Спорт • 15 Қыркүйек, 2022

Атой салар күн алда

217 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жектен әлемдегі ең белді ұйым – UFC-дің жаңартылған рейтингіндегі ТОП-15 спортшының тізімінен қазақтың екі бірдей спортшысының есімдерін кезіктірдік. Олар – Шавқат Рахмонов пен Дамир Исмағұлов.

Атой салар күн алда

Қазіргі кезде қос қандасымыздың да аяқалы­сы өте жақсы. Әсіресе Шавқат Рахмо­нов­тың қар­қыны қуантады. 27 жастағы спортшымыз аралас жекпе-жек жарыстарында күш сынасып жүрген сегіз жылға жуық уақыт аралығында 16 кездесу өткізіп, барлығында айқын жеңіске қол жеткізді. Сол бәсекелердің тең жартысында қар­сылас­тарын ұрып және теуіп құлатса, қалғанын саб­минш әдісімен ұтты. Рахмонов тоғыз жек­пе-жекті бірінші раундта-ақ аяқтаса, алты айқас екінші кезеңде тоқтатылды. Қазақтың өр мінез­ді ұлымен тек бір ғана файтердің үш раун­д жұ­дырықтасуға шамасы жетті. Ол – тәжік­­стандық Фарудин Адилов. Бірақ тәжік те оңбай таяқ жеп, ақы­рында жеңілгенін мойын­дады. Дәл осындай көрсет­кішімен мақтана алатын спортшылар Жер-жаһанда кемде-кем.

UFC-де Шавқат төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында айқын басымдық танытты. Соның арқасында қазіргі кезде ол жартылай орта сал­мақтағылардың рейтингінде 11-орынды иеленуде. Енді бір-екі бәсекеде жеңіске жетсе, үздіктер тізімінің алдыңғы легіне шыға­тыны анық. Тіпті чемпиондық белбеу үшін таласуы да мүмкін. Бірақ бұл салмақтағы мық­тылардың көбінің қазақ файтерімен күш сынасуға жүректері дауаламайды. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Рахмонов Стивен Томпсонмен кездесуге тиіс еді. Алайда рейтингте жетінші орында тұрған америкалық апайтөс біздің жігітпен жұдырықтасудан үзілді-кесілді бас тартты. АҚШ-тың ТОП-10-дықтағы тағы бір өкілі Шон Брэдиге де ұсыныс түскенде ол да ат-тонын ала қашты.

Қайсарлық қазақтың қанында бар. Дәл қазір Шавқатты кіммен шығарса да оның аянбай айқасатыны анық. Тіпті осы салмақтың чемпионы, 31 жастағы ұлыбританиялық Леон Эдварс немесе таяуда ғана тұғырдан тайғанына қарамастан рейтингте бірінші орында тұрған 35 жастағы америкалық Камару Усманмен де жекпе-жекке шығудан бас тартпайды. Бірақ олардың келісе қоюы екіталай. Өйткені қазіргі кезде екеуінің де даңқы дүркіреп тұр. Егер UFC-дің басшылары «Міндетті түрде мынамен жұдырықтасасың» деп қатаң талап қоймаса, Эдварс пен Усманның тәуекелге бара қоймасы анық. Олар үшін ақшадан гөрі абырой қымбат.

Рейтингте екінші және үшінші орындарда тұрған Колби Ковингтон мен Хамзат Чимаевтың да тегеуріндері өте күшті. 34 жастағы АҚШ спортшысы 20 кездесудің үшеуінде ғана жеңілді. Швецияның туы астында өнер көрсететін 28 жастағы чешен жігіті 12 бәсекенің барлығында басымдық танытып, 11-ін мерзімінен бұрын аяқтады. Ол да дәл Шавқат секілді қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Хамзаттың екпінді шабуылына Гильберт Бернс қана шыдас берді. Аса шиеленісті бәсекеде Бразилияның беткеұстары швециялық файтерден ұпай санымен ғана ұтылды. Сол себепті де сан миллион жанкүйер күні бүгінге дейін ешкімнен жеңілмеген Рахмонов пен Чимаевтың айқасын көруге айрықша құлықты. Бірақ UFC-дің өз есебі бар. Олар екеуін төбелестіруге асығатын емес. Аталған промоушеннің басшысы Дана Уайт: «Бұл бір керемет жекпе-жеке бола­тыны анық. Бірақ, асықпаңыздар. Әлі уақыты келеді», деп ел-жұртты одан әрмен қызық­тырып қойды.

Ресейдің Орынбор облысында туып-өскен 31 жастағы Дамир Исмағұловтың да осы спорт түрін серік еткелі сегіз жылға жуық­тады. 2015 жылы ол Ингушетияның Назрань қаласында өткен жарыста жергілікті спортшы Рамазан Эсенбаевқа ұпай санымен есе жіберген еді. Бұл – Исмағұловтың карьера­сындағы жалғыз жеңіліс. Ал ол қалған 24 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетті. 13 бәсекеде айқын басымдық танытты. Қанда­сымыз UFC-де 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап өнер көрсетуде. Сол аралықта бес кез­десу өткізіп, барлығында ұпай санымен жеңіс тойын тойлады. Дамир күні кеше ғана жеңіл сал­мақ­тылардың рейтингінде бірден үш са­ты­ға жоғарылап, бүгінде 12-орынды иеленуде.

Қазақ файтері күш сынасып жүрген салмақта кіл мықтылар жиналған. Чарльз Оли­вейра (Бразилия), Дастин Порье (АҚШ), Джастин Гэйджи (АҚШ), Ислам Махачев (Ресей), Майкл Чендлер (АҚШ) және Бенеил Дариуштың (Иран) қай-қайсысын алсаңыз да, нағыз дүлей күш иелері. Барлығының да даңқы өрлеп, атақтары алысқа жайылған.

Сол тізімде жетінші орында тұрған Рафаэль Физиевтің де қарқыны өте күшті. Бұл күндері Әзербайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген 29 жастағы муай-тайдың хас шебері Қазақстанда дүниеге келді. Кейіннен ұзақ уақыт бойы Қырғызстанда тұрды. Сондай-ақ Рафаэль Дос Аньос (Бразилия), Матеуш Гамрот (Польша), Арман Царукян (Ресей) және Конор Макгрегор (Ирландия) сынды мықтылар UFC рейтингінде біздің Дамир Исмағұловтың алдын орап тұр.

Міне, бүгінгі таңда аралас жекпе-жекті серік еткен саңлақтарымыздың арасындағы ең мықтылары осылар. UFC-де Шавқат пен Дамирден бөлек, Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов, Мария Агапова және Қытайда туып-өскен бір-екі қандасымыз бар. Сондай-ақ жерлестеріміз ACA, ON FC және тағы басқа белді ұйымдарда табысты өнер көрсетіп жүр. Олардың да ертеңгі күні әлемнің ең белді промоушенінде күш сынасатыны анық. Сондықтан да қазақ жігіттерінің атой салатын күндері алда деп нық сеніммен айта аламыз.

в