Діни ұстамдылық – баршаға ортақ сипат
– Қонақжай Қазақ жеріне қош келдіңіздер! Әлемдегі ең беделді рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру – біз үшін зор мәртебе. Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискіге ілтипатымды білдіремін. Сіз діндер және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қостыңыз.
Көне әл-Азһар ислам университетінің Бас имамы, жоғары мәртебелі доктор, Шейх Ахмад ат-Тайебтің елімізге арнайы келгеніне қуаныштымын. Қазақстан халқы өзіңізді қазіргі мұсылман әлемінің көрнекті ойшылы ретінде құрмет тұтады. Сіз дін жолында адал қызмет атқарып, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы православ христиандары Қазақстанда бірлік пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып отырғанын жеткізді. Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен таяуда өткен кездесуін еске алып, Қазақстандағы конфессияаралық диалогті дамытудағы еліміздің күш-жігеріне қолдау білдіргенін атап өтті.
– Ортамызда Израильдің Бас ашкенази раввині Давид Лау және Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Йосеф отыр. Біз еліміздегі иудей қауымының өкілдерімен бірге бұл сапарға ерекше мән береміз. Баршаңызға шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогті нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді.
Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлерге және сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Съезд өткізу туралы бастамамызға сіздердің қолдау көрсеткендеріңіз еліміз үшін өте маңызды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі Қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат, – деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы Алматы облысындағы Қойлық деген орта ғасырдағы қаланы мысалға келтірді. Сол жерде қазба жұмыстары жүргізіліп, ХІІ–ХІV ғасырларда осы қалада ислам, христиан және буддизм дінінің ғибадатханалары іргелес тұрғаны анықталды.
– Шын мәнінде, Қазақстан аумағы барлық әлемдік діннің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті. Мұсылмандар Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Ясауидің кесенелеріне, Бекет атаның жерасты мешітіне және басқа да қасиетті жерлерге барып, зиярат етеді.
Таразда VIII ғасырда несторианшыл христиан шіркеуінің іргетасына салынған ең көне мешіт бар. Біз православие ғибадатханасы – Алматыдағы Вознесенск кафедралы шіркеуін мақтан тұтамыз. Осынау бірегей тарихи және сәулет ескерткіші әлемдегі ең биік ағаш храмдардың бірі саналады.
Солтүстік Қазақстан облысында Католик рухани орталығы орналасқан. Сталин репрессиясы және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл орынның арқасында Қазақстанға жер аударылған поляк қауымы аштықтан аман қалды. Соның естелігі ретінде Құдай ана ескерткіші орнатылған. Оны кезінде Рим Папасы ІІ Иоанн Павел дәріптеді.
Бүкіл әлемдегі еврейлер үшін раввин Леви Ицхак Шнеерсоннің Алматыдағы кесенесі қасиетті саналады. Қазақстан астанасында Орталық Азиядағы ең үлкен синагога «Бейт Рахель Хабад Любавич» орналасқан, – деді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды.
– Қазіргі уақытта 100-ден аса этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы және бірегей артықшылығы деп санаймыз. Еліміздегі және бүкіл әлемдегі диалог пен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан саясатының маңызды бөлігі. Бүгінгі съезд – соның айқын көрінісі. Осыған дейін өткен форум декларацияларында радикализм, зорлық-зомбылық және қақтығыстар табанды түрде сыналды. Қандай идеяны желеу етсе де, мұндай әрекеттерді еш ақтауға болмайтыны анық айтылды. Қазіргі күрделі кезеңде дінбасылардың бір үстел басында жиналуы айрықша маңызды. Олар кез келген мәселе бойынша ортақ пайымға келіп, тіл табысуға болатынын бүкіл адамзатқа паш етеді. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында, – деді Президент.
Татулық пен табысқа жетудің басты кепілі
Мемлекет басшысы коронавирустың таралуы экономика, саясат, әлеуметтік қатынастар сияқты өмірдің барлық саласына қатты ықпалын тигізді деп санайды. Карантиндік шаралар тауар тасымалдау жолдары мен қызмет көрсету, туризм, көлік және басқа да салаларға кері әсерін тигізді. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік шығындардың артуы экономиканың құлдырауын тежеді, бірақ жаһандық инфляцияның өсуіне ықпал етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленіс үдей түсті.
