Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Съезд аясында кеше Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының ХХ отырысы өтті. Іс-шараға әлемдік және дәстүрлі діндердің 30-ға жуық өкілі қатысты. Отырысты ашқан Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев VII съезді ұйымдастыру жолында бірлесіп атқарған ауқымды жұмыс үшін барша қатысушыға алғыс білдірді. Сондай-ақ Хатшылық басшысы форум әлемдік қоғамдастық үшін аса жауапты кезеңде өткізіліп отырғанын, сондықтан оны тарихи оқиға ретінде атауға толық негіз бар екенін айтты.
«Биылғы съезд әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады десек, артық бола қоймас. Ең алдымен, бұл коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғаш рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Індет кезінде бізге диалог пен тікелей қарым-қатынас жетіспегені сөзсіз. Съезд рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев.
Съезд Хатшылығының басшысы қазіргідей шиеленістер жағдайында қатардағы азаматтармен бірге саяси лидерлерге де рухани қолдау, дұрыс құндылықтардың парадигмасы және жаңаша бағдар аса қажет екенін атап өтті.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VII съезі халықаралық қоғамдастық үшін маңызды кезеңде өтіп отыр. Бүкіл әлемге пандемия, қақтығыстар, санкциялар, климат өзгеруі және басқа да жаһандық мәселелер әлі де әсер етіп отыр. Әлемдегі геосаяси шиеленіс пен қақтығыс деңгейінің артқанын бәріміз көріп отырмыз. Елдер арасындағы сенімсіздік, соғыстар, лаңкестік әрекеттердің жалғасуы, халықаралық ұйымдардың тиімді болмауы жалпы әлемдік жағдайға теріс әсер етеді. Осындай кезеңде форумымыз халықаралық қоғамдастыққа маңызды үлес қоса алады. Диалогқа, қайшылықтарды жеңуге, қақтығыстарды тоқтатуға және бейбітшілікке қол жеткізуге шақырамыз», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы съезд барысында пандемиядан кейінгі даму тақырыбы басты тақырыптардың бірі болатынын атап өтті. Пандемия салдарынан келген экономикалық және әлеуметтік мәселелер, адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, оқшаулану тұрғындардың наразылығын туғызғанына тоқталды.
«Пандемия бізді теңгерімді экономикалық және технологиялық даму, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік, гендерлік және цифрлы теңсіздікті төмендету мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарауға мәжбүр етті. Осындай жағдайда қарапайым азаматтарға да, саяси көшбасшыларға да рухани қолдау, жаңа құндылықтар парадигмасы, дүниетанымдық нұсқаулар қажет.
Індеттен кейінгі әлемнің жаңа контурын, оның дамуының іргелі қағидаттарын діни және рухани көшбасшыларсыз талқылауға болмайтынына сенімдіміз. Неғұрлым теңдестірілген, үйлесімді және экологиялық таза әлем құру үшін саясаткерлер мен бизнестің күш-жігері жеткіліксіз екені анық.
Мұндай қажеттілікті рухани көшбасшылар мен діни қайраткерлер өтей алады. Олар әлемдік қоғамдастықты келісімге шақырып, ортақ мүддеге жұмылдырады. Сондай-ақ бейбітшілік пен адамзаттың игілігі жолында өзара диалогты қамтамасыз етеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бөлек, Сенат Төрағасы съезд жұмысына беделді тұлғалар келетінін де атап өтті. Олардың қатарында Ватикан және католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск, әл-Азһар мешітінің жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб секілді дін басшылары бар. Жалпы, форумға 50-ге жуық елден 100-ден астам делегация келеді.
Хатшылық отырысына жетекші әлемдік діндердің, халықаралық ұйымдардың және еліміздегі діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олар Қазақстанның ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту жолында жүргізіп жатқан жұмысының маңызына тоқталды.
