«Астана» өз алаңында «Тобылды» қабылдады. Бәсеке өте қарқынды басталды. Екі команданың да жылдам гол соғуға тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ қырсыққанда доп қақпаға енбей қойды. Ең қызығы, 28 минутта Марин Томасов 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздей алмай, жергілікті жанкүйерлердің көңіл күйін құлазытты. Көзді ашып-жұмғанша «Астананың» ойыншылары өз айып алаңында ережені өрескел бұзып, олардың қақпасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Серікжан Мұжықов мүлт кеткен жоқ. 35-минутта Абат Айымбетов таразы басын теңестірді. Содан кейін де алма-кезек шабуылдар жалғасты. 72-минутта Сергей Малый бұрыштамадан берілген допты баспен ұрып, қақпаға дәл түсірді – 1:2. Осы есеп ойынның соңына дейін сақталды.
«Ақтөбе» мен «Тараз» арасындағы кездесудің бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін Сердер Сердеров мергендік танытып, алаң иелеріне жеңіс әперді – 1:0.