– Бұл конгрестің тақырыбы – пандемиядан кейінгі кезеңде адамзатты дамыту. Коронавирустың таралуы барша әлемге, саясатқа, экономика мен әлеуметтік қатынасқа ықпалын тигізді. Өкінішке қарай, дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесі бұл жаһандық мәселені еңсере алмады. Осы індетпен күрестің өткір кезеңі біржақты ұлтшылдықтың, вакциналық ұлтшылдықтың өршуіне, экспорт пен саяхаттың жабылуына, халықаралық институттардың әлсіреуіне әкеп соқты. Сондықтан жаңа пандемия қаупін ескере отырып, денсаулық сақтаудың жаһандық бірлескен механизмдерін мұқият қайта қарау қажет.
Бұдан бөлек, халықаралық сауда, экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ дамушы елдерге қолдау көрсетудің жаңа тәсілдері қажет. Карантин шаралары жеткізу тізбектерін бұзып, туризм, қызмет көрсету, көлік және басқа да салаларға жағымсыз әсерін тигізді. Дағдарыс әлемнің дамушы елдеріне ауыр тиіп, кедейшілік пен теңсіздікті күшейтіп, жаһандық инфляцияға әкелді. Әлемнің дамуы тежелген аймақтарында азық-түлік тапшылығы туындады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемдік державалар арасындағы геосаяси қарсылық күшейіп, шартараптың түрлі аймақтарында шиеленістің көбейгенін атап өтті. Бұған дейін қалыптасқан халықаралық қауіпсіздік жүйесі сын көтермей тұрғанына тоқталды.
– Экстремизм мен терроризм – әлі де ең күрделі сын-қатер. Санкция салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыс көмірқышқыл газдары шығарылымын нөлдік деңгейге түсіруге кедергі келтіреді. Бұл сынақтарға бейжай қарай алмаймыз. Кейінгі жиырма жылдағы табиғи апаттар, көпшілігі климат өзгеруіне байланысты шығын шамамен 3 триллион долларға жетті.
Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол – ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа жүйенің қауіпсіздігі адам өмірінің абсолютті құндылығы, бір-бірінің мүдделерін құрметтеу, өзара көмек, ашықтық, теңдік және әділдік сияқты қағидаттардан құрылады деп санайды. Бұл мәселеде адамгершілік бедел мен рухани көшбасшылардың сөзі өте маңызды.
– Осы орайда Рим Папасы Франциск пен әл-Азһардың Жоғарғы имамы, Ахмад ат-Тайебтың «Адамзаттың бауырластығы дүниежүзінде бейбітшілік пен бірге өмір сүру үшін» құжатында айтылған үндеуінің үлкен тарихи мәнін атап өткім келеді.
Бүгінде бәріміз бір-бірімізге тәуелдіміз – сындарлы диалог пен өзара тиімді ынтымақтастықсыз ешбір жаһандық проблеманы шешу мүмкін емес. Еліміз халықаралық аренада бейбітшілікке, жан-жақты қауіпсіздікке және орнықты прогреске қол жеткізуге бағытталған қағидаттарды дәйекті түрде алға тартып келеді.
Қазақстан – ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыс көшбасшыларының бірі. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы бастама көтердік. Келешекте бұл ұйымға айналуы тиіс. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне, ЕҚЫҰ-ға, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық еттік, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев съезд қатысушыларына арнаған сөзінде Қазақстан дамудың конструктивті мәселесін өңірлік және жаһандық деңгейде жан-жақты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын айтты. Ал еліміздің ішкі мәселесінде бірлік, ынтымақ және тиімді диалог негізгі басымдық саналады. Бүгінде еліміз ауқымды реформалар бағдарламасын жүзеге асырып, Әділетті Қазақстанды құруға кірісті.
– Біздің жаңа экономикалық саясатымыз жалпыұлттық табысты әділ бөлуге және барлық азаматтың әл-ауқатын теңдей арттыруға бағытталған. Біз халықаралық сауда мен инвестициялық серіктестікті тереңдетуді қолдаймыз. Энергетика және өндіруші салаларда экологиялық талаптарды дәйекті түрде күшейтіп, балама қуат көздерін пайдалану ісін кеңейтіп келеміз, – деді Президент.
Адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістегі дін мен рухани көшбасшылардың рөлін қайта зерделеуге бағытталған бірқатар тезисті талқылауға ұсынды.
– Бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған сын-тегеуріндер жаһандық процестердегі дін көшбасшыларының рөлін ой елегінен қайта өткізіп, түсінуімізді талап етеді. Осыған орай бірнеше тақырыпты айқындағым келеді. Біріншіден, бүкіл дәстүрлі дінді адам өміріне құрметпен қарау, өзара құрмет, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру сынды негізгі ұстанымдар біріктіреді. Мұндай ұстанымдар жаңа әлем жүйесінің іргетасы болатынына сенімдімін. Біз мәдениетке, экономика мен қоғамға қатысты теориялық тұжырымдар мен практикалық әдістерді түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Өркениеттің шынайы болмысы мен мәнін сақтау үшін қоғамның барлық саласына ауқымды реформалар қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің пікірінше, рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогі бүкіл адамзатқа қазіргі текетірестерден шығу жолын көрсетеді.
– Осындай ауқымы диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан қақтығыс ошақтарындағы әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы гуманизм идеалдары мен берік рухани құндылықтарды ілгерілетуге шақырды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар адам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Пандемия бұл үдерісті жылдамдатып, күшейте түсті. Цифрлық коммуникациялар, интернет пен әлеуметтік желілер бүкіл жер шарындағы адамдар арасындағы шекараны бұзып, маңызды рөл атқарады.
– Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу.
Қазіргі күрделі кезеңде съездің тарихи мәні артып отыр. Өйткені халықтар арасындағы келісімді нығайтып, пандемиядан кейінгі әлемде әділетті қоғам құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда, ашық диалог орнату өте маңызды. Дін көшбасшыларының VII съезі тың идеяларға жол ашып, баршамызды биік белестерге жеткізеді деп сенемін. Біздің мүддеміз және ниетіміз – бір. Бәріміз де бейбіт әрі берекелі болашаққа қадам басуды қалаймыз. Осы игі мақсатқа бірге жетейік! Съезд жұмысына табыс тілеймін! Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! – деді Қазақстан Президенті.
Жиынға төрағалық еткен Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өркениетаралық диалогтің бірегей және айтулы алаңына айналғанын атап өтті.
«Бұл форум – Қазақстанның әлемдегі түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтуға, келісім пен бейбітшілікті дәріптеуге қосқан нақты үлесі. VII съезд адамзаттың пандемиядан кейінгі кезеңдегі рухани және әлеуметтік дамуындағы дін лидерлерінің рөлі тақырыбына арналып отыр. Форумға әлемдегі аса көрнекті рухани көшбасшылардың қатысып отырғанын айрықша атап өткен жөн.
Съезге қолдау білдіргені үшін Аса Қасиетті Рим Папасы Францискке, Аса құрметті шейх Ахмад ат-Тайебке және форумға қатысып отырған барша дін лидерлеріне мен меймандарға шын көңілден алғысымызды білдіреміз.
Жалпы, бұл съезге әлемнің 50 елінен 100-ге жуық делегация қатысып отыр. Отырысымызға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да дәстүрлі діндердің құрметті өкілдері келді. Сонымен қатар қонақтардың қатарында халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар, саяси және қоғам қайраткерлері, ғалымдар да бар», деді М.Әшімбаев.
Рим Папасы Абайдың сөзіне сүйенді
Бұдан кейін Рим Папасы Франциск сөз алып, съезге қатысушыларға құттықтау тілегін білдірді. Понтифик Қазақстанның адами қарым-қатынасты басшылыққа ала отырып, маңызды кездесулер ұйымдастырып отырғанына екпін берді.
– Құрметті әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары мен өкілдері! Біз ғасырлар бойы үлкен керуендер басып өткен елде бас қосып отырмыз. Осынау топырақта ежелгі Ұлы Жібек жолы арқылы көптеген тарих, идея, сенім мен үміт тоғысқан. Қазақстан тағы да алыстан келгендерді қошеметпен қарсы алатын елге айналсын. Адами қарым-қатынасқа, құрметке, шынайы диалогке, әрбір адамның мызғымас қадір-қасиетін құрметтеуге және өзара ынтымақтастыққа бағытталған жаңа бағыт ашсын. Бауырластық, бейбітшілік мақсатына бірге баратын жол салсын, – деп тілегін білдірді Рим Папасы.
