Саясат • 15 Қыркүйек, 2022

Прогрессивті әрі қажетті норма

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері, Аmanat партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов фракция жиынын өткізді. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары да шақырылды. Жиынға қатысушылар алдағы сайлауда қайта сайлау құқығынсыз жетіжылдық президенттік мерзімді енгізу және елордаға Астана атауын қайтару туралы бастаманы қолдады. Депутаттар осы реформалардың прогрессивті екенін және олардың әділетті Қазақстан құру бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Прогрессивті әрі қажетті норма

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынған 7 жылдық мерзімді енгізу және елорданың атын өзгерту жөніндегі мәселелер Мәжілістегі барлық фракция депутатының ұсынысы екеніне назар аударды.

«Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – прогрессивті әрі қажетті норма. Бұл биліктің бір қол­ға шоғырлануына тосқауыл болып, супер­президенттік басқару жүйесінен түбе­гей­лі арылуға жол ашады.  Аталған мәселе ел ара­сында жан-жақты талқы­ла­нуда. Біз осы сайлау жүйесін биылдан бастап енгі­зуді қолдаймыз», деді фракция жетек­шісі.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов елорданың атауын өзгерту туралы ұсыныс Тұңғыш Пре­зиденттің қазіргі Қазақстанның құрылуы жолындағы еңбегін жоққа шығар­май­тынын айтып, қоғамның да пікірі ескеріл­геніне мән берді.

Одан әрі депутаттар ұсынылған реформаларды қолдап сөз сөйледі.

Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассам­блеясы депутаттық тобының жетек­шісі Сауыт­бек Абдрахманов жаңа нор­ма­лардың уақтылы енгізіліп жатқанына назар аударып, Мәжіліс бұл мәселеде өзі­нің тарихи жауапкершілігін сезініп отыр­ғанын атап өтті.

«Қазақстанда Президенттің кең өкілет­­тіктері бар. Сондықтан сайлау про­цесінде жоғары лауазымды тұлғаның тұрақты түрде ауысып отыруы Мем­лекет басшы­сы­ның қолында биліктің шама­дан тыс шо­ғыр­­лануы мен монопо­лия­лануының алдын алуға мүмкіндік береді», деді С.Абдрах­манов.

Ал депутат Елнұр Бейсенбаев Прези­денттің мандатын қайта сайлану құқы­ғынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу енгізудің маңыздылығын айтты.

«Қайта сайлану құқығынсыз бір реттік президенттік мерзімді енгізу сая­си жаңару деуге болады. Ол сайланған канд­идатқа халық алдындағы берген уәделерін тиімді әрі уақтылы орындауға септігін тигізеді. Өйткені сайланған президенттің екінші мүмкіндігі болмайды. Алдағы 20 жылдықта біз жаңадан сайланған үш президентті көреміз», деді Е.Бейсенбаев

Сонымен қатар депутат Конституцияға бұл түзетулер алдағы сайлауға дейін енгізілсе, осы жолы Президент атанатын азамат және одан кейінгі барлық Мемлекет басшылары үшін президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектелетінін атап өтті.

Депутат Юрий Жулин президенттіктің бір мерзімі туралы норма Қазақстанда сая­сат­керлердің жаңа буыны пайда болуы­на ықпал ететінін және тұрғындардың елор­даның атын өзгертуден үлкен үміт күте­тінін айтты.

«Депутаттардың елордаға бұрынғы атауын қайтару туралы бастамасы ең әуелі көптеген азаматтың өтінішіне негіз­деліп отыр. Біз бүгін халықтың үніне құлақ асып, Президентті қолдап, қоғам­ның күш-жігерін ілгері басу үшін жұмыл­дыруымыз керек», деді Юрий Жулин.

Өз кезегінде, депутат Вера Ким Қазақ­стан 7 жылдық президенттік мерзімді енгізетін әлемдегі жалғыз ел емес екеніне назар аударды.

«Әлемде Президентті бір рет сайлау тәжірибесі жүз жылдан аса уақыт бойы жалғасып келе жатқан елдер бар. Мысалы, Израиль (7 жыл), Армения (7 жыл), Мексика (6 жыл), Оңтүстік Корея (5 жыл) елдерінде осындай тәжірибені кездес­тіруге болады. Францияда да бір реттік 7 жылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл тенденция әлемде кең таралып қана қоймай, қанат жайып келеді деген сөз», деді депутат.

Фракция отырысын қорытындылаған Е.Қошанов депутаттарға ақпараттық-тү­сін­діру жұмыстарын күшейту жөнінде бір­қатар тапсырма берді. Реформалардың мәні мен маңызын барлық қазақстандыққа жет­кізу қажет екенін атап өтті. Ол үшін әлеу­меттік желілердің, БАҚ-тың мүм­кін­­діктерін барынша пайдалану және ха­лық­пен белсене кездесу керектігіне назар аударды.