Спорт • 16 Қыркүйек, 2022

Ахмедов Америкада айқасады

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешін­де Геннадий Головкиннен бөлек, Қа­зақ­станның тағы бір өкілі шаршы алаң­­ға шығады. Ол – Әли Ахмедов.

Ахмедов Америкада айқасады

26 жастағы Алматы қаласында туып-өскен Әли бозбала шағынан таны­мал бапкер Сағат­бек Мұсахановтың қол астын­да жат­тықты. Әуесқойлар арасында түрлі жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ере­сектер арасында ел біріншілігінің қола жүл­дегері, бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Еліміздің еңбек сіңірген жат­тықтырушысы Дастан Сәдуақасовтың жетек­шілігімен студенттер арасында әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, жеңіс тұғы­рының ең биік сатыларына көтерілді. 2016 жылы Ахмедов кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буды. Сол аралықта 18 кездесу өткізіп, 17-сінде жеңіске жетті. 14 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Осыдан екі жыл бұрын Әлидің IBF нұсқасы бойынша екінші орта салмақта әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ ол эквадорлық Карлос Гангораға есе жіберді.

Лас-Вегаста Әли Ахмедов Габриэль Роса­­домен күш сынасады. 36 жастағы АҚШ бокс­шысы 42 кездесудің 26-сында жеңіске жетіп, 15 қарсыласын есінен тандырды. 14 жекпе-жекте жеңіліс тапты. Бір бәсеке тең аяқталса, тағы біреуінің нәтижесі есепке алынбады. 2013 жылы Росадо біздің Геннадий Головкинмен жұдырықтасып, жетінші раундта техникалық нокаутпен ұтылды.