Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2022

Салиқалы ойлар мен салмақты пікірлер алаңы

435 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Екі күнге созылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ла­рының VII съезі ресми түрде аяқталды. Іргелі жиынның жа­былу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сондай-ақ съездің Қорытынды декларациясы жарияланды.

Салиқалы ойлар мен салмақты пікірлер алаңы

Суретті түсірген А.Дүйсенбаев

Қасым-Жомарт Тоқаев фо­румның екі күндік жұмысын қоры­тындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәде­ниет­тердің сын­дарлы сұхбат орталығына айнал­ғанын атап өтті.

– Сіздер барша адамзаттың күш-жігерін ортақ мүддеге жұ­мылдыру үшін әлемнің әр түкпі­рінен келіп отырсыздар. Осы­ның өзі дінаралық келісім мен ынты­мақтастықтың қаншалықты ма­ңыз­ды екенін көрсетеді. Шын мә­нінде, бәріміздің мақсатымыз бір. Бұл – өркениеттер үндестігін ор­нату және бейбітшілік пен тұрақ­тылықты нығайту.

Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жо­лындағы іс-әрекетімізге оң ық­­палын тигізеді деп санай­мын. Біздің бастамамызға қолдау көр­сетіп, съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткер­лер мен халықаралық ұйым өкіл­дері­не алғыс айтамын. Сондай-ақ фо­румды өткізуге белсене атса­лыс­қан дипломаттарға, волонтерлер­ге, журналистер мен басқа да аза­мат­тарға риза­шы­лығымды білді­ремін.

Форум бірегей және өте маңызды жаһандық сәтте өтіп отыр. Бұл да тарихи сәт. Пан­де­миядан кейінгі әлемдегі геосая­си турбуленттілік күшей­геніне бетпе-бет келген тұста, өрке­ниетаралық диалог пен жаһандық деңгейде сенімді нығайтудың жаңа тәсілдерін әзірлеудің өзек­тілігі артты. Бүгінгі форум осы өмірлік маңызды жұмысқа елеулі үлес қосты деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан хал­қы­ның және жеке өзінің атынан Рим Папасы Францискке елімізге тари­хи сапар жасап, съезд жұмы­сына қатысқаны үшін тағы да риза­шылығын білдірді.

– Сіздің жалынды сөзіңіз бен қуатты үндеуіңіз әлемдегі мил­лиондаған адам үшін сенім мен ша­быттану көзіне айналарына се­німдімін. Осы орайда, аса қадір­лі Рим Папасы Францискке елі­мізге тарихи сапармен келгені үшін Қазақстан халқының және жеке өз атымнан тағы да шынайы алғыс білдіремін. Съез жұмысына өзіңіздің белсене қатысуыңыз – біз үшін зор мәртебе. Сіздің әлем жұртшылығына арнаған үндеуіңіз жер жүзіндегі миллиондаған адамға үміт пен сенім сыйлағаны анық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі тарихтың бетбұрыс кезеңінде өткеніне тоқталды. Пандемиядан кейін геостратегиялық жағдай ушыққан кезде жаһандық деңгейде өркениетаралық диалог пен сенімді нығайту үшін жаңа әдістер іздеу аса маңызды. Президент форумның қорытындысы бұл басты міндетті шешуге елеулі үлес қосады деп санайды.

– Біз бірлесе отырып, ұлттардың бірін-бірі шеттетуіне, мемлекеттердің күйреуіне және халықаралық қатынастар жүйесінің бұзылуына ықпал ететін «күш көрсету саясаты» мен «араздық тілін» дәріптеуді сынға алдық. Бүгінде діндердің бітімгерлік әлеуетін пайдаланып, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Барлық діннің негізінде гуманистік идеалдар, адам өмірінің жоғары құндылықтары, бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылу сияқты ізгі амалдар жатады. Осы негізгі қағидаттар рухани салада ғана емес, сондай-ақ мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық саясатта да көрініс табуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлт­тық күйзелістер мен жаһандық дағдарыс­тардың қайнар көзі саналатын теңсіз­діктің барлық түрін еңсеру талқы­лан­ған негізгі мәселелердің бірі болға­нын атап өтті. Цифрлы және гендер­лік проблемаларға, әлеуметтік бөлініс­терді жою ісіндегі білім мен діни ағарту сала­сының атқаратын рөліне баса мән берілді.

Қазақстан Президенті экономикалық өсім мен рухани-адамгершілік дамудың ара­­сындағы теңдікке қол жеткізу жолдарын қа­растыру әлі де өзекті екенін атап өтті.

– Дін көшбасшылары технологияларды, ғылым мен руханиятты бір мезгілде және өзара толықтыра отырып, дамытуды талап ете алатынына және оны орындай­тынына сенім білдіремін. Съезд өз жұмысын аяқтап жатқан тұста дін көшбасшыларының заманауи әлемдегі қайшылықтарды еңсеруге және адамзатқа ортақ ауқымды әл-ауқатқа қол жеткізуге өз үлестерін қосып, көмектесетініне се­нім­дімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы съездің қоры­тынды құжатына ерекше назар аударды. Президент форум қорытындысы бойын­ша бүгін мазмұнды әрі жан-жақты пы­сықталған Декларация қабылданатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл маңызды концептуалды құжат іргелі мәселелерді қамтиды және үкіметтерге, саяси көш­бас­шыларға, халықаралық ұйымдарға бағдар бере алады.

