60 кило салмақта сынға түскен 26 жастағы қандасымыз алғашқы айналымдарда румыниялық Александру Трандафир (9:0) мен армениялық Геворг Шарибаянды (3:0) шаң қаптырып, ширек финалда қытайлық Лугио Каоны (7:1) ойсырата ұтқанда, «Әп, бәрекелді!» деп алақанымызды ысқылаған едік. Бірақ жартылай финалда Айдос білгенінен жаңылды. Бұл межеде ол 23 жастағы әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем кубогының иегері, Азия чемпионы Жоламан Шаршенбековпен күш сынасты. Қырғыз балуанынан біздің жігіт осыған дейін үш рет ұтылған болатын. Соның әсері болды ма, әйтеуір, осы жолы Сұлтанбекті біз мүлде танымадық. Жоламан оны әрі де, бері де лақтырып, 7:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Айдос енді қола медаль үшін таласады.
Аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықовтың да жеңіс тұғырына көтерілуіне мүмкіндігі бар. Бастапқы бәсекеде ол ирандық Әмір Мирзазадеден (0:5) ұтылғанына қарамастан, жұбаныш белдесулерде бақ сынайды. Себебі Парсы елінің алыбы ақтық сынға алқынбай жетті. Енді алдағы бәсекелерде Әлімхан барын салады деп үміттенеміз.
Ал жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері жайында айтар болсақ, бүгін де Сербия құрамасы екі алтын медаль олжалап, жергілікті жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледі. Атап айтсақ, 63 кило салмақта Себастьян Надтың асығы алшысынан түсті. Финалда ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы грузиялық Лери Абуладзені ұтты. 67 кило салмақ дәрежесінде Мате Немеш дара шықты. Бұл спортшы Олимпиада, әлем және Азия чемпионы, ирандық Мохаммадреза Гераидан айласын асырды. 82 кило салмақта Түркияның тарланы Бурхан Ақбудақтың асығы алшысынан түсті. Финалда ол өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтан басым түсті. 97 кило салмақ дәрежесінде Олимпия ойындарының толық жүлде жиынтығының иегері, әлемнің төрт және Еуропаның бес дүркін чемпионы армениялық Артур Алексанянға тең келер ешкім табылмады. Финалда Артур болгариялық Кирилл Миоловты жеңді.