16 Мамыр, 2014

Ата-ана және бала

22993 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

ERA_6523

Қай заманда, қандай қоғамда болсын отбасындағы бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі болған. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Отбасы – Адам баласының алтын діңгегі, ыстық ұясы. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, алдымен тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі болып есептеледі. Бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Олай болса, тіл, дін, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсіп, үлгі-өнеге алуына орасан зор әсерін тигізеді. Міне, отбасындағы тәрбие ұлағаты да осыдан басталады. Сманов«Ел болам десең, бесігіңді тү­зе», дейді ұлы Мұхаң (М.Әуезов). Осы орайда еске түсетін жайт, халқымыз ежелден бала тәр­биесіне көңіл бөлген, болмысынан бекзат, тумысынан текті халық. Осы тектіліктің түп негізінде ұр­пақ тәрбиесі, яғни ұлттық тәр­бие деген ұғым жатқаны ой­ға оралады. Бұл ұғым да біз үшін аса қасиетті де қастерлі. Өйткені, біздің ұрпақтарымыз – ата салт-дәстүрмен сусындаған, осы ұлттың тәрбиесімен жетіліп, туған тілімен санасы оянған азаматтар. Халқымыздың қанында жер жүзіндегі басқа халықтарда сирек кездесетін теңдесі жоқ адалдық, кеңпейілділік, ақкө­ңілділік, қонақжайлылық сияқ­ты адами қасиеттер басым екен­дігі даусыз. Ерте кезден-ақ әрбір халық балаға тәрбиені оның бесікте жатқан кезінен бастап, халықтық жырлар мен әңгіме, ертегілер арқылы бере бастаған. Олар өскен соң, қоршаған ортаның ішкі құпиясын ғылым жолымен сезініп білмесе де, жапан дала, құла түзде жолсыз жерлермен жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап бағыт алып, адаспай кете беретін болған. Жастайынан-ақ есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды табатын ізшіл де, құралайды көзге ататын мерген болған. Кәсібі, тіршілігі мал шаруашылығы болғандықтан бала 6-7 жасынан-ақ ат құлағында ойнаған. Оқу-сызу өнеріне ма­шықтанбаса да, бір естігенін қалт жібермей жадында сақтайтын құйма құлақ болып, есте сақтау қабілеттері аса жоғары дәрежеде дамыған. Атам қазақ ежелден тәрбие ісінде басты-басты сегіз түрлі мәселені қамтыған. Біріншіден, тәрбие басы алдымен әдептілікті үйретуді көздеп, әдептілік мәселе­сін басты міндет етіп қойған. Екін­шіден, мейірімді болуға тәр­биелеген. Өйткені, мейірімді адам қашанда қайырымды болады. Үшіншіден, тіл алғыш, елгезек бол деп үйреткен. Бұл баланы еңбеккке баулудың алғашқы белгілері. Төртіншіден, адалдық пен шын­дыққа тәрбиелеу. Бесіншіден, білгір бол, ұстаз бен ғалымның, көпті көрген данышпан қарияның сөзін тыңда, ақпа құлақ болмай, құйма құлақ бол дегенді бойларына сіңірген. Алтыншыдан, үл­кенді, ата-ананы, сол арқылы қоршаған ортаны, айналаны сыйлауды басты міндет етіп қойған. Жетіншіден, кісі айыбын ешқашан бетіне баспа деген. Бұл кемшілікті мүлдем айтпау деген ой емес, адамға Алланың салған кемдігін айтпа деген. Сегізіншіден, «Ел намысы – ер намысы» болуы керек. Сондықтан, ел қорғаны – батыр бол, халық алдында адал қызмет ет, бойыңдағы бар талант, күш-жігеріңді халқыңа жұмса, намысшыл бол дегенді санасына сіңірген.   Бұл айтылғандар бала тәр­биесі, яғни адам тәрбиесі – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін танытады. Осыны меңзеген әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім – адам­заттың қас жауы» деген сөзі­нің астарында терең мән жатыр. Өйткені, отбасы – сол адам өмір сүрген кез келген қоғамның, мемлекеттің құрамдас бөлігі, іргетасы ретінде қарастырылған. Шындығында да ата-ана – отбасындағы әке айбыны бала тәр­биесінде басты тұлға. Олар өз баласын тәрбиелеуде оны дербестікке, біреуге тәуелді болмауға, өз бетін­ше күн көруге, мақсатты түрде өмір сүруге бағыттап тәрбиелейді. Бұл игілікті іс, тіпті, баланың ана құрсағында жатқан кезден бастап жүргізілуі қажет. Одан баланың дүниеге келуі, қаз-қаз басып жүруі, өсуі, өнуі, ата-бабасының