Елорда • 15 Қыркүйек, 2022

Елордада қауіпсіздік күшейтілді

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етуге Ұлттық ұланнан 1 800-ге жуық әскери қызметші жұмылдырылды.

Елордада қауіпсіздік күшейтілді

Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәлі­метінше, елорданың қоғамдық тәртібін тиісті деңгейде қамтамасыз ету, сон­дай-ақ маңызды іс-шарада құқық бұзу­шылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында 5573 әскери бөлі­мінің жеке құрамы 13 қыркүйектен бастап күшейтілген қызмет режіміне ауыс­тырылған. Елордалық жедел құрамадан 1 200-ге жуық әскери қызметші делегация мүшелерін қарсы алу, олардың қала ішінде қозғалуы кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқарып жатыр.

Сондай-ақ жедел күштерді күшейту үшін Қарағанды және Көкшетау қалаларынан Ұлттық ұланның 600-ден астам әскери қызметшісі келген.

– Елордаға әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтардың келуіне байланысты қоғамдық орындарда, көшелерде, сондай-ақ мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін жерлердегі қауіпсіздік шаралары күшей­тілді. Мәселен, бұқаралық ақпарат құрал­дары Рим Папасы Францисктің қатысуы­мен өтетін іс-шараға 7 мыңнан астам адам қатысқанын хабарлады. Қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұлан­ның 5510, 5451 әскери бөлімдерінің жеке құрамы келді. Олардың халықаралық көр­мелерді, сондай-ақ басқа да ірі мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу кезін­де елордада құқықтық тәртіпті қадаға­лауда тәжірибелері бар. Себебі бұған дейін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі және елорданың 20 жылдық мерейтойы кезінде де арнайы келген болатын, – дейді «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қол­басшысының бірінші орынбасары – штаб басшысы, полковник Нұрбол Мір­таев.

«Осындай тарихи оқиға кезінде елор­дада қызмет атқарып жатқаныма қуаныш­тымын. Ұлттық ұланға келгеніме 9 ай болды, осы уақыт ішінде Жезқазған қала­сына, жаңадан құрылған Ұлытау облысына ел Президенті барған кезде қауіпсіздікті күшейтуге жұмылдырылған бөлімше құрамында болдым. Ұлттық ұландағы қызмет өте қызықты, күнделікті қызметтен басқа, мемлекеттік және халықаралық іс-шаралар барысында қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосатынымды мақтан тұтамын», дейді 5451 әскери бөлімінің қатардағы сарбазы Диас Қайырбаев.

Рим Папасы Францисктің, сондай-ақ алыс және жақын шетел делегациясының қатысуымен өткен Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының VII съезі кезінде құқықтық тәртіп әскеріне маңызды міндеттер жүктелді. Сондай-ақ ұландықтарға Қазақстандағы Ватикан Қасиетті Тағының елшілігін қорғау міндеті жүктелген.