Өнер • 15 Қыркүйек, 2022

Кәріпбек әлемі

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей ядролық полигоны кесірінен қолсыз мүгедек болып туған Кәріпбек Күйіковтің картиналары әлем назарында қазір. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, тағы басқа өркениетті елдерде көрмелері өтіп тұрады. Суретші бұрынырақта Нобель сыйлығына үміткер ретінде ұсынылған. Біз бүгін қылқаламды тісімен тістеп салатын автордың туындысына тоқталмақпыз.

Кәріпбек әлемі

Суретшінің «автопор­треті»

Мен бұл суретке мән бер­мей өте шығар ем, расы. «Автопортрет» деген та­қырыбы болмағанда. Әде­биетте небір ұлылардың автопортретін оқып қалған бас. «Махаңдар жоқ, Ма­хаң­­дардың сарқыты, Мұ­қағали Мақатаев бар мұн­да» дегенде, Махам­бетті айтпаушы ма еді Мұ­қаң?! Кәріпбектің мына «Ав­то­портретіне» айналып екі соқтық. Айтақыр дала­да жұртта қалған бос бе­сікті талай көргенбіз. Ба­ласымен қоса қалғанын кім көріпті?! Тақыр жонда бесікте жатқан баланың қос қолы жоқ. Алла-ау, не күйге душар еткен?! Құн­дағы ағытулы бесіктің. Ана­сы қайда баланың? Бесік­тің басында ақ байламы тұр, анасы жоқ. Құн­дақсыз бесіктен бала құлап кетпей ме бұл дейсің. Ай­тарға ауыз бармайды. Анау айтақыр Арқаның да­­ласы, шөпсіз, шалғынсыз бол­маушы еді бұл дала. Көз ұшында қарауытқан тауларға ұласқанша бір жылт еткен жылу үйірсеші көзге. Жоқ. Анадайда алыс­та жусаған қос жылқы, олар да жайымен жусаған жануарға ұқсаса жарар еді-ау. Арты бүрісіп, алды қауіп күтіп, қалшиып, құлақ тігіп қарап тұрған жылқының бас бітісін аңғартады. Бұ­лыңғыр күннің астында болмашы шуақ жоқ, бірақ тақыр үстімен қоңырқай сарғыштанып көшкен қою жалқын көшіп жатыр-ау. Бұл не гәп? Әлгі көшкен сап-сары, кей тұсы қоңырқай жалқын көңілді тіптен күп­ті етіп барып, әрбір жер­­­­ден алабажақтанады. Күл­­­дібадам күн астындағы әлгі бала тірі ме, қайдам?! Тіп­­­тен оны ойлаудың өзі опын­­дырып жіберер еді. Ал Кә­ріпбек қолсыз ту­ға­нын көрген анасы шошы­ған­нан үш күн бойы бауы­ры­на бас­пай қойғаны одан да үрейлі құбылыс шы­ғар…

Қасіреттің бұғауы

Хамит Ерғалиевтің қай­ғылы ана тақыры­бындағы поэмасын мына суреттен соң оқымаса да болғандай. Үрей шақырады бұл сурет. Көз тоқтата қарап тұрсаңыз, Аллаға жалбарындырады. «Бетін аулақ қыла гөр мұндайдың» дегізеді. Бір сәбиі қара жол­дың бетінде қалыпты әйелдің. Шамасы, өлі туған. Себебі Алла көк­­тен бала бермек болса да қа­былдағысы жоқ. Көк деймін-ау, аспан жанып тұр­ған өрт – тілсіз жауға ұқ­­саған мұнда. Қасіреттің қара тұманына батқан әйел Көктен үмітсіз. Аспан қып-қызыл өрттей үрей шаш­қанда, әйел сүйенген ірге қарауытып кеткен. Келін­шекке болмашы ғана жарық бала жақтан түскенімен, қай­ғыдан запы болған зар­лық жанның зауқы соқ­пайды. Әлде көктен болмашы жарық сепкен жерде жатқан баланың жаны ма екен, кім біліпті? Қалай жо­рыса да, үмітсіздік үрей кін­дігіне әкеп байлай бе­реді, байлай береді. Әйел­­ге қарап баланы аяй­сың, балаға қарап әйелді аяй­­сың. Сөйте тұра, жер бетіне зауал төккен атомды қар­ғай­сың!

в