өміріндегі еңбек және қоғамдық іс-әрекеттердің сан жылдардан бергі тәжірибесінен өнеге алуы, оны құрметтеуі, қоршаған ортасын танып, онымен қарым-қатынас жасауға өз бетінше дағдылануы, жақсысынан үйренуі, жаманынан жиренуі ескеріліп отырады. Мұны данышпан Абай он тоғызыншы қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол есті­лерден естіп, білген жақсы нәр­се­лер­ді ескерсе, жаман дегеннен сақ­танса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деп түйіндейді. Қазақта «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, ал бала – жағасында жайқалып өскен құрақ» дейтін даналық сөз бар. Осы мақал арқылы халық отбасын құрайтын үш құрамдас бөлікті айрықша ескертіп отыр. Сондықтан әке – отбасының тәрбие жұмысындағы маңызды орын алатын тұғырлы тұлға. Әкенің бар бітім-болмысы, мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, білім-білігі – баланың көз алдында күнделікті үлгі-өнеге алатын, соған қарап бой түзейтін негізгі нысанасы. Ұл демей, қыз демей отбасындағы тәрбие жұ­мысында әкенің орны ерекше болуы тиіс. Ұлы Абай «толық адам» тәр­биелеудегі әкенің ізгі қасиет­тері, оның адамгершілігі, еңбек­сүйгіштігі, отбасына, жарына деген сүйіспеншілік сезімі үй ішін нұрландырып тұрса, ері ақылды, әйелі көркем мінезді болып, тату болса, онда үй жұмаққа айналып, балалар жақсы мінезге, игі қасиет­терге тәрбиеленетінін атайды. Хал­қымыздың «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейтіні де сон­дықтан. Мұны Майлықожа ақын: Жыласаң көңілі жүдеген, Қуансаң тасып үдеген. Көрігіңе кө­ңілі өсіп, Құдайдан өмір тілеген, Атаң – қыбыла қамқорың, десе, ал ана туралы: «Тоғыз ай он күн көтерген, Еңбегіңде еті өлген. Бейнет татқан төтеннен, Зиярат қылып сыйынсаң, Кем емес анаң, қыбыла Мекеңнен», деп жыр арнаған. Шығыс поэзиясының аса көр­некті өкілі Әлішер Науаи әкені – күнге, ананы – ай, жұлдызға балап, әспеттейді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде «әлемнің жарығын сыйлаған, даланың бар гүлін жинаған» әйел-ананың орны да орасан. Өйткені, жалпы адамзат баласының тыныс-тіршілігін, оның өсіп-өніп дамуын аналар-әйелдер қауымынсыз көзге елестету еш мүмкін емес. Мұхаң (Мұхтар Әуезов) «Адамдықтың негізі – әйел, ертеде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық қорғансыздықтан анасының айналасында үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын енгізген... Әйел – ана. Әйелдің адам баласының ұрпағын өсіретін қарызы бар. Және қазақтың түсі­нуінше әйел – үй ішінің жарастығы, үй ішінің ұйытқысы. Онсыз ер­кектің өмірі – гүлсіз өмір» деген тұжырым жасайды. Жер бетіндегі кез келген халық­тың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңірген еңбегі зор деп айтуға болады. Айталық, тарих қойнауына назар салып көрсеңіз баяғы Тұмар ханым, Роксана, Ұмай ана, Зарина, кешегі дастан-жырлардағы Гүлбаршын мен Құрт­қа, Ақжүніс пен Назым, Қыз Жібек пен Баян  сұлу, Айман-Шолпан, бертіндегі Айша бибі мен Абақ ана, Домалақ ана мен Қыз ене, таңбалы тарихымыздағы Хорезмшахтың әйгілі қайраткер анасы Түркен хатун, Қасым ханның анасы Жаған бике, Тәуке хан мен Есім ханның аналары Жақсы бике, ұлы Абай тәрбиесін көрген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай ханым, ел билеген Айғаным, Ұлпан, Елбасымыздың анасы – Әлжан анамыз есімдері ел өмірінде алтын әріптермен өрнектелген. Ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе, қыз бала тәрбиесінде ананың ықпалы ерекше. Өйткені, абзал аналар «жатжұрттық» қыз бала бойжеткен кезде оның жеке шаңырақ құ­рып, отау тігуіне, іс тіктіріп, үй ша­­руасын жайғастыруына өнеге көр­сеткен, тәрбие тағылымын берген. Сондықтан да халқымыз асыл ана­ларды қадірлеп, өздеріне жар ізде­ген бозбала, жігіттерге сондай ана­лардың қыздарына көз салуды, «анасына қарап қызын ал» деген тұрғыда бағыт-бағдар берген. Мұн­дайда жастардың болашақ қалыңдығын тек ажар-көркі мен сұлу сымбатына қарай бағаламай, оның адамгершілік асыл қа­сиет­теріне, кісілік келбетіне, ішкі рухани жан дүниесіне, ақыл-парасаты мен көргенділігіне, тек­тілігі мен тәрбиелілігіне айрық­ша көңіл бөлген. Ал, бүгінгі қоғамымыздағы қыз балаларды тәрбиелеудегі та­лап-тілектер бұрындағыдан да жоғары. Өйткені, қазіргі кезеңде қыз балалар тек отбасы, ошақ қасында ғана емес, үй шаруасымен бірге қоғамның белсенді мүшесі ретінде күнделікті өмір­дің сан-салаларындағы басқа да іс-әрекеттер мен қыз­меттерді үйлесімді әрі ұтымды ұштастыра білуге әзір болуы қажет. Мұнда ең бастысы қыз баланың білімді болғаны орынды. Бұл жөнінде Қазақстан Рес­­публикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыз­дарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары... Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет... Халқымыз «қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әр­дайым біздің қоғамымыздың тең құқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз», – деп бұл мәселеге үлкен мән бере тоқталады. Жастар тәрбиесіндегі ата-ана­ның орны мен рөлі туралы айтқанда, халқымыз тұрмысында сан ғасырлардан бері қалыптасқан тәрбиеге қатысты ұлттық рухани құндылықтарымыздың, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің, ана тіліміз бен әдебиетіміздің, мәдениетіміз бен тарихымыздың терең тағылымын ескергеніміз абзал. Отбасындағы ата-анаға бай­ланысты айтылатын мақал-мәтелдер мен афоризм сөздердің барлығы алған тақырыбымыздың үй тәрбиесіндегі терең мәнін, айрықша маңызын аша түседі. Мәселен, «Ана тілін алмасаң – арың кетеді, әке тілін алмасаң – барың кетеді», «Әке – тірегің, ана – жүрегің», «Әке тұрғанда бала сөйлегеннен без, ана тұрғанда қыз сөйлегеннен без», «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы», «Бір бала бар жасық туады, бір бала бар әкесінен асып туады», «Әкесіз бала – панасыз балапан», «Әкеңнің төріне сенбе, маңдайыңның теріне сен», «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді», «Атадан – ұлағат, ана­дан – инабат», «Аталар сөзі – ақылдың көзі», «Атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз», «Ата салтың – халықтық қалпың», «Ата көрсеткен жолымыз бір, ана тіккен тонымыз бір», «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деген секілді тағы басқа толып жатқан қанатты сөздерді бала, жас ұрпақ отбасынан бастап естіп өскені жөн. Осы ретте бұл мәселенің түп-төркіні имани тәрбиеде, діни қағидаттарда жатқанын еш ұмытуға болмайды. Оның тамыры тым терең діни негіздерде екенін, ол іргелі төрт діннің қасиетті кітаптары – Таурат, Забур, Інжіл, Құран ұста­нымдарында бекітілгенін айтқан жөн. Ислам ілімінде ата-анаға құрмет көрсетуге байланысты ойлар Құрани-Кәрімнің «Ниса», «Лұқман», «Исра», «Мұхаммед», т.б. сүрелері мен Мұхаммед нәби салаллаһу ғалейһи уассаламның хадис-шәріптерінде молынан келтірілетінін аңғарамыз. Айталық, әдеттегі намаздың соңында оқы­латын тиләуәт-дұғалықтардағы «Раббана ағфирли уәли уәлидәййә уалил мумининә иәумә иақұмүл хисаб» «Иә, Жаратушымыз, менің ата-анамды және бүкіл мұсылмандарды есеп күні кешіре гөр», деген сырлы сөздер айтқан ойымызды нақтылай түседі. Баланы өмірге бейімдеуде ата-ана тәрбиесінің артында ұлт тәрбиесі, мемлекет тағдыры жатады. Осы бағытта отбасы тәрбиесімен қатар оқу орындарының, ондағы ұстаздардың ықпалы мен орны қашанда да айрықша. Ата-ана мен әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайдың нәтижесінде ғана тәлім-тәрбиедегі көргенділік пен жарасымдылық, үйлесімділік пен бірізділік орын табатын үрдіс болып шығады. Сайып келгенде, баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Бүгінгі қоғамда да жастар тәр­биесіне деген көзқарас өте ерекше, олардың тағдыры болашақпен, қоғамның дамуымен тығыз байланысты екендігі анық. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-ші бабындағы 1-2 тармақта отбасы мен ондағы балаға берілетін тәрбиеге байланысты: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті», деп айрықша атап көрсетіледі. Ал кезінде қазақтың біртуар ұлы Міржақып Дулатов «Надандық құрбаны» атты мақаласында былай деген болатын: «...