1940 жылы 30 қазанда Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» атты пьесасы бойынша қойылған спектакльдің премьерасы болды. Қоюшы режиссері – Асқар Тоқпанов. Осы спектакль туралы Ғ.Мүсіреповтің «Абай» атты мақаласы «Лениншіл жас» газетінің 1940 жылғы 3 қарашадағы санында жарияланды. М.Әуезовтің Абай тақырыбына ерекше ден қоюындағы бұл бір бетбұрысты кезең еді. Абай туралы роман әлі жарық көрген жоқ. Ал пьесаның жазылуы және оның театр сахнасына шығуы сол кездегі қазақ қоғамындағы, қазақ театрының тарихындағы ерекше оқиға болды. Ғ.Мүсірепов мақаласында пьеса туралы «Шебер қолдан, үлкен ой, шын жүректен туған еңбек» деп, «Абай» сезіміңді босатпай ұстайды, бір жерде түйілген түйін оңай шешілмейді, көбінесе кесуді керек етеді. Ол кесілген түйіндер: Айдардың өлімі, Абдрахманның Мағышқа «Мен өлімге бұйырылған адаммын!» дейтін жері, Абайға шоқпар жұмсалуы» деп кесімді баға бере отырып, енді оның сахналық сипатына қатысты «Театр «Абайдың» стилін дұрыс тапқан. Абай дәуірінің мазмұнын беруге көп еңбек сіңірген. Әсіресе жас режиссеріміз Асқар Тоқпановқа қатты риза болуымыз керек. Алыста қалған өмірдің тек сыртын ғана емес, сырын да ашу үшін барын аямағандығы айқын-ақ. Сахнаға шығарған басты геройлары бірі арғы замандікі, бірі бергі замандікіне ұқсап тұрған жоқ, бір өмірдің, бір кезеңнің адамдары сияқты, шүбә туғызбайды. Кейде сөз жазушынікі, декорация мен киім суретшінікі, образ әрбір артистікі болып тұратыны бар ғой, «Абайды» қойған Асқар бұған ұшыраған жоқ. Сөз бен киім образдікі, образ пьесанікі, постановка Асқардікі. Алдымен көңілге қатты қонатыны Абай образы» деп терең ой тарқатады. Ғ.Мүсірепов осы мақаласы арқылы Шекспир, Гете, Горькийдің шығармалары деңгейіндегі драмалық туындыларға қол жеткізу арқылы ғана театрымыздың өсетініне назар аудартады.
Жазушының «Абай» романы туралы» мақаласы – 1943 жылы наурыз айында Жазушылар одағында М.Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабын талқылауда сөйлеген сөзі. Алғаш рет 1959 жылы «М.О.Әуезов: Алпыс жылдығына арналған мақалалар жинағы» атты кітапта жарияланды. Кейін жазушының «Суреткер парызы» (1979), «Бес томдық шығармалар жинағы» (1975, 4-том) кітаптарына енген. Жаңа романды жатсынбай қабылдау, түсініп қабылдау, оның қазақ әдебиетіндегі эпопеялық туынды болатынын болжап-сезіну М.Әуезовтің замандастарына оңай болмаған. Романды талқылауда баяндама жасаған сыншының «мақтауында – қуаныш, жамандауында кейіс жоқ» еді. «Абай» романы шыға салысымен-ақ солақай сынның соққысына ұшырай бастағанда бұл романның қазақ әдебиетіндегі жаңа көркемдік әлем екендігін, қазақ сөз өнеріндегі айрықша құбылыс болатынын алғашқы болып аңғарған және қаламгер қауымға соны қалтқысыз жеткізген Ғабит Мүсірепов еді! «Абай» романы қазақтың рухын, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, этнографиясын, тарихын, шежіресін мол қамтыған күрделі де кесек туынды екенін таразылай талдайды. Әсіресе Әуезовтің тіл байлығынан, сөз өрімінен, ой қисынынан жаңалық табады. Романның артықшылықтарын санамалай келе: «Абай» – әрі шын мағынасында қазақ халқының шын өмірінің шын бейнесін көрсете алған ұлттық роман, әрі мәдениетті елдердің жақсы деген қай романымен болса да салыстыруға болатын роман», деп берік тұжырым жасайды. Кейін «ұлттық роман» деген бағаны біз әдебиет сыншыларының аузынан көп жылдар бойы ести алған жоқпыз. «Ұлттық» деген атау бергені үшін-ақ «ұлтшыл» деген айып тағылатынын біле тұра Ғ.Мүсірепов мұндай қадамға неге барды? Біріншіден, «Абай» романының табиғатын ашу үшін ештеңеден қаймықпай-ақ осылай атауды жөн санады. Екіншіден, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында тұңғыш рет ұлт мүддесін, ұлт рухын, ұлттың мақсат-мұратын ақын образы арқылы сомдаған кесек туындының келгенін жария жасады. Үшіншіден, осы роман қазақ жазушыларының алдағы уақытта ұлтқа қызмет етуінің ең озық үлгісі, адастырмас Темірқазығы, айқын нысанасы болуы керек дегенді ұқтырды.
