Тың технология таңсық емес
«Цифрлар әлемді билейді». Грек ойшылы, әйгілі математик Пифагордың бұл сөзімен келіспеу қиын. Рас, қазір тек ғылым мен білімге басымдық беріп, технологияның тілін жетік меңгергендер ғана дүние жүзін өзіне қаратуға қауқарлы.
Қазақстан 2025 жылға қарай цифрлы саладағы қызметтер мен тауарлардың экспортын 500 млн долларға жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта Мемлекет басшысы былтыр халыққа арнаған Жолдауында елімізде 100 мыңдай жоғары білікті ІТ-маманын даярлау қажет екенін айтқан еді. «Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру.
Қазақстан үшін заманауи цифрлы технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз.
Сонымен бірге отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет», деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Абай облысында жастардың тың технологияға бейіл болуы тегін емес. Көпшілік біле бермеуі мүмкін, әйтсе де Қазақстанда алғаш рет интернет дәл осы Семейде пайда болған. Айталық, 90-шы жылдардың басында семейлік Relcom SL компаниясы ресейлік «Релком» АҚ бірлесіп, Семей ядролық сынақ полигонының байланыс желісін Мәскеумен интернет арқылы хабарласуға пайдаланыпты. Отандық цифрлы коммуникацияның іске қосылу тарихы қысқаша осылай.
Мақсат – адами ресурсты дамыту
Ал Abai IT-Valley – IT-саласындағы адами ресурсты дамытуды көздеп отыр. Аталған технопарктің техникалық директоры Бауыржан Наурызбаевтың пікіріне сүйенсек, семейлік балалардың қарым-қабілеті өзге өңірдің жастарынан кем емес. Бірақ кәсіби білім деңгейі төмен. Неге десеңіз, заман талабына сай оқытатын мұғалімдер тапшы.
«Жоғары оқу орындарында академиялық білім берілетінін ескерсек, оны аяқтайтын жастар көп жағдайда алған білімін пайдаланатын жерді таппай қиналады. Академиялық білім – ғылыммен тығыз байланысты. Мұндай білім алған жастар қайда барады? Зауыттар жоқ. Ірі компанияларға бара алмайды. Өйткені қалай барудың жолын білмейді, кәсіби дағды қалыптаспаған. CV мен түйіндемені ажырата алмайды. Екеуі бір болғанымен айырмашылығы жер мен көктей. 2018 жылы жоғары оқу орнына докторантураға түсіп, информатика және математика кафедрасында сабақ беріп жүрдім. Мұстафа есімді азаматпен танысып, екеуміз бірлесіп IT-лабораторияны аштық. Оны ашудағы мақсатымыз – балаларға компьютерді бұзып, қайта құрастыру дағдыларын меңгерту. Осылайша, олар цифрлы технологиялардың құрылымын жатқа білетін болды. Ақырындап, оқушыларымыз 3D аппаратымен шығармашылық қабілеттерін таныта бастады. Робот құрастырып, есікті ашатын электронды картаны әзірлеп шықты. Кафедраның ауқымында бұл айтарлықтай нәтиже саналды. Өйткені жастар мұны тек теория жүзінде ғана білетін. Біз оларға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік бердік. Сондай-ақ лабораторияның жанынан бағдарламалау мектебінің қызметі жолға қойылды. Біздің ерекшелігіміз, оқу тегін болды. Онда АҚШ, Ресейде жұмыс істеген бағдарламашылар сабақ беріп жүрді», деді Б.Наурызбаев.
Tech Orda ынтымақтастыққа жол ашты
Осы технологиялық кластер ашылардан бұрын жоба авторлары IT-саласында адами капиталды дамытуға бағытталған Tech Orda бағдарламасына қатысуды ұйғарады. Аталған бағдарлама кадрлар мен білім беру мекемелерінің дамуын ынталандырып, IT-секторда жеке тұлғалардың оқуын қаржыландыруды көздейді.
«Tech Orda бағдарламасы арқылы 100 грант берілетінін естіп, бағымызды сынап көруді шештік. Нәтижесінде, Оразалы Мұратов деген студентіміз грантты ұтып алды. Қалай ұтты дегенге келсек, университетте конкурс жариялап, оның көрсеткіштері қалған қатысушылардан өте жақсы болды. Сөйтіп оны жоғарыдағы бағдарламаға ұсынып, бізге ваучер берілді. Демек 100 ваучердің ішінен біреуі бізге бұйырды. Оразалы қазір оқуын аяқтап, Өскемен қаласына жұмысқа орналасуды көздеп отыр. Біздің технопарктегі біраз өнімді 3D принтері арқылы осы Оразалы жасап шыққан.
Содан кейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мен Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиевпен жолығудың сәті түсіп, олар бізді қолдауға дайын екендерін жеткізді.
Семейде бұл саланы жетік білетін мықты азамат көп. Олардың дені еліміз бен шетелдік компанияларға жұмыс істеп жатыр. Бірақ өкінішке қарай, басымызды біріктіру қиынға соғып тұр. Сол үшін де Astana Hub-пен жұмыс істеп, олар бізге No code school-ды ашуға көмектесті. Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушыларына арналған бағдарламаларды да бізге берді. Оқушыларымыз үшін бұл керемет жетістік болды. Біздің платформамыз ашық, себебі осы қалада барлығын оқытамыз деген мақсатты алдымызға қойдық. Яғни жастарға осы салада өз қабілеттерін танытуға мүмкіндік береміз», деді Abai IT-Valley-дің негізін қалаушылардың бірі.
