Білім • 13 Қыркүйек, 2022

Ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мәскеу инженерлік-физикалық институты» ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды. Филиал Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен екі ел президенттерінің келісімі негізінде іске асып отыр.

Ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды

Филиалдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рек­торы Ж.Түймебаев: «Мем­лекет басшысы атап өткен­дей, ғылым мен тех­но­ло­гия­ны, инно­вацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабі­ле­тін арттыратын негіз­гі са­ла­ның бірі. Білім беру жү­йесін жеке ғылыми орта­лық­тармен және технопарктермен біріктіру – мықты зерттеу университеттерін қалып­тас­ты­руға мүмкіндік береді. Президент өз Жолдауында тех­­ни­калық мамандар даяр­лау мәсе­лесіне ерекше мән бере отырып, әсіресе жоға­ры және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білімді дамытуға стра­те­­гия­лық басымдық бе­ріп келеді. Бү­гінде әлем­дегі 500-ден аса ірі ха­лық­ара­­лық жоғары оқу ор­нымен тұрақты әріптестік байланыстағы ҚазҰУ-да МИФИ филиалының ашылуы – елімізде білікті техникалық мамандар даярлауға үлкен сер­піліс береді», деп атап өтті.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президент ба­сымдық беріп отырған жо­ғары білім беру саласында білікті мамандар даярлау мәселесінің өзектілігіне, сонымен қатар алдағы жылдарда ғылыми кадрларды оқыту, ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру әдістемесінің, қар­жы­ландыру жағының пы­сық­­талатынына жіті тоқ­талды. Ал келесі жылдан бастап ғылым саласын қаржы­лан­дыру екі есеге дейін көбейетін болады.

Жаһандық өзгерістер тұ­рақ­ты даму мәселесінде жаңа технологиялық серпі­ліс­тің аса қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл заманауи кадрлар даярлаумен тығыз байланысты. МИФИ филиалының басты мақсаты – ядролық физика, лазерлік және плазмалық технологиялар, атом энергетикасы, наноматериалдар салаларында мамандарды бірлесіп даярлау. Ол бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтиды. Білім беру бағдарламалары болашақтың мамандықтарына бағ­дар­лан­ған әрі халықаралық ин­же­нерлік стандарттарға сәйкес келеді. Осы орайда филиал студенттері сапалы инженерлік білім алумен қатар, ғылыммен де ай­на­лысады, зерттеушілік дағ­дыларды игеріп, заманауи ғылыми зертханаларда тағылымдамадан өтеді. Оқыту ҚазҰУ, сондай-ақ МИФИ базасында, ал тәжіри­бе­лік бағыттағы са­бақтар Ядро­лық физика институтында оқытылады.

Ресейдің Ғылым және жоға­ры білім министрінің орын­басары Наталья Боча­рова филиалды ашу бары­сын­дағы екіжақты келі­сім­дер, ықпалдастыққа қатыс­­ты жүзеге асқан жұмыс­тар ба­рысына тоқталып, тех­ни­калық жоғары оқу орны­ның қызметін шетелдерде ұйым­дас­тырудың өзіндік қиын­дықтары туралы айтып өтті. Осыған қарамастан, қысқа мерзімде жоба жүзеге асып, ғылымға қызығушылық та­ныт­қан жастар үшін мол мүм­кіндік ашылып отыр. Ал «Росатом» мемлекеттік корпо­ра­циясы бас директорының персонал жөніндегі орынбасары Татьяна Терентьева елімізді ғылым мен білім саласындағы стратегиялық серіктес ретінде атап өтті. «Росатом» соңғы он жылдан астам мерзімде әріптес мемлекеттер үшін ұлттық ядролық бағдарламаларға мамандар даярлау бағытындағы жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінде көрші елде ядролық бағыттағы мамандықтарда 2 мыңнан астам студент бі­лім алуда. Ал заманауи мүм­­кін­діктер кезеңінде маман­дар­ды бірлесіп даяр­лау­дың ма­ңыздылығына қа­тыс­ты мә­­селеге МИФИ рек­то­ры Владимир Шевченко тоқ­та­лып, әрі қарайғы ық­пал­дас­тық­қа сенім артты.

Қатысушылар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ашылған МИФИ ұлттық зерттеу ядролық университеті филиалының естелік тақта­сы­на қол қойып, физика-техникалық факультетіндегі аудиториямен танысты.

 

АЛМАТЫ