Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2022

Құқық жүйесін қайтсек қазақшалаймыз?

820 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» стратегиясы қоғам мен мемлекет қарым-қатынасының жаңа жүйесін қалыптастырып, мемлекетіміздің дамуына тың серпін берген идея болды. «Қоғамдық келісімшарттың» бұл жаңа нұсқасы халықты біріктіретін, бір мақсатқа жұмылдыратын, қоғамымыздың дамуында шешуші рөлге ие қозғаушы күш болары хақ. Ал бұл идеяның біріктіруші элементтерінің бірі әрі бірегейі – қазақ тілі екенін Мемлекет басшысы да, зиялыларымыз да айтып жүр.

Құқық жүйесін қайтсек қазақшалаймыз?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Уақыт күттірмейтін мәселе

Құқық жүйесін, соттар мен про­ку­ра­ту­ра­ны, заң шығармашылығын, жалпы айт­қанда әділет жүйесін мемлекеттік тіл­­ге көшіру, қазақша сөйлету мәселесін нық­­тап қолға алатын уақыт келді. Жасы­ра­тыны жоқ, елімізде қазақ тілінде құжат айналымын жүргізе алатын, құқық терминологиясына жетік, сот процесін жү­р­гізетін, заң жазатын, талдайтын, заң­дардың орындалуын мемлекеттік тілде талап ететін заңгерлер тапшы. Құ­қық жүйесіндегі құжат айналымы, іс қағаздардың дені ресми тілде жүргізілді. Терминологиясы қалыптасқан, халық­тың көпшілігі жетік меңгерген тілде жұмыс істеген әркімге қолайлы, ыңғай­лы болды. Осылайша, барлық сала сияқ­ты құқық саласында да құжат ай­на­лымының қазақстандық моделі орыс тілінде қалыптасты. Қазақшаға ауда­рыл­ғанмен заңның да, құжаттың да түп­нұсқасы, жұмыс істеуге арналған нұс­қасы орыс тілінде болды. Ал сол орыс­шадан аударылған қазақша заңдар жұ­мысқа келмейтін, түсініксіз, қателер мен сәйкессіздіктерге толы қойыртпаққа ай­налды. Сондықтан іргетасы орыс ті­лін­де қаланған бұл жүйені реформалап, қай­тадан қазақша қалыптастыру оңай шаруа болмай тұр. Барлық ісін орыс тілі арқылы үйлестіріп үйреніп қалған мем­лекеттік органдар, министрліктер, Пар­ламент, прокуратура мен сот жүйесі әзір­ше сол баяғы үйреншікті соқпақпен келеді.

Мәтіндегі мәнсіздік

Құқық саласындағы мемлекеттік тіл­­дің жағдайын саралап, шешім ізде­ген­де алдымызға бір-бірімен сабақ­та­­сып жатқан, бірінің шешілуі екін­ші­сі­не байланысты мына 4 мәселе шы­ғып отыр. Осы 4 мәселе Жаңа Қазақ­стан­ның күн тәртібіне алынып, зерт­те­ліп, жү­йелі жоспарлы түрде қолға алынса, мем­ле­ке­ті­міздің құқық жүйесі то­лы­ғымен мем­ле­кеттік тілге көшетініне се­нім­дімін.

Біріншісі, қолданыстағы қазақша заң мә­тіндеріндегі ақаулар мәселесі. Жоға­ры­да айтылғандай түпнұсқасы орысша да­йындалып, қазақшасы ала-құла аудармамен ұсынылған, терминологиялық бірізділік сақталмаған, сөйлем құры­лы­мы ауыр, жасанды, кей кезде қазақшаға жетік кәсіби заңгерлердің өзі түсінбей қиналатын, жұмысқа жарамсыз заңдар, заңнамалық актілер мен құқықтық құ­жат­тар – қазіргі өміріміздің шындығы.

Бұл ретте, құқық саласында қазақша аударма жасау, әсіресе заңнамалық акті­лер­ді мемлекеттік тілге аударудың жеңіл шаруа емес екенін де мойындаған жөн. Кәсіби заңгер мамандардың пікірінше, Ата Заңымыздан бастап заңнамалық иерархиямен төмен түскенде әр сатыдағы, әр деңгейдегі, кез келген құқықтық ак­