Меніңше, Қытай басшысы бұрын қалыптасқан жаппай әріптестік қатынасын қайталап, оны әлемдік қауымдастыққа көрсеткісі келетін сияқты. Бұл сапардың нәтижесі ретінде бірнеше келісімшартқа қол қойылады деп жоспарлануда. Бірінші кезекте, ҚХР басшысы экономикалық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Екіншіден, қазіргі геосаяси өзгеріс пен тұрақсыздық жағдайында ШЫҰ-ның шеңберінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын бұрынғы уағдаластықтар негізінде жаңа міндеттемелермен толықтыруды көздейді. Яғни өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға байланысты екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі одан сайын нығая түседі. Келіссөздер кезінде қауіпсіздік мәселесі басты орында болуы мүмкін. Ол әсіресе аймаққа үшінші бір күштер ықпалының таралуының алдын алуға бағытталуы ықтимал.
Қазіргі таңда Қытай экономикасы өте үлкен сын-тегеуріндермен бетпе-бет келіп отыр және мұны тұтас әлемдік қауымдастық көріп отыр. Ол АҚШ-пен, Еуроодақпен болған қарым-қатынастың нашарлауына байланысты туындап отырған жағдай. Қазіргі таңда АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы өте қиын дағдарысты деңгейде десек, артық айтқандық болмайды. Бұл өз кезегінде Қытайдың сыртқы экономикалық қарым-қатынасын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Қытайдың оңтүстік-шығысындағы елдер АҚШ бастаған коалицияның ықпалында. Ал Ресейдегі жағдай немен аяқталатыны белгісіз. Ауғанстандағы жағдай әлі күнге дейін күрделі күйде қалып отыр. Сондықтан Қазақстан бағыты бірден-бір қауіпсіз бағыт болып саналады. Яғни біздің дәліз – Қытайдың Еуропа елдеріне, Таяу Шығысқа, Жерорта теңізі аймағына тауар тасымалындағы бірегей әрі қауіпсіз жол. Сондықтан осы жолдың тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз ету Қытай үшін маңызды. Осының барлығын ескерсек, ҚХР Төрағасы үшін Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру маңызды.
Бұған дейін Қазақстанның экономикалық қарым-қатынастары көбіне шикізаттық секторға бағытталды. Қытай инвестициясы да осы қазақстандық мұнай-газ қорларын игеру, тау-кен өндірісін дамытуға бағытталды. Сауда-саттықта негізінен шикізатты Қытайға экспорттау, ал дайын өнімді Қазақстанға импорттау формуласы бойынша жүргізіліп келді. Бірақ соңғы 5 жылда Қазақстан Үкіметі тарапынан өндіріс саласына басымдық берілді. Тиісінше бұған Қытай да назар аудара бастады.
Сондықтан қазіргі таңда Қазақстан осы өндіріс секторын дамытуға инвестиция құюды талап ретінде қояды деп ойлаймын. Президент өткен Жолдауында елімізді импортқа тәуелділіктен арылту туралы шегелеп айтты. Бұл – өте маңызды міндет. Ендігі инвестиция өндіріс, өңдеу өнеркәсібіне бағытталуы керек. Сонымен қатар ол тікелей Қазақстанның бақылауында болуға тиіс.
Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы,
шығыстанушы