16 Мамыр, 2014

Ғасыр дерті жастарды да жағалады

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісі ЖИТС-тан қайтыс болғандарды еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Оның басты мақсаты – ЖИТС құрбандарын еске алу, АИТВ/ЖИТС-пен өмір сүріп жатқан адамдарға, олардың жақындарына түсіністікпен қарап, қолдау көрсету, сонымен қатар, кім-кімнің де өмір сүру дағдысында тәртіп болмаған жағдайда бұл аурудың әрбір адамға қатысы болуы мүмкін екендігін еске салу, саламатты өмір салтын қалыптастыруға талпынысын арттыру болып табылады. Облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаеваның айтуынша, өңірде ғасыр дертіне шалдыққан ең алғашқы жағдай 1989 жылы тіркелген болса, сол уақыттан бері барлығы 295 адам анықталып, АИТВ жұқтырғандар саны бойынша облыс әзірге республикада он үшінші орында тұр. Осы кезеңде 55 адам осы аурудан айықпас дертке шалдығып, өмірден озған. Алаңдатып отырған жағдай, ауру жұқтырғандардың 80 пайызға жуығының 20-39 жас арасындағы еңбекке қабілетті жастар екендігі болып отыр. Сондай-ақ, соңғы кезде аурудың таралу көзінің бірден бір себебі, интернет арқылы танысудан кейінгі «қатынастар» болып отырғандығын жасырудың реті жоқ. Яғни, интернет пайдаланушылар үшін ол білім, ой-өріс кеңейту көзі ғана емес, сонымен қатар, мінез-құлқы жеңілтек адамдардың ауру жұқтыруына да себепші болуда. Облыста ЖИТС құрбандарын еске алу күнін өткізуге медициналық ұйымдармен қатар, білім беру, қылмыстық атқару жүйелері мекемелерінің қатысуы қалыптасқан дәстүрге айналған. Орталық кеңес аламын, тексерілемін деп тілек білдіргендер үшін мамыр айында «Ашық есік» күндерін жариялады. Орталық жанындағы «Достық» бөлмесінде ауру бар-жоғына жедел тестіден өтуге, қалаған маман дәрігердің кеңесін алуға толық мүмкіншілік бар. Қазақстан азаматтары және оралмандар үшін АИТВ-ға тексерілу тегін, ерікті және өз қалауыңызша жасырын түрде өтуге болады. Ауру жұқтырмас үшін қосымша күш жұмсау немесе арнайы білімнің қажеті жоқ, саламатты өмір салтын ұстансаңыз жеткілікті. Қарым-қатынас мәдениетіне көңіл бөліңіз, мінез-құлқыңызға жауапкершілікпен қараңыз. Сонда ғана бұл қатерлі дерттің алдын алуға болады, дейді дәрігерлер. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.