– Біздің ортақ міндетіміз – Деклара­цияның концептуалды ережелері мен идеяларын дәйекті түрде ілгерілету. Со­нымен қатар Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжы­рым­­дамасын әзірлеу қажет. Құжатта біз­дің форумның ықпалын одан әрі кү­шей­­тудің нақты қадамдары мен кезең­дері қамтылуы керек, – деді Мемлекет бас­­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тын­дылай келе, Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатының басымдықтарына сәйкес, съездің дәйекті қызметін толықтай қолдайтынын атап өтті.

Съездің жабылу рәсімінде Рим Папасы Франциск те сөз сөйлеп, осындай сындарлы диалог алаңында іргелі жиын өткізгені үшін Қазақ халқы мен ел басшылығына алғысын білдіріп, қазақ тілінде «көп рахмет!» деді. Сондай-ақ Қазақстан туы туралы пікір білдірді.

– Қазақстан үлкен және стратегиялық маңызды Азия құрлығының жүрегінде орналасқандықтан съездің осында өтуі заңды да. Елдің мемлекеттік туы саясат пен дін арасындағы тепе-теңдікті сақтау қа­жет екенін білдіреді. Шын мәнінде, тудағы алтын қыран жердегі күш, ежелгі импе­риялар туралы естелік. Ал көк түс аспан әлемі туралы ойға жетелеп, мәңгі­лікті білдіреді, – деді Рим Папасы.

Сондай-ақ әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайеб те жиын барысында сөз сөйлеп, пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, форумның шешімі мен ұсыныстарын тыңдағаннан кейін артық бір нәрсе қосу қиын.

– Жиында айтылған пікірлер халық­аралық қоғамдастық зардап шегетін көп­теген проблеманы шешеді деп ойлай­мыз. Қорытындылай келе, діни сезімдерді өшпенділік пен арам пиғылдан тазартатын күшке айналмайынша дін өз мақсатына жете алмайтынын айтқым келеді. Бұған қол жеткізу үшін түрлі діндердің қызметін діндер мен діндарлар арасындағы қақтығысқа айналдырмай, оны адамдық арнаға бағыттау қажет, – деді Ахмад ат-Тайеб.

Шейхтің пайымдауынша, әрбір дінге ортақ жоғары адами мән-мағынаны топтастырған жөн. Бұдан бөлек, осы жалпы мағыналарды таратқанда таза ақылға сүйеніп, шындыққа деген сүйіспеншілікті басшылыққа алу керек.

Жабылу салтанатына модераторлық ет­кен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев съезд жұмысы мазмұнды өткеніне тоқ­та­лып, нәтижелі пікірталас жүргенін атап өтті.

– Осы екі күннің ішінде съезге қаты­сушылар арасында ашық және салиқалы диалог болды деп айта аламыз. Форумға қатысушылар мен қонақтар адамзаттың пандемиядан кейінгі кезеңдегі рухани-әлеуметтік дамуының күн тәртібін жан-жақты талқылады.

Сондай-ақ геосаяси сын-қатерлерді еңсеру, қақтығыстарды тоқтату, бейбіт­шілікке қол жеткізіп, оны нығайту жо­лындағы діндердің рөлі мен әлеуеті айқындалды. Дін лидерлері съезд мінберінен бейбітшілік пен диалогты қолдауға арналған маңызды ойлар айтты. Мұндай идеялар мен ұсыныстар үйлесімді әрі өркендеген әлем құруға үлес қосады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Мәскеу Патриар­ха­тының Сыртқы шіркеулік байланыстар департаментінің төрағасы, Волоколамск митрополиті Антоний, Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейх, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау сөз сөйледі.

Съезд қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің VII съезінің Декларациясы қа­был­данды. Құжаттың мәтінін Англикан шіркеуінің арнайы өкілі, Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс таныстырды. 35 тармақтан тұратын құжатта қазіргі таңдағы жаһандық проблемалар барынша қамтылған.

«Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бейбітшілік пен діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалог игілігі үшін өзінің тұрақты қызметін жалғастыруына бар күш-жігерімізді саламыз. Біз әлем­нің пандемиядан кейінгі дамуы мен әлем­дік процестердің жаһандануы және қауіпсіздікке төнетін қатерлер жағдай­ында Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің съезі бейбітшілік пен ынты­мақтастық үшін диалогті нығайту, сондай-ақ рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерді іске асыруда маңызды рөл атқаратынын мәлімдейміз», делінген декларацияда.

Жиыннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папа­сы Францискке қазақ мәдениеті туралы айтқан жылы лебіздері үшін алғы­сын білдірді. «Әсіресе домбыра тура­лы пікіріңіз үшін қазақ халқы сізге риза­шылығын білдірді.