Абай есімі заманауи трендке айналды
Abai IT-Valley технопаркінің ресми ашылуы жаңа Абай облысының құрылуымен тұспа-тұс келгенін айта кеткен орынды. Мұндай сәйкестікке өңірлік технопарктің өкілдері дән риза болғандарын айтты.
«Өңірлік технопаркті құру әрдайым ойымызда жүретін. Алайда белгіленген тәртіпке сәйкес оны облыс орталықтарында ғана ашуға болады. Alikhan Bokeikhan University-не Асхат Бейсембаев есімді азамат келіп, оның қолдауымен технопаркті құру бойынша үлкен жобаны қолға алдық. Облыс мәртебесі берілгенін естігенде қатты қуандық. Өйткені сәуірде бізде техникалық ашылу болды. Бұл бізге қандай мүмкіндіктер берді? Біріншіден, облыстың құрылуы бізге Astana Hub-тың өңірлік өкілдігін ашуға жол ашты. Демек бағдарламалау мектебінен технологиялық кластерге дейін трансформация жасалды. Асхат Бейсембаев осы технопарктің жобалық менеджері», деді Б.Наурызбаев.
Ұлттық идеологияға негізделген стартап
Қазір технологиялық кластерде 7 адам жұмыс істеп жатыр. Техникалық ашылудан кейін бірнеше стартап та пайда болды. Біріншісі – аграрлық салаға қатысты, екіншісі – балаларға арналған ойыншықтар. Екеуі де өңірді дамытуға арналған. Яғни Astana Hub-пен жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы – стартап дайындау. Стартап – егер де бір жоба жүзеге асып жатса, оның өзі бір фирма, дейді технопарктің өкілдері.
«Ойыншықтарға байланысты стартаптың басты идеясы – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу. Мысалы, қазір балалар көбінесе америкалық комикстердің негізінде жасалған ойыншықтармен ойнап, соларды қаһарман санайды. Сонда біздің ұлттық батырларымыз жоқ па? Неге осыны қолға алып, жүзеге асырмасқа деген ой келді. Сондықтан «Батырлар» деген жоба іске асырылып жатыр. Дайын ойыншықтарды қаладағы балабақшаның біріне тапсырдық, балалардың қызығушылығы бар. Сұраныс жоғары. Бірінші кезеңде батырларды тек бояп, ойнау ғана көзделсе, екінші кезеңде конструкторды құрау көзделеді», деді Abai IT-Valley технопаркінің техникалық директоры.
10-сыныптың оқушысы Аяжан Сайлау өз келешегін IT-саласымен байланыстырып отыр. Оның айтуынша, бұл күннен-күнге қарқынды дамып жатқан саланың бірі. Сол себепті ол өз мүмкіндігін осы бағытта пысықтап көруді жөн деп тапқан.
«Бұл технопарк жайлы әлеуметтік желі арқылы біліп, өзімді жаңа бағытта сынап көруді шештім. Маған бағдарламалау процесі, осындағы білім беру тәсілі ұнайды. Себебі оқытушылар барлығын түсінікті тілде жеткізеді. Осы жердің тағы бір артықшылығы, қажетті дағдыларды 3 тілде меңгеріп келеміз. Мұндағы заманауи құрал-жабдықтар жаңа үрдістерден қалыс қалмауға мүмкіндік беріп отыр. Қазір Java-бағдарламалаудың тілін үйренудеміз. Егер де болашақта IT-маманы болып жатсам, алған білімім кәдеге жарайды деп үміттенемін», деді А.Сайлау.
Ақпараттық қауіпсіздік инженері Батухан Бәйдібек те Abai IT-Valley-де білмегенін үйреніп, білгенін жетілдіріп жатыр. Ол бағдарламалаудың кәсіби маманына айналуды мақсат етіп отыр.
«Бағдарламалауға қатысты білімім жоқ емес. Әйтсе де заман бір орында тұрмайды. Оның үстіне IT-саласында жаңалықтар күн сайын жаңарады десем қателеспеймін. Мұнда білімімді шыңдап, тәжірибе жинақтағым келеді. Неге десеңіз, алдағы уақытта бағдарламалау бағытында толық, еркін жұмыс істеуді көздеп отырмын. Кәсіби біліміңді шыңдайтын мұндай курстар жоқтың қасы. Сондықтан осы технопарктің ашылғанына қуаныштымын», деді Б.Бәйдібек.
Семейдегі технопарк IT-дің қыр-сырына 100-ден аса баланы үйретуге қауқарлы. Таяу келешекте аталған технологиялық кластердің ұжымы облыста Киберспорт қауымдастығын құруға бекініп отыр. Өйткені бұл үлкен бағыт, заманауи үрдіс саналады. Киберспортта дарынды жастар дронды басқаруға да және бағдарламалауды да тез игеруге икемді келеді, дейді семейлік IT-мамандар.
Абай облысы