

 

Жетісу облысы