1944 жылы 24 желтоқсанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Абай» операсының премьерасы өтті. М.Әуезов, А.Жұбанов, Л.Хамиди – үшеуінің шығармашылық үндесуімен сахнаға шыққан бұл туынды қазақ опера өнерінің тарихындағы елеулі оқиға болатын. Осы опера туралы Ғ.Мүсірепов 1945 жылы 16 қаңтарда «Абай» – қазақ операсының жаңа белі» атты мақаласын бірінші болып «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялады. Ғ.Мүсіреповтің байсалды пікірі, қоюшылардың еңбегіне, әрбір образдың қалай шыққанына, актерлік шеберлік пен режиссерлік шешімдердің қаншалықты иланымды болғанына кәсіби сыншының көзімен қарап баға беруі тәнті етеді. Мәселен, операда Абай образы қалай шықты деген сауалға былайша жауап береді: «Абай рөлін ойнаған Ришад Абдуллиннің еңбегін ерекше атау керек. Шындап келгенде, опера сахнасындағы жас әртістеріміздің бірі Ришад бұл жолы ойлаған жерден шықты. Ол әрі күшті, әрі сұлу дауысты, сирек кездесетін әншілердің бірі екені рас. Ришад Абайдың әнмен ашылар, әнмен жасалар бейнесін терең-ақ жасап шыға алды... «Кескіні келмейді» деген сын айтушылар жоқ емес, бірақ көркемөнерге «кескін келтіру» міндет те емес, заң да емес». Немесе «Абай бейнесін Қанабек Байсейітов жолдас ойнағанда да өте жақсы. Ең алдымен, Қанабек Абайға құйып қойғандай ұқсайды. Екінші, ол әртістік шеберлігінің арқасында азғана қимылдармен, әсіресе көз қарауларымен Абайдың сыртқы бейнесін түгел шығарады. Өлең мен әннің ішкі мағынасын да жеткізе алады». Осындай салыстырулар операдағы Абай бейнесінің қалай жасалғанынан дәл мағлұмат беріп тұр. Сондай-ақ Күләш Байсейітова мен Шабал Бейсекованың, Құрманбек Жандарбековтің, Мүсілім Абдуллиннің сомдаған образдарына оң бағасын берсе, Әнуар Үмбетбаевтың Айдарына, Манарбек Ержановтың Әзіміне, т.б. жекелеген рөлдерге қатысты сыны да бар. Шағын мақалада операның образдар жүйесіне сарабдал талдау жасалады, кемшін тұстары атап көрсетіледі, жетілдіретін жақтарына назар аудартады.
«Абай» – Қарағанды қазақ драма театрының жаңа табысы» атты мақаласы 1951 жылы жазылып, облыстық газетте жарияланып, одан соң «Әдебиет және искусство» журналында (1951, №4) басылған, «Суреткер парызы» атты кітабына енген. Бұл мақаласында да Ғ.Мүсірепов Абай тағдыры, заманы, әлеуметтік ортасы, тұрмыстық жағдайы, ескі мен жаңаның тартысы арқау болған романнан бастаған ой-толғаныстарын облыстық театрдың батыл қадамына деген ризашылығына ұштастырған. «Абайды» қойған Лурье жолдас пен артистердің арасында бірін-бірі жете түсінгендік, бірге ойласып, бірге өлшесіп, коллектив қолымен бірге көтеріскендік байқалады» деген байлам жасайды. Абай рөлін сомдаған Мүлік Сүртібаевтың ойынына сүйсініп: «Сахнаға қонымды сырт көрінісімен қатар, бұл – іші бай, мәдениетті артист. Қозғалыс-қимылдары есепті, бос қозғалысы жоқ, жүзінің аз құбылысымен көпті аңғарта алады. Сүртібаев жасаған Абай образына қалтқысыз сеніп отырасыз» деп жас өнер иесінің еңбегін жоғары бағалайды. Әрине, қарағандылық өнер ұжымының озық талпыныстарымен қоса, олқы тұстарына сыни көзқарасын да ашық жазған.
Осы мақалаларының бәрінде де Ғ.Мүсірепов М.Әуезовтің шығармашылық табыстарына шын қуанып, шынайы көңілден тілектестігін білдіріп отырған. Ал М.Әуезов 1958 жылы Мәскеуде жарық көрген «Абай» романын «Габиту – любимому брату-содругу, сотоварищу на всю жизнь во всех наших лучших порывах. 1958 г.11 июня» деп қолтаңбасымен ұсынған екен. Ғабеңнің Мұхаң дүниеден озғандағы қоштасу сөзінде «Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас!» деп егіле сыр ашуында да көп мән бар.
Өзі де сол ХХ ғасырда спектакльге айналатын талай пьесаның, опера болып қойылатын либреттоның, үздік кино сценарийінің авторы болған шебер, жазушы-драматург алдындағы кемеңгер ұстазы М.Әуезовтің Абай тақырыбын әртүрлі жанрда игеру тәжірибесін жіті қадағалағанын және жете бағалағанын байқаймыз.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының кандидаты,
Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі