Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2022

Абай мен домбыраны құрметтеп...

1073 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниеде тек Құдай мұңсыз. Тә­ңі­рі­нің құдіретін көрем десең тауға бар. Жалғыздық Құдайға жарасар. Таңғы нәсіп – Тәңірден. Жыртық үйдің Құдайы бар. Құдайсыз қурай сынбайды. Осылай жалғаса беретін қазақтың Құдай туралы сөзінің қашан, қай ғасырда қол­да­нысқа енгенін нақты білмесек те, әзел­ден жаратылыстың сыры мен сипатын тереңінен тануға құштар екенін көреміз. Халқымыздың қанындағы то­ле­рант­ты­лық­тың тамыры табиғатпен етене туған жаратылыс тілін жүрекпен түсінуде болар, бәлкім.

Өркениеттер үйлесімінің үлкен шаңы­рағына айналған Қазақ елінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында жаһанның жан-жағынан таспиық тартқан, дағаралы ақ сәлде киіп, шапанын шарт буынған, желбегей жамылған төрткүл дүниенің тақуалары, дінбасылары елордамызда бас қосты. Діндер құрылтайының биылғы басты меймандарының бірі Рим Папасы Франциск те арнайы келіп, Әділетті Қазақстан құрудағы жаңа бастамаларға, ел­дің өсіп-өркендеуіне, дамуына деген ақжарма тілегі мен киелі дұғасын арнап жатыр. Лайым қабыл болсын!

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Орталық Азия елдері арасында католик қауымының ең көп өкілі біздің елімізде тұратынын айта кеткен ләзім. Сондай-ақ биыл алақандай қала-мемлекет болса да, дүйім дүниені аузына қаратып отырған Ватикан мен Қа­зақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы съезд алғаш шақырылған 2003 жылдан бері Рим Папасының екі мәрте конфессияаралық диалогқа қатысуы Қасиетті Тақтың Қазақстанның әлемдегі келісімді сақтау мен тұрақтандырудағы жан-жақты ізгі саясатын қолдайтынын көрсетеді.

Кешегі ізгі жүздесулерде Понтифик қазақтың «Береке басы – бірлікте» деген тәмсілін тіліне бекер тиек еткен жоқ. Біз де қазір шырпы тисе лау ете қалатын қураған қаудың ортасында қалғандай күрделі геосаяси күй кешіп отырған әлемнің бір бөлшегіміз. Бір тудың астында болған бұрынғы одақтас елдердің кейбірінің арасындағы алауыздыққа араағайындық көрсету де осы съезге қатысып жатқан қасиетті дін өкілдерінің миссиясы болмақ. Өйткені ізгі сенім ешуақытта соғысты қолдамайды, нақақ қан төгуді айып­тайды. Сондықтан Қасиетті Тақтың қазақ тәмсілін еске алуы ұлтымыздың ұйысып отырғанына тәнті болуы, бейбітшілікті сақтауға үлгі қылуы деп түсіндік.

«Бүгінгі ең басты қауіп-қатер – кедейлік. Абай осыны байқаған. Әділетсіздік, теңсіздік орын алып тұрған кезде сенімнің болуы қиын», деді Католик шіркеуінің басшысы. Францисктің бұл сөзі шын мәнінде халықшыл, адамзаттың алдағы ахуалына алаңдаушылық білдірген үндеу. Сондай-ақ елдегі халықтың табысын арттыру туралы бастамаларға дем беретін қолдау.

Ең бастысы, елімізге жиырма жыл бұрын келген Рим Папасы ІІ Иоанн Павел де Абай­дың ғақлиясын ана тілімізде еске алған-ды. Қазақ жерінің қуғын-сүргін көріп, азапқа түскен, айдалғандар мен қаһармандар жері екенін, ойшылдар мен суреткерлер елі еке­нін айтып, ынтымақтастық пен бей­бітшілік рухында ештеңеден тайынбауға тілек біл­дірген.

Міне, бір жарым ғасыр бұрын ғана Шың­­­­ғыстаудың шоқтығынан шартарапқа ой жүгірткен хакімнің асыл сөздерін алты құр­лыққа жайылған алып діннің қайрат­кер­лері еліміздің төріне келіп айтуы да айрықша толқытады.

«Мен домбырамен сөзімді, тілегімді үй­лестіргім келеді», деп бастаған  шынайы ойын Франциск қазақ ұлт аспабының екі ішегі ежелгі заман мен осы уақыттың сырын шертетінін, домбыраның үні – қай­шыласқан әлемнің, яғни жауыздық пен мейірім, соғыс пен бейбітшілік, сүреңсіздік пен сұлулық арасын жалғайтын үйлесім екенін жеткізді.

Понтифик осы ұшы-қиырсыз Ұлы да­ладағы қиындыққа қайсарлықпен қарсы тұ­рып келе жатқан халқымыздың өмірсүйгіш қасиетін айтуда да киелі аспаптың тіл ұшына оралатынына тоқталуы шын мәнінде тұла бойды шымырлатқан жылы ағыс сықылды әсер қалдырады.

Дін тазасын ой табар деген де осы шығар, әсілі. Рим Папасының Қазақ елінің таби­ға­тын қазақы қалыпта түсінуі қуантты. Бұл біле білгенге, елімізге, халқымызға, дәс­түрімізге деген үлкен құрмет!