Содан кейін қазақтың киелі домбырасын мысалға келтіріп, оның үні Абаймен үндес екенін алға тартты.
– Қазақстанның ең ұлы ақыны және қазіргі әдебиетінің атасы, домбырамен жиі бейнеленген ағартушы және композитор Абайды мысалға келтіремін. Шартарапқа танымал, дінге берік ақын халқының асыл жанын бейнелейтін шығармалар қалдырды. Оның дана парасаты, кішіпейіл сұрақ қою арқылы тыныштыққа ұмтылуы, даналықты іздеуі, әрдайым түрлі тәжірибелерден шабыт алуға шақыруы өнеге. Абай «Тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?» деген көнермейтін сауалды қоя отырып, бізді сынайды.
Осындай сұрақтар адамзаттың дінге деген мұқтаждығын көрсетеді. Ол жердегі мүдделерді қанағаттандыру немесе таза экономикалық қарым-қатынас орнату үшін өмір сүрмейтінімізді еске салады. Өмірдің мәнін түсіну, рухани тұрғыда тәрбие алу секілді өзекті мәселелерге терең бойлауымыз керек. Абай айтқандай, «көкірегі, көңілі тірі» болуымыз қажет, – деді Франциск.
Понтифик әлем дін басшыларынан рухани тазалықты, сананың тазалығын күтетінін атап өтті. Шынайы діндарлықты іздейтінін жеткізді. Фундаментализмнің әрбір наным-сенімді бұзатынын түсінетін уақыт келгенін алға тартты.
– Дінге сенімсіздік пен менсінбеушілікке әкелген, қазіргі қоғамдағы тұрақсыздықты тудыратын әңгімелерді ысырып қоятын уақыт келді. Бұл жердегі мемлекеттік атеизмнің мұрасы жақсы белгілі. Атеизм ондаған жыл бойы тамырын жайды. Сол кезде дін сөзі адамдар үшін проблемаға айналатын еді. Шын мәнінде, дін проблема емес. Керісінше, бұл – қоғамда үйлесімді өмір сүру шешімінің бір бөлігі. Мәңгілік өмірге ұмтылу және бауырластықтың қасиетті құндылығы геосаяси, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және рухани дағдарыс кезеңінде біз қабылдайтын шешімдерге үлес қосып, сәуле тастауға тиіс. Әр адамның жүрегіндегі мәңгілік өмірге құштарлыққа және тыныштыққа жауап беру үшін бізге дін керек.
Сол себепті шынайы адамның және тұтас дамуының маңызды шарты – дін бостандығы. Абай айтып кеткендей, «иландым, сендім демек иландырамын, сендіремін деген емес». Діни еркіндік – ілгерілетуді қажет ететін басты, негізгі және ажырамас құқық. Ол тек ғибадат бостандығымен шектелмегені жөн. Әр адам өз сеніміне ешкімді міндеттемей-ақ көпшілік алдында куәлік беруге құқылы. Бұл – уағыздың дұрыс әдісі. Бұл – прозелитизм мен индоктринацияға қарсы. Өміріміздегі ең маңызды сенімдерімізді саудаға салу қоғамды орасан зор қазынадан айырады. Екінші жағынан, діни, этностық және мәдени айырмашылыққа қарамастан сыйластықпен өмір сүретін қоғамға еңбек ету – әркімнің ерекшелігін арттырудың, әртүрлі екенімізді құрметтей отырып, адамдарды жақындастырудың және ұмтылыстарын ілгерілетудің тиімді жолы, – деді Рим Папасы.
Ауыр кезеңде ауызбіршілік керек
Франциск осындай қадам арқылы діннің мәңгілік маңызы мен оның заманымыздағы өзектілігі аңғарылатынын атап өтті. Қазақстан дін басшыларының дүниежүзілік конгресін өткізу арқылы мұны дәріптеп жүргеніне екпін берді.
