Президент • 15 Қыркүйек, 2022

Қазақстан Президентінің мақаласы америкалық басылымда жарияланды

237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Америкалық The National Interest газетіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан: Батыс пен шығыс арасындағы көпір» атты мақаласы жарық көрді. Онда Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаты туралы әңгімелеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Президентінің мақаласы америкалық басылымда жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында қазіргідей күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, әлеуметтік әділеттілік, адамгершілік пен бейбітшілік құндылықтарын ұстану маңыздылығына тоқталды.

«Қазіргідей сәтте біз бір-бірімізге кедергі жасамай, керісінше арамызда мықты көпір тұрғызуымыз керек. Бейбітшілікке ұмтылу жолында біздің сеніміміз шешуші рөл атқарды. Біз жанашырлық, әлеуметтік әділеттілік және адамгершілік сияқты ортақ құндылықтармен бөлісуіміз қажет. Себебі дәл осы құндылықтар - тұтас әлемде бейбіт өмірді қалыптастыратын маңызды элементтер. Жаһандану жағдайындағы айырмашылықтарға қарамастан, біз кез-келген келіспеушіліктерді жеңе аламыз деген сенімдемін», деп жазған Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің негізгі месседжін атаған.

Айта кетсек, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дін көшбасшыларының форумына биыл алғаш рет Рим Папасы Франциск қатысып жатыр.

«2003 жылдан бастап бұл форум маңызды және күрделі келіссөздер үшін платформа ұсынып келеді. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған террорлық шабуылдан кейін, бүкіл әлемде діни шиеленістің жоғары деңгейі өзара әрекеттесудің шұғыл қажеттілігін тудырды. Бейбітшілікті дәріптейтін форумның белсенді жақтаушысы ретінде биыл оны Қазақстанда өткізіп жатырмыз», делінген мақалада.

Президент өзінің бала кезінен қалыптасқан діни және рухани ұстанымы жайында да сөз қозғады.

– «Діни айырмашылықтар бірлікке кедергі емес» деген ұстанымды бала кезімнен есте сақтап келемін. Мен Алматы қаласында мұсылман бала болып өстім. Бала күндік естеліктерім түрлі діндерді ұстанатын отбасыларда туып өскен достарыммен бірге қалыптасты. Дегенмен, менің тәжірибем ерекше болған жоқ. Бұл біздің еліміз Еуразия жүрегінде орналасқан мәдени және діни байланыстырушы көпір болуына байланысты болуы мүмкін. Жас кезімізде біз оны «әдеттегі жағдай» ретінде қабылдадық. Ер жете келе ортақ көзқарастардың маңыздылығын түсіне алдық. Сол сәттен бастап бұл толеранттылық мәдениетін насихаттайтын жаһандық форумды құрудың қисынды қадамы болды, – деп жазған Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ мақалада алғашында өткізілген жиындар христиан, ислам, еврей, буддист, үнді және басқа да діни жетекшілердің өзара әрекеттесуіне ықпал еткені айтылған. Бұл ретте форум әлемдегі діни келіспеушіліктерді жеңілдетуге, сондай-ақ 11 қыркүйектен кейінгі қақтығыстар мен экстремизмнің салдарын жеңуге көмектескен.

«Биыл Съезд жаһандық белгісіздік пен тұрақсыздық кезеңіне сәйкес келді. Жаңа соғыстар мен қақтығыстардан басқа, біз климаттың үдемелі дағдарысымен, жаһандық пандемиямен, азық-түлік пен энергия тапшылығымен және кең таралған экономикалық белгісіздікпен күресуіміз керек. Осы қиын-қыстау кезеңдерде Съезд әлемдегі діни көшбасшылардың қайта жиналып, бірлікті алға жылжытуда жетекші рөл атқаратын ыңғайлы алаң бола алады деп үміттенеміз», делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында.

Ол, сондай-ақ Қазақстан төріне жиналған діни лидерлер елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында бірыңғай үндеу жасайтынына үміттенетінін жеткізді.

«Биылғы форумды қабылдайтын ел ретінде Қазақстан барынша күш-жігер көрсетеді. Еуразияның жүрегінде сенімді қайта қалпына келтіру өте маңызды. Қазіргідей сәтте біз бір-бірімізге кедергілер жасамай, ортақ көпір салуымыз керек. Келіспеушіліктері бар барлық тарапты диалог үшін Қазақстандағы келіссөздер үстеліне отыруға шақырамыз. Зорлық-зомбылық пен жеккөрушілік -  Құдайдың қалауы емес. Бұған басқа балама жоқ. Біздің елімізде 17 негізгі дін және 100-ден астам этникалық топ өкілдері тұрады. Біздің ұлттық бірегейлігіміз әралуандылықта, диалогта, төзімділік пен бірлікте құрылады», деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстан тарапы Иранның ядролық бағдарламасы, Сириядағы қақтығыс және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша халықаралық келіссөздер жүргізгенін тілге тиек етті.

«Біз діни төзімділік мәселесінде оң көзқарас ұстанатын немесе диалогты, медиация мен дипломатияны қолдайтын жалғыз ел емеспіз. Бізге осындай елдер көбірек қажет. Бейбітшілік мәселесін қозғау қажет болған жағдайда Қазақстан ынтымақ көпірлерін салуға және диалог алаңын ұсынуға әзір», деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.