Айталық, екі жарым жылдың алдында моңғол археологтері Хувсгел (Хөвсгөл) аймағы территориясында орналасқан Ұлан-Ула (Улаан-Уул) сұмын жеріндегі Қорық тауына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Олар осындағы 13 және 21 нөмірлі қорған-обадан алтыннан жасаған жарты Ай мен бүтін шеңберлі дөңгелек Күннің бейнесін тапты.
Жұмыс тобының жетекшісі танымал археолог Ұлан-батыр қаласындағы Моңғол ұлттық музейінің ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, тарих ғылымының докторы Ж.Баярсайқан таратқан мәліметке жүгінсек, алдын ала болжам бойынша бұл жәдігер XIII-XIV ғасырларға тән бұйым көрінеді. Жәдігерлерді жасаған шебер – қаңылтырландырылған жұқа жалпақ алтын бұйымды қайшылап, қиып Ай мен Күнді жасаған деген пайым айтыпты мамандар.
Өйткені дөңгелек алтын Күннің өлшемі – 50, 33 мм болса, Айдың көлемі – 41, 54 см екен. Суреттен көріп отырғандарыңыздай Күннің екі жақ шетінде қос тесік болса, қабырға тәрізді жарты Айдың оң жақ бұрышы жырылғаны байқалады. Демек, бұл заттар ритуалдық маңызға ие. Бұлар құрмет тұтатын затта немесе рәсімдік бұйымда шапталып, жоралғы ретінде бекітулі тұрған тәрізді. Бұған жәдігерлердің бетіндегі тесіктер дәлел.
Ал біздің пайым бойынша, аталған жәдігерлер ортағасырлық мұра болғанымен, оның рухани-танымдық мәні мыңдаған жылдың алдында жатыр. Яғни бұл дүниелер біздің байырғы ғұн бабаларымыздан бері үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығы сияқты. Дәл осы пікірді жергілікті ғалым-оқымыстылар да қуаттап отыр.
Өйткені көшпелі дала тұрғыны ғұндар жайлы көптеген дерек жазып қалдырған қытайдың Хан патшалығының (б.з.д 206 – б.з. 220 ж) тарихшысы Сыма Цянь (б.з.д 140-86 ж) өзінің «Тарихи жазбалар» атты еңбегінде: «Ғұндар патшасы Шанью таңертең шыққан күнге, кешке батқан айға қарап мінәжат жасайтын қатаң дәстүрі болған», деп жазады. Осы деректен біз ежелгі ғұндар Күн мен Айды қадір тұтқанын байқаймыз.
Осы орайда, көне түркілердің ұйық мекені Өтүкен қойнауынан табылған алтынды Ай мен жарық Күн жоғарыда Мағжан ақын айтқандай, Күннен туып, жүзін отты жалынға жуған бабаларымыздан жалғасқан мұра екені анық. Оның сыртында бір-біріне іркес-тіркес орналасқан Ай мен Күн қазіргі тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік Туында бейнеленген қыран Бүркіт пен шашақты Күннің үйлесімді формасынан аумайтыны таңданарлық.
«Жалпы, мұндай бейнелер бұған дейін Моңғол даласына жүргізілген қазба жұмыстары барысында ғұн билеушілеріне тән обалардан көптеп табылуда. Осы орайда, орта ғасырда әлемге билік жүргізген Шыңғыс қаған империясы өзінен бұрын өмір сүрген ежелгі көшпенділерге тән ырым-жоралғыларды берік ұстанғаны мәлім. Бұл жәдігерлер осының дәлелі», дейді Ж.Баярсайқан.