– Биылғы кездесу пандемиядан кейінгі әлемде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі туралы ойлауға шақырады. Осалдық пен жауапкершілікті түсіндірген пандемия төрт жаһандық сынақтың біріншісін білдіреді. Бұл сын-қатерлер бәрімізді, соның ішінде діндерді ауызбіршілікке шақырады. Коронавирус бәріміздің тағдырымыз бір екенін көрсетті. Абай айтқандай, «біз – жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз». Өзімізді осал сезіндік, бәріміз көмекке мұқтажбыз, ешқайсымыз толықтай тәуелсіз емеспіз, өзімізді толықтай қамтамасыз ете алмадық. Дегенмен бәрімізді алаңдататын шұғыл қауіп-қатерді бірге еңсеру керек екенін мойындамай, ынтымақтастық сезімін босқа жібермеуге шақырамыз. Діндер бұған бейжай қарамауы керек. Олар адамзатты ауыр сынақ кезінде бірлікке шақырады.
Осалдығымыз бен жауапкершілігімізді еске түсіре отырып, пандемиядан кейінгі әлемде дін ұстанғандар қамқор болуға тиіс. Адамзатқа қамқорлық жасауымыз керек. Мұндай талапшыл миссияға қалай кірісеміз? Қалай бастаған жөн? Біз кедейлерді тыңдаудан, пандемиядан ең көп зардап шеккен кедейлер мен мұқтаждарға жаһандық тұрғыда ынтымақтастық білдіріп, жаһандық теңсіздіктер мен теңгерімсіздіктен зардап шеккендерге құлақ түруден бастаймыз. Көптеген адам бүгінгі күнге дейін вакцина салдыртқан жоқ. Байлығы көп, берері аздарды емес, кедейлердің қамын күйттейік. Ар-ұжданның батыл үні болайық. Заманымызда елеусіз қалғандарға, мұрасыз, кедей және дәрменсіздерге, үні естілмейтіндер мен азап шегетіндерге қолдау білдірейік. Өйткені кедейлік індеттердің және басқа да үлкен қауіп-қатердің таралуына жол ашады. Кедейлік – қазіргі басты мәселенің бірі. Абай асқан зерделілікпен еске салғандай, «қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?» Теңсіздік пен әділетсіздік көбейген тұста коронавирустан өткен вирустар – өшпенділік, зорлық-зомбылық және терроризмнің соңы болмайды, – деді понтифик.
Абайды мысалға келтірген Рим Папасы өткен күндердің қателіктері мен кемшілігін ескеріп, билікке құштарлықты күшейтпеуге шақырды.
– Абай айтқандай, «қиянатшылыққа бір қарар тұрған адам – я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман». Әрқайсымыз жамандықтан тазаруымыз керек. Қазақтың ұлы ақыны осыны талап етеді. «Үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды», – дейді ол.
Қатаңдықпен, экстремизммен және фундаментализмнің түрлерімен Құдайдың есімін қорлайтын және оны өшпенділік, фанатизм және терроризм арқылы мансұқтайтын, адамның бейнесін де бұзатын және төмендететін деструктивті түсініктерден арылайық. Абай айтқандай, «адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім... Ол – Жаратқан Тәңірінің ісі». Ешқашан зорлық-зомбылықты ақтамаймыз. Қасиеттілікті арам адамдардың пайдалануына ешқашан жол бермейік.
Құдай мен бейбітшілік – егіз ұғым. Ол бізді соғыс жолына емес, әрқашан бейбітшілікке бағыттайды. Олай болса, қақтығыстарды күшпен, қару-жарақпен және қоқан-лоқымен емес, аспан жарылқаған және адамға лайық жалғыз әдіспен – кездесу, диалог және келіссөздер арқылы шешуді талап етейік. Жастар үшін бейбітшілік қажырлы келіссөздердің нәзік нәтижесі ретінде емес, олардың даму мен жарқын болашаққа деген ұмтылысы болғаны қажет. Осы тұрғыдан алғанда Абай өзгенің білімін, тарихын, әдебиетін қабылдау үшін алдымен өз мәдениетінің шегінен шығуды, білім алуға үндейді. Қаруға емес, білімге инвестиция салайық, – деді Франциск.
