Кәсіпқой бокс • 15 Қыркүйек, 2022

Головкин «Канеломен» трилогия алдында сұхбат берді

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аты әлемге танылған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин алдағы мансабына қатысты жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Головкин «Канеломен» трилогия алдында сұхбат берді

Геннадий Головкин Лас-Вегастағы жекпе-жегі алдында Tengrinews тілшісіне сұхбат берген. Ол мексикалық Сауль «Канело» Альвареске жауап беріп, төртінші жекпе-жек өткізілуі мүмкін екенін айтқан.

«Канеломен» болған соңғы жекпе-жектен кейін төрт жыл өткені мәлім. Головкиннің айтуынша, сол уақыт ішінде оның кәсіби мансабы ғана емес, барша әлем өзгерді.

«Осы төрт жыл ішінде көп нәрсе болды. Әлемде пандемия басталып, көбі ауырып, жақындарынан айырылды. Шынында да қиын уақыт болды. Біздің жекпе-жегімізді жариялаған кезде «бұның да уақыты жеткен ғой, сірә» деп ойладым», дейді спортшы.

Осы тұста, Сауль Альварестің өзі бұл жекпе-жектің астарында «жеке мәселе» жатқанын бірнеше рет айтқан еді. Қазақстандық боксшы осы сөзге қатысты өз пікірін білдірді.

«Оның өзі үшін бұл «жеке мәселе» шығар. Сырттан көріп отырғанымдай, бұл DAZN-дағы соңғы жекпе-жек. Енді, төрт жылдан кейін, Альварестің «мен оны нокаутқа жіберемін», «мен оның мансабын аяқтаймын» деген құрғақ әңгімелері де пайда болады. Ол менің мансабымды қалай аяқтайды? Ол менің мансабымды бастайтын немесе аяқтайтын кім? Менің ойымша, бұның барлығы өзін жоғарылату үшін айтылатын бос сөз. Осындай мәлімдеме жасау үшін оның жасы да жағдайы да әлі жетпеген. Егер бұл жеке нәрсе болса, ол бірден шешілетін еді», деді Головкин.

Сұхбат барысында журналист спортшыдан «Канеломен» үшінші жекпе-жекке неге келіскенін сұрады.

«Барлық боксшылардың трилогия өткізуге мүмкіндігі бола бермейді. Бұл жерде тек бір қағидатты түсіну керек: не бокста қаласың, не бокстан кетесің. 40 жасқа қараған шағымда әлі де күш-жігерімді сақтап, сұранысқа ие болғаныма қуаныштымын. Шаршы алаңға тағы шығамын деп шештім», деді боксшы.

Геннадий Головкин өз қарсыласын, оның күресу стилі мен мінезін жақсы танып үлгергенін айтып, алдағы кездесу қалай өтетініне болжам жасады.

«Біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Екеуіміз үшін де бұл өте қиын күрес екенін түсінеміз. Алдыңғы екі жекпе-жек - бұл тарих. Олар керемет, көрнекті болды, менің ойымша, олардың мағынасын төмендетуге болмайды. Дегенмен, трилогия - бұл мүлдем басқа күрес. Бұл есте қаларлық сәт болады деп үміттенемін», деді ол.

Жақында «Канело» Головкинді төртінші жекпе-жекке шақыруы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда Головкиннің өзі алдағы трилогия ол үшін DAZN-де соңғы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Сен сұранысқа ие болсаң ғана бокста қаласың. Менің бокста әлі де орындалмаған жоспарларым бар. Егер трилогия барысында екеуіміз де тең түсіп, жеңімпаз анықталмаса, төртінші кездесуді неге өткізбеске? Бірақ бұл мүлдем басқа жағдайларда болады. Мен бұған қатысқым келеді, иә. Бірақ менің орта салмақтағы үш чемпиондық белбеуім бар екенін ұмытпаңыздар», деп қорытындылады Г.Головкин.