Бұдан кейін Дүниежүзілік Ислам лигасы Бас хатшысының арнайы өкілі Абдель Азиз бен Ахмад Сархан сөз сөйледі. Ол Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Мухаммад бин Абдул Карим Иссаның Қазақстан басшылығына ыстық сәлемін жеткізді.
«Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы жиынға қатысушыларға өз сәлемін жолдайды. Сондай-ақ осындай маңызды іс-шараға қатыса алмағанына өкініш білдіреді. Шығыстан басталып, Батысқа тараған пандемия бүкіл адамзатты жұмылдырып, көзқарасын үйлесімде қалыптастыруға, сонымен қатар ашықтықты арттырды. Мұның бәрі ұлттық құндылықтың, адамдарға талаптың күшеюіне әкелді.
Қазіргі таңда адамзаттың басты мақсаты – жалпыға ортақ әл-ауқатты жақсарту. Адамзат мәселесі жергілікті, аймақтық, халықаралық және әлемдік деңгейдегі оқиғалардың орталығына айналды. Пандемия салдарынан туындаған қиындықтар мен қысым рухани өлшемі кең идеялық перспективалардың пайда болуына әкелді. Осылайша, ауызбіршілікте өмір сүруге, ынтымақтастық көкжиегінің кеңеюіне жол ашып, эпидемиялық апатты адамзаттың пайдасына айналдырды», деді Абдель Азиз бен Ахмад Сархан.
Бұдан кейін сөз кезегі Орыс православие шіркеуі Мәскеу патриархатының дінаралық байланыс жөніндегі сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің хатшысы Димитрий Сафоновқа берілді. Баяндамашы өз сөзінде съездің маңызына тоқталды. Пандемия дін құндылықтарының негізін көрсеткенін, өзара байланыс орнағанына ерекше екпін берді.
«Пандемияны Құдайдың берген сынағы ретінде қабылдадық. Қалай өмір сүріп жатқанымызға, құндылықтарымызға көз жіберуге мүмкіндік алдық. Діни өмірді шектеу арқылы дін қызметкерлерінде дилемма пайда болды. Басты мақсатымыз – жақындарымызға көмек көрсету. Бірақ өзіміздің игілігімізге зиян келтірмеу. Пандемия адамзатқа көптеген тұрмыс мәселесін туындатты. Осындай кезеңде рухани құндылықтарымызға көңіл бөлуіміз қажет. Дін қызметкерлері дәл осындай сәтте адамдардың тағдырларына ғана емес, олардың ар-ұятпен өмір сүруіне ұйытқы болуға тиіс», деді Д.Сафонов.
Отырыстағы келесі баяндаманы Дінаралық диалог бойынша Қасиетті Тақтың Папалық кеңесі Ислам бюросының меңгерушісі, монсеньор Халед Акаше оқыды. Ол өз сөзінде қауіпсіздік, азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді күнделікті қажеттіліктен бөлек, құрмет пен достық қарым-қатынасымыз үшін маңызды деп есептейтінін жеткізді.
«Мұнда не үшін жиналып отырмыз? Пандемиядан қандай сабақ алдық? Адамзат тіршілігінің қаншалықты нәзік екенін түсіне білуіміз қажет. Осындай, қол жеткізген прогрестеріміз, мысалы, медицинадағы табысымыздың арқасында пандемиямен күресіп, жедел жеңуімізге жол ашты. Сондықтан бұрынғы дәуірге қарағанда адамзат тұтастанып, біріге түсті. Біздің тағдырымыз ортақ. Бірімізге келген зауал баршамызға зардабын тигізеді», деді Х.Акаше.
Келесі құттықтау сөз Иран Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы Діндер мен мәдениеттер диалогы орталығының Ислам және христиан диалогы департаментінің директоры, доктор Захра Рашид Бейгиге берілді. Баяндамашы іргелі жиынды ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына ерекше ыстық ықыласын білдірді.
«Қазақстан халқы мен Үкіметі күш-жігерінің арқасында түрлі дін өкілдері бас қосып, жаһандық мәселелер туралы пікір алмасып, олардың шешімін іздеуіне мүмкіндік берілді. Бұл әділ болашақтың практикалық моделін тарату арқылы бейбітшілік және жанашырлықты орнатады. Адамзаттың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірлескен күш-жігерді ынталандырады деген үміт сыйлайды», деді З.Бейги.
Бұдан бөлек, Бас сефард раввинінің өкілі раввин Шломо Кук та сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстан тарапы қонақжайлылықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Осы орайда, еліміз күрделі кезеңді бастан өткергенін, Құдайдың көмегімен сын-тегеуріндерді еңсергенін жеткізді.
«Қазақстан бүкіл әлемде бейбітшілікті қалыптастыруға үлкен үлес қосып отыр. Оның азаматтары бейбіт өмірде, мұң-мұқтажсыз өмір сүреді дегенге сенім білдіремін», деді Ш.Кук.
Бұдан кейін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің күн тәртібі қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығы басшысының орынбасары Серік Егізбаев баяндама жасады.
Съезд декларациясы жөнінде Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, сондай-ақ әл-Азһар университеті Исламдық зерттеулер академиясының бас хатшысы Назір Мұхаммед әл-Нәзір Аяд, Да Лама Моңғолияның Буддистік орталығы өкілі Хунзур Бямбажаев сөз сөйледі.
Содан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлемді жайлаған пандемиялық ахуал туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, індет бір үстел басында сұхбаттасуға, аман-саулық сұрасуға кедергі келтіргенін атап өтті. Дегенмен дәстүрлі дін басшыларының ортақ мақсатта тағы да Қазақ елінің «Бейбітшілік пен келісім» сарайына жиналғанына екпін берді.
«Әлемдік пандемия көптеген ортақ игі іс-шарамызға тосқауыл болғанымен, бұл сынақ адамзат баласын, дін өкілдерін рухани тұрғыдан біріктіре түсті. Біз әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен үндеу жолдап, бір мезетте дұға жасауға шақырдық. Үндеуге әлемнің бірқатар мұсылман елі қолдау білдіріп, онлайн режімде дұға жасау рәсіміне қатысты. Бұл бастама дін қайраткерлерін бір мақсатқа жұмылдырды.
Расында, жер бетіне жайылған жұқпалы дерт әлемнің әр бұрышын мекендеген Адам ата мен Хауана ұрпақтарына өмірдің мәнін ұқтырды, адамзат баласы бұл сынақтан әлі күнге дейін сабақ алып келеді. Қазақ халқында: «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген мақал бар. Ешқандай адам өз отбасында ұрыс-керіс, қантөгіс болғанын қаламайды. Ендеше, әрбір мемлекет ортақ Отанымыз болған жер ғаламшарының бір бөлшегі емес пе?», деді Н.Тағанұлы.
Сондай-ақ жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың мүддесі екенін де жеткізді. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі қажет екеніне тоқталды.
«Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда әлемде береке орнайды. Бұл ретте Ислам дінінің жауласқанды жарастыру, дауласқанды достастыру, таласқанды татуластыру бағытындағы рөлі өте жоғары. Мейірімділік пен кешірімділік – барша қауымға ортақ қасиет. Жер бетінде осындай адамгершілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім. Барша адамзат баласын айналаға мейірім көзімен қарауға шақырамын. Жер бетіне бейбіт өмір сыйлау – адамзаттың өз қолында. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті алқалы жиыны адамзатты бірлік пен ынтымаққа шақыратын берекелік алаң болады деп сенемін», деді Н.Тағанұлы.
Отырыс барысында қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің күн тәртібін, сондай-ақ VII съездің қорытынды декларациясының жобасын талқылады. Сонымен қатар іс-шара қорытындысы бойынша съезд Хатшылығының келесі XXI отырысын 2023 жылдың күзінде Қазақстан астанасында өткізу туралы шешім қабылданды.