Съезде сөйлеген сөзінде Рим Папасы мигранттарға бауырмалдық танытуға үндеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда адамды қабылдау қиындап барады.
– Күн сайын туған және тумаған балалар, мигранттар мен қарттар шетке ысырылғанына куә болып отырмыз. Мұны дүние жүзінің есіне салу – бәрінен бұрын біздің міндетіміз, діндердің міндеті. Қазір соғыстың, кедейліктің, климат өзгеруінің және жаһанданған әлемнің салдарынан халық жаппай қоныс аударып жатыр. Бұл – күнделікті жаңалық қана емес, үйлесімді және көреген шешімдерді талап ететін тарихи оқиға. Мигранттарды қабылдау, сүйемелдеу керек, – деді Рим Папасы.
Франциск өз сөзінде ұлы Абайдың айтқанына, қазақтың сөзіне қайта-қайта оралып отырды.
– Қазақ тілі бізді қонақжайлылыққа шақырады. «Сүйіспеншілік» сөзі біреуге ілтипатпен қарау деген мағынаны білдіреді. Осы мекендегі дәстүрлі мәдениет «Адамға кездескенде, оларды бақытты етуге тырыс, өйткені сен оларды соңғы рет көрген шығарсың» деген танымал мақалмен үндес. Далаға тəн қонақжайлылық əрбір адамның мызғымас құндылығын көрсетеді. Абай «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», деп мұндай достық баршаға ортақ екенін алға тартады. Себебі өмір мен ақыреттің мәні ортақ. «Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің...», дейді Абай.
Понтифик Абай әлеміне үңілу арқылы қазақтың болмысына да терең бойлаған тәрізді. Біз осыны түсіндік.
Понтификтің сөзіне сүйенсек, климаттың өзгеруі тұрғысындағы проблема пандемияға тікелей қатысты болып тұр. Орманды жерлерді аяусыз жою, жануарларды заңсыз сату секілді мысалдарды келтірген Рим Папасы бұл мәселеде мұқият ойланудың маңызына тоқталды.
Алдымызда тұрған тағы бір жаһандық міндеттердің бірі – ортақ үйімізге қамқорлық. Климаттың жедел өзгеруіне қарсы табиғатты қорғауымыз керек. Табиғат пайда табудың құрбаны болмай, болашақ ұрпақ үшін сақталуы қажет.
«Безендіріп жер жүзін
Тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер», деп Абай айтқандай үйімізді қорғауға тиіспіз, – деді Рим Папасы.
Бүкіл әлем бейбітшілікке мұқтаж
Бұдан кейін сөз алған әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайеб адамзатты жаһандағы апаттардың себебі туралы ойлануға үндеді. Оның айтуынша, әлем коронавирустан ес жиып үлгерместен басқа да қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
– Бұл табиғи, саяси және экономикалық апаттарды адам өзімшілдігінің кесірінен өз қолымен жасап алды. Ол апаттар адамзатты теңселтіп тастады. Қасиетті Құранда бұл екі құбылыс пен олардың салдары туралы осыдан шамамен XV ғасыр бұрын айтылған. Қасиетті кітапта адамның жер бетіндегі істердің бәріне килігуі туралы бар.
Біздің ойымызша, адамзат жаһандық жылыну, орман өрттері, қалаларды су басу және сел жүру қаупі, кейбір өзендердің тартылуы, көптеген тірі тіршілік иелерінің қырылуы сияқты табиғат пен климаттың күтпеген өзгерістерінен қорқыныш пен үрей сезініп жатқанын көзіміз көріп отыр. Бұл апаттарды адам өзінің пиғылынан, салғырттығы және басқаларға немқұрайлы қарауынан туындатқанын ұмытпауымыз керек, – деді әл-Азһардың Жоғарғы имамы.
Ахмад ат-Тайеб әлемді жаулап алған түрлі проблемалар адамзаттың өз қолымен жасалып жатқанын және оларды шешу қолдағы мәселе екенін жеткізді.
