Өнер • 14 Қыркүйек, 2022

Мақсаты биік мүсінші

680 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бейнеулік мүсінші Болатбектің қиялында сұлбасы қаланып, қолымен сомдалған мүсіндерге қарап, еліміздің ескерткіш, мүсін өнеріне соны леп, жаңа түр, қанық ой мен идея келгендей сезіндік.

Мақсаты биік мүсінші

1991 жылы жазда Бейнеу­де өмір­ге келген Болатбектің өнерге қызы­ғушылығы үш жасынан белгілі болған. Сол кезде-ақ балшықтан жануарлар мүсінін жасап, майлы бояумен карти­налар сала баста­ған Болатбектің бо­йын­дағы шеберлік, өнерпаздық сурет салуға құштар ата-анасы­нан дарыған болуы керек. О.Таңсықбаев атындағы Ал­маты көркемсурет учили­щесін бітіріп, 2011 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінен мүсінші мамандығын меңгеріп шыққан жас жігіт аталған оқу орнынан өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алады. Гипс­тен, ағаштан, шыны плас­тиктен және қоладан мүсін­дер сомдайтын оның өнеріне қызығушылықпен қарап, тапсырыс беретіндер де аз емес. Бүгінде 40-тан астам еңбектің біріне автор, біріне қатысу­шы, біріне орындаушы болған Болатбек Салаевтың туындылары еліміздің біраз қаласында бой көтеріп келеді.

– Өз қиялымнан туында­ған дүние­лер – авторлық еңбек­тер, ал кей жағ­дайларда жоба­с­ын сызып немесе шағын мүсін­ді жасап келіп ұсы­натындар болады, оған өз идеяларымды қоса отырып олардың ұсынысын орындаймын, бұл – орындаушылық еңбек. Ал зәулім ескерткіштерді тұр­ғы­зуға бірнеше адам қатарында қатысушы болып атсалысамын, – дейді Болатбек.

Ол Өскемен қаласында­ғы биіктігі 7 метрлік қоладан соғылған «Қаратай батыр» ескерткішін салуға қатыс­са, Батыс Қазақстан облы­сында «Қадыр Мырза Әли», Қыр­ғызстанда «Абай Құнан­баев», астанадағы Қазақ академия­лық драма театрының «Алпа­мыс батыр» ескерткіштерін салуда орындаушы­лық қыз­метін атқарған. Бұлардан бас­қа Қостанай қаласынадағы «Фемида» қола мүсіні мен «Кәмшат Дөнен­баева» қола бюс­тінің, Татарстандағы ­қола­дан «Тайқазан», Алматы облысына Өтеген батыр, Атырау қала­сына «Үш би», Қызылорда облысында «Роза Бағланова» ескерткіштерінің орын­даушы­сы болса, Маңғыстау облы­­сы­ның Бейнеу ауданында және Тараз қаласында «Анаға тағзым», Шы­ғыс Қа­зақстан облысында «Абай Құ­нанбаев» ескерткіштері­нің, Маң­ғыстау облысындағы Баутин село­сында «Балық­шылар» мүсінінің, елор­­да­дағы «Дулыға», «Киіз үй» кон­струкцияларының, «Юнус Эмре» ескерткішінің, Пет­ропавл қаласын­да­ғы «Жам­был Жабаев» ескерткіші­нің авторы. Сондай-ақ Ақтау қа­ласын­да теңіз жағасына пластик, бетон­нан парктік мүсіндер топтамасын жасап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия уни­­верситетінің мұражайында гипс­тен ав­тор­лық «Болашақ данышпан» атты мүсінді сомдады және Қоста­най қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған 40 бюс­тің автор­ларының бірі.

е

Алдына үлкен мақсаттар қойған Болатбектің еңбегіне халық жоғары баға беруде. Ойы терең, қиялы жүйрік, шынайы шебердің туындылары­на қарап мүсін өнерінде батыр­ды жалаң қауқитып, жырау­ды домбырамен қонжитып, ақын-жазушыны үстелге таңып жасай салатын қарадүрсін идея ауылынан алыстадық деп қуануға болатындай. Болат­бек қолтаңбаларындағы қаза­қылыққа тән құнарлы бояу, шынайы көрініс, тарихи де­рек, махаббат, сезім мен да­рын­дылық, сондай-ақ ойлану, толғану, шабыттану, ша­мыр­қану, арқалану тәрізді көңіл күй сәттері бір-бірімен тоғысқан тұтастық көзге ұрып, көңілге қона кетеді.

Болатбектің өнерге құш­тарлығын оятқан әкесі Ерке­бай Салаев жеке кәсіпкер бол­са, анасы Бақтыгүл Ақмыр­заева «Қазақстан темір жолы» ­компаниясында қызмет ат­қа­рады. Жұбайы «Наз» би театры­ның балет әртісі Құ­ра­лай екеуінің отбасында Абду­рахман мен Бейбарыс атты өрендер өсіп келеді.

Өз ісіне қызығушылықпен, жауап­кершілікпен қарайтын Болатбек сынды жас мүсін­ші­лер еліміздің ескерткіш сала­сын­дағы жаңа бейнесін қалып­тастырады деп сенеміз.

 

Маңғыстау облысы