Жылқы біткен дүлдүл болмайды, құс біткен бұлбұл болмайды, адам баласы да солай. Жұрттың бәрі шешен, әнбоз, ақын, данышпан болып туа бермейді. «Күйсіз көңіл жүгірмейді» деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын, көңілді бақша керек. Ал адам баласы бәрінен де артық күй таңдайды. Тумысында зеректік болса да, ғылымсыз, тәрбиесіз ке­меліне жетпейді... Бұл күнге шейін бізде мұны ескерген қазақ жоқ. Сондықтан бізде оқыған көп, бірақ шын ғалым жоқ. Хатшы көп, жазушы жоқ. Арызшы көп, адвокат жоқ. Сөйлеуші көп, шын шешен жоқ... Бізде өнер, ғылым, әдебиет кенже қалып тұрған себебі де осы, бұл баптарда өз кісілері болмау себепті деп ойлаймыз». Бұл пікір ХХ ғасырдың бас кезінде айтылса да, бүгінгі ұрпаққа дәл бүгін, дәп қазір айтылғандай терең ой салады. Қазіргі жағдай осының бәріне қарама-қайшы. Қазір оқымаған адам жоқ, қазір ғалым да, шешен де, көсем де, басқа сала мамандары да көптеп саналады. Алайда, Міржақып атамыз айтқандай, оқығандардың арасында әлі де «нағыз оқыған» жастардың сирек кездесетіні тағы да жасырын емес. Бұл мәселеде «ержетеді десе, кері кетеді» деген сөздің қисыны келіп тұрғандай. Дүние жүзі халықтары әлемдік өркениетке бағыт ұстап, кеше ғана аты мен заты белгісіз мемлекеттің жастары дүр көтеріліп, өздерінің оқыған және тоқыған білім-білік, күш-қайраттарымен өзгелерді тәнті етіп жатқанда, біздің ұлттың жастары туралы аздап ойланып қалатын тұстарымыз аз болмайды. Бұл сәтте өткен тарихының бәрі сұрапыл соғыс, екі күннің бірінде табиғат алапатымен алысып, небір қиямет-қайымдарды бастарынан өткеріп жатқан көр­шілес күншығыс елі – жапон жастарының тәлім-тәрбиесі еш­кімді де бейжай қалдырмаса керек. Бұл күндері әлемдік педагогика ғылымы зерттеп, оқып-үйренуге талпынып жатқан осы елдің жас ұрпақ тәрбиесіндегі ғажайып сыр­ларының бірі – халқының тарихи-этникалық мұрасын, ұлттық әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін саналы түр­­­де сақтап қалуға тырысуында екен. Жастар тәрбиесіндегі отба­сы мен ортаның, қоғам мен мем­лекет мүддесінің бірізділігі бүгінгі таңда ауадай қажет екенін жоғарыда айтып өттік. Бұл ретте бүгінгі күнгі ұрпақ тәрбиесінде жіберілетін олқылықтар ертең орны толмас өкінішке алып келмей қоймасы анық. Сондықтан мемлекет идеологиясындағы жастар функциясының алатын рөлі мен орны уақыт талабына сай үнемі қайта қаралып отыруы тиіс, яғни билік арасында жастарға деген сұраныс, берік ынтымақтастық пен терең түсіністік болуы қажет. Қоғамның қай саласында болсын жастардың ашық өз үндерінің болуы, оған тікелей әсер ететін бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбиелік мәніне терең ден қойы­луы тиіс. Жастардың түрлі жат ағымдардың жетегінде кетуінің алдын алу жолдарын қарастыру ретінде ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуді дұрыс жолға қоя білу керек. Қазіргі жастар арасында жиі кездесетін өзіне-өзі қол жұмсау – суицид індетінің алдын алу жолдары, яғни бала психологиясындағы өзгерісті отбасында, ортада үз­діксіз бақылау, қадағалап отыру қажет. Қоғамдағы жастардың өз орындарын таба білмеуіне байланысты оларды жұмыспен қамту орын­дарының бүгінгі таңдағы қызметін қайта қарап, оны жан-жақты жетілдіру керек. Дағыстаннан шыққан аварлық ғаламат ақын Расул Ғамзатовтың «...Өткенге топырақ шашсаң, бо­лашақ саған тас атар» деген ұла­ғатты сөзінің астарында қан­шалықты терең мән-мағына жат­қаны бәрімізге ой салуға тиіс. Өткен бабаларымыз бізді тәр­биеледі, біз сол үрдісті жалғас­ты­рып келеміз. Ал болашақ тәр­бие­сі ендігі жерде жастардың қолын­да. Ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан ұлттық тәрбиенің мәйегін мирас етіп ғасырдан-ға­сырға жалғастыру – ата салтты ұлықтағандардың еншісінде екен­дігі ақиқат. Бақтияр СМАНОВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.