– Бүкіл әлем бейбітшілікке мұқтаж. Науқас дертіне шипа іздегендей біз бәріміз бейбітшілікке ұмтылып жатырмыз. Пандемиядан кейінгі кезде осы Әлемдік діндер лидерлері съезінің ұйымдастырылуы жердің Батысы мен Шығысындағы адамдардың ұмтылысы бір екенін білдіреді. Қазір адамзат басында проблема көп. Экономикалық жағдайлар, табиғи апаттар, құдайсыздыққа құрылған жалған діндер, күнәлардың көбеюі – бәрі де адамзаттың өз қолымен жасалып жатыр. Бұлар түрлі ұлттар мен діндер өкілдері арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы салдарынан да туындап отыр. Тіпті дін лидерлері арасында да диалогтің жоқтығы байқалады. Ең алдымен, қарым-қатынас дінбасылар арасындағы байланыстан басталады. Өйткені халықтар арасындағы бейбітшілік ең алдымен діндер арасындағы бейбітшіліктен бастау алады, – деді шейх.
Жиын барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады.
«Қазақстан Үкіметіне мемлекет қайраткерлері мен көрнекті дін лидерлерінің қатысуымен өтетін осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біз дін қайраткерлері ар-ождан даусы мен рухани беделін өзара құрмет, жанашырлық пен бірлікті көтермелеуге, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге әртүрлілікті байлық ретінде тануға, бір-бірімен және болашақ ұрпақтармен ынтымақтасуға пайдаланады деп сенеміз. Осы қиын-қыстау кезеңде бізге бұрынғыдан да көп рух қажет», деді БҰҰ Бас хатшысы.
БҰҰ Бас хатшысының сөзіне сүйенсек, әлем соғыстар мен қақтығыстарға, төтенше гуманитарлық жағдайларға, экологиялық дағдарыстарға, аштық пен кедейлікке толы. Діни айырмашылықтарға негізделген жеккөрушілік пікір мен кемсітушілік белең ала түскен.
– Мен дін жетекшілерінен қауымдастықтарын зорлық көрсетпеуге, ксенофобияны, нәсілшілдікті, толеранттылықты бұзудың барлық нормасын қабылдамауды өтінемін. Біз бір отбасы болып бірігіп, ауыртпалықты бөлісіп, мәселелерді шешу және мүмкіндіктерді пайдалану арқылы уақыт сынағынан өтіп, бәріне жақсы дүние жасай аламыз. Сіздердің Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысы мен ортақ құндылықтарын ілгерілетуге қосқан көп үлестеріңіз бен терең перспективаларыңызды жоғары бағалаймын. Сіздердің белсенділіктеріңізге, даналықтарыңызға және жалпы адамзатқа деген сенімдеріңізге ризамын, – деді Антониу Гутерриш.
Бейбітшілік жолындағы күш-жігер
Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне арнайы үндеу жолдады. Оны Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Митрополит Волоколамский Антоний оқып берді.
– Бұл форум пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамдардың рухани және қоғамдық өміріндегі діни көшбасшылардың рөліне арналған. Бүгінгі таңда адамзат заманауи тарихтың ең қиын кезеңдерінің бірін бастан кешіп жатқанына күмән жоқ. Коронавирус пандемиясынан туындаған қиындықтарға азық-түлік, энергетикалық және экономикалық проблемалар қосылды. Бұл мәселелер адамгершілік құндылықтарға сүйенбестен әлемді құру әрекеттерінен туындады және соңғы 20 жылда халықаралық қатынастардағы әділет түсінігінің жоғалуына ғана емес, қатал қақтығыстарға, соғыс шиеленістеріне, әлемнің түкпір-түкпірінде терроризм мен экстремизмнің таралуына әкеп соқты, – дейді Мәскеу және Ресей патриархы Кирилл.
Оның айтуынша, қазір адамдарға ақпарат ағынында бағдар табу, идеологиялық үгіттерге қарсы тұру, парасатты ақыл мен рухани әлемді сақтау бұрынғыдан да қиын.
– Біз тарихи фактілердің бұрмалануына және бұқаралық сананың бұрын-соңды болмаған манипуляцияларына куә болып отырмыз. Сондықтан да қоғамда сүйіспеншілік, мейірімділік пен жанашырлық азайып барады. Қоғамдық кеңістікте біз бүкіл халықтарға, мәдениеттер мен діндерге жеккөрінішке толы сөздерді жиі естиміз және оқимыз. Әлемнің кейбір әміршілері сайлаған диктатура, бәсекелестік және қарсыласу жолы адамзатты ажалға жетелейді. Мұндай жағдайда діни сенім адамдардың көзін ашып, оларды диалог пен ынтымақтастық жолына қайтара алады, өйткені дәстүрлі діндерде адам болмысының негізгі адамгершілік қағидаттары тұрақты болып қала береді, – дейді патриарх Кирилл.
