Алматы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы және Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен жарияланған байқау қоржынына 70-тен астам материал келіп түскен. Қазылар алқасы үздік жұмыстарын қарап, журналистер мен блогерлер арасынан 10 жеңімпазды таңдады.
Дәстүрлі іс-шараға айналған шығармашылық байқауға қала өміріне қатысты материалдар журналистер, фототілшілер, бейнеоператорлар, блогерлерден келіп түскен. Үміткерлер арасында интернет-ресурстағы «Алматы өмірі туралы үздік лонгрид» аталымы үлкен қызығушылық тудырды. Тақырыпқа орай, әсіресе фотографтардан көптеген жұмыс келіп түскен.
Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов журналистер жұмысының маңыздылығын атап өтіп, қаланың даму барысына қатысты материалдар дайындап, жариялауға ерекше көңіл бөлген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғысын білдірді. Ренат Бекбергеновтің айтуынша, байқау қоржынына түскен барлық жұмыс назар аударарлықтай. Ол жеңімпаздарды келе жатқан Қала күнімен құттықтап, қоғамдағы жауапкершілігі жоғары істі атқарып жүрген қалам иелеріне шығармашылық сәттілік тіледі.
Байқау қорытындысынан мәлім болғанындай республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Арман Октябрьдің мақаласы «Алматы өмірі туралы үздік авторлық жарияланым» деп танылды.
Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы сыйлықтар табыс етілді.
АЛМАТЫ