Спорт • 14 Қыркүйек, 2022

Алькарастың аты озды

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Нью-Йоркте US Open тур­нирі аяқталғаннан кейін теннис­шілердің әлемдік рейтингі қайта жа­ңартылды. Ер­лер арасында ал­ғаш рет Карлос Аль­карас көш бастады.

Алькарастың аты озды

19 жастағы Испания өкілінің бұл табысына тамсанбау мүмкін емес. Бұған дейін де бірқатар аса ірі халықаралық турнирде табысты өнер көрсеткен ол АҚШ-тың ашық бірін­ші­лігінде де алдына жан салмады. Сөйтіп, Алькарастың есімі әлемнің бірінші ракеткасы атағын иеленген ең жас ойыншы ретінде теннис тарихында қалды. Екінші орынға Каспер Рууд көтерілді. 23 жастағы норвегиялық ойыншы үшін де бұл бұрын-соңды бағынбаған белес еді. Үздік үштікті атағы жер жарған испаниялық Рафаэль Надаль түйіндесе, ресейлік Дмитрий Медведев төртінші орынға сырғып түсті. Одан кейінгі сатыларға гер­маниялық Александр Зверев, грекиялық Стефанос Циципас, сербиялық Новак Джо­кович, ұлыбританиялық Кэмерон Норри, ресейлік Андрей Рублев және польшалық Хуберт Хуркач жайғасты. Қазақстан ойыншылары арасында АТР рейтингінде ең үздік көрсеткіш Александр Бубликке тиесілі. Ол 44-орынды иеленді.

Әйелдер арасында 21 жастағы поляк қызы Ига Швёнтек алдына жан салар емес. US Open турнирінде ол әлемнің бірінші ракеткасына сай өнер көрсетті. Швёнтектен финалда ұтылған мысырлық Онс Жабер екін­ші орынға көтерілді. Сон­дай-ақ ТОП-10 теннисшінің қатарында Анетт Контавейт (Эс­тония), Паула Бадоса (Испа­ния), Джессика Пегула (АҚШ), Ма­рия Саккари (Грекия), Арина Со­боленко (Беларусь), Коко Гауфф (АҚШ), Симона Халеп (Ру­мыния) және Каролин Гарсия (Фран­ция) бар. Үздік­тер тізімінде Елена Рыбакина 25-орында тұрса, Юлия Путинцева 36-сатыға жайғасты.