Өз сөзінде Мәскеу мен Ресей патриархы әлем елдеріндегі беделді дін көшбасшыларын бір ортаға жинағаны үшін Қазақстан билігіне алғыс айтты.
– Қазіргі қиын жағдайда диалогті көру мүмкіндігі – өте құнды ресурс. Бұл – қазіргі проблемаларды шешу жолындағы маңызды қадам. Дін көшбасшыларының бітімгершілік диалогі және адамдардың санасы мен жүрегіне әсер ете алуы қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге, халықаралық қатынастарды үйлестіруге, әділ тәртіп әлемін орнатуға ықпал ете алады және солай етуге тиіс деп сенемін. Съезге қатысушыларға мазмұнды әрі пайдалы сұхбат, өзара түсіністік пен келісім тілеймін, – деді құттықтау хатты оқыған Митрополит Волоколамский Антоний.
Сондай-ақ Израильдің Бас Сефард раввині Ицхак Иосиф дін көшбасшылары іс жүзінде үлгі болып, адамдарды жақсылыққа үйретуі керек екенін алға тартты. Бұған қоса жаһандық індет тұрғындардың сенімін күшейткенін атап өтті.
– Коронавирус арқылы Құдайға деген сенім күшейе түсті, өйткені адамдар өздеріне ештеңе тәуелді еместігін, кішкентай вирусты бірде-бір сарапшы түсіне алмайтынын көрді. Мұның бәрі Құдайдың қолында. Бәріміз Жаратушыға жалбарынамыз, қасиетті дұға бізді індеттерден, соғыстардан қорғап, әлемді саналы және жақсырақ етуін тілейміз. Жаратушының дұғаларымызды қабыл етуі үшін не істей аламыз? Айналамызға көмек көрсетіп, жаман әдеттерден бас тарту керек, – деді Ицхак Иосиф.
Раввиннің айтуынша, жауап ретінде мұның бәрінің қайтарымы болады. Дін көшбасшылары шыдамдылық, жұмсақтық, жаман әдеттерден бас тарту, бір-біріне құрмет көрсетуде іс жүзінде үлгі болып, адамдарды жақсылыққа үйретуі керек.
Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Мұхаммед бин Әбдул Кәрім әл-Иса елордадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін тарихи шара деп атады.
– Дүниежүзілік Ислам лигасы мен оның кеңестері, академиялары мен әлемдік құрылымдары атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының осы тарихи форумына қатысу, ең алдымен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әлемде және ұлттық қауымдастықтарда діни дипломатия сияқты маңызды және тиімді механизм арқылы бейбітшілікті нығайту үшін жасап жатқан зор күш-жігеріне жоғары баға беру мен үшін үлкен құрмет, – деді Ислам лигасының Бас хатшысы форумға жолдаған бейнеүндеуінде.
Өз сөзінде спикер дипломатияның ортақ діни және адами мақсаттарды көздейтінін атап өтті.
– Адамзат тарихындағы қақтығыстар мен соғыстардың көпшілігі діндерге қатысты идеялар нәтижесінде пайда болғанын бәріміз білеміз. Бұл діндер іс жүзінде олардың авторларының ұмтылыстарын ғана білдірді. Адамзат тарихында осы күнге дейін теріс, кейде қауіпті салдар туындайтын идеялар мен пікірлерде қателіктер бар екенін бәріміз білеміз. Мұның бәрінің басты себебі – бір-бірінен алшақтау, бұл алшақтау өзара қорқыныш пен мазасыздықты тудырады және құрдымға әкеп соғады, – деді Мұхаммед бин Әбдул Кәрім әл-Иса.
Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.
Бану ӘДІЛЖАН,
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Гүлнар ЖОЛЖАН,
Оралхан АХМАДИЯ,
«Egemen Qazaqstan»