Пікір • 14 Қыркүйек, 2022

Ендігі үміт – Үкіметте

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған барлық мәселенің терең сараланған негізі бар. Соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесіне нақты көңіл бөлініп, қордаланып жатқан проблемалардың шешілу жолдары айқындалды.

Ендігі үміт – Үкіметте

Президент «Азаматтардың сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобалары жүзеге асырылды», деп өзін-өзі басқарудың кейбір қадамдарына қанағат білдірді. Осындай жұмыстардың шығыны аудандар мен ауылдық округ бюджеттеріне енгізілсе, мұндай жобалар жалғасын таба берер еді және жүйелі түрде жүргізілер еді. Сонда ауылдарымыз жайнап, қандас­тары­мыздың көші-қонын арттыруға өзі­нің ықпалды үлесін қоса берер еді. Қоғамдық кеңестер мен ауыл белсенділерінің өтініштері еске­рі­ліп, ауылішілік жолдарды жөн­деу, көрнекті жерлерді абаттан­дыру секілді жұмыстардың шы­ғы­ны бюджетке енгізілгеннен кейін олар­дың сапалы орындалуын бақы­лау осы ұйымдарға арнаулы тәр­тіп­пен жүктелсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жолдауда жастардың жұмыс­шы мамандықтарын алу мәселе­сі де айтылып, Үкіметтің осы мәселеге назар аударуы тапсырылды. Әйтпесе жыл сайын мектеп бітірген мыңдаған жасөспірім жұмысқа тұра алмай, мамандық ала алмай жұмыссыздар қатарын толтырады. Президент сол мәселеге назар аударып, олардың алдын ала жоспарланып, шешіліп отырғаны дұрыс болар еді деген пікірін де өте дұрыс деп санаймын.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Жолдауда халыққа қуанышты хабарлар да жеткізілді. Әсіресе 18 жасқа дейінгі балалардың әр­қайсына есепшот ашылып, оған мемлекет тарапынан арнаулы жарна салынып отыратыны өте үлкен қуаныш. Дамыған араб елдерінде, мұнайлы мемлекеттерде мұндай тәжірибе баяғыдан бар, соны біздің мемлекет кешеуілдетіп келген еді, енді сол іске асатын болыпты. Бұл әсіресе көпбалалы отбасылар үшін үлкен қуаныш. Әрі бала тууды ынталандыруға да көмектесетін ықпалды шешім. Еліміздегі халық санының өсуі өзекті мәселенің бірі екені даусыз, енді сол ептеп шешілетін болар деген үміт оянды.

Әйелдердің зейнет жасының 61-ге дейін азайтылуы да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын ақтайтын шешім болып отыр. Қазір жасы 60-қа таянған адамдарды ешқандай мекеме-ұйым­дар, кәсіпорындар жұмысқа ал­ғы­сы келмейді. Бұрыннан істеп келе жатқандарды түрлі себептермен, соның ішінде ІТ технологияны еркін игере алмағандығын себеп қылып, жұмыстан қысқартуға тырысады. Міне, осы адамдардың жұмыссыз қиналып жүргені жүректі ауыртатын еді. Енді тым болмаса әйелдер қауымы 61-де зейнетке ілегетін болды, оған да шүкір дейміз. Дегенмен осы мәселені әлі де тереңірек зерттеп, жеңілдікті ұлғайта түссе – артық болмас еді. Жалпы, биылғы Жолдау елімізге, халқымызға жақсы жаңалықтар әкелді деп санаймын.

 

Жанат МҰХАМЕДЖАНОВ,

«Солтүстік Қазақстан облысы Азаматтық Альянсы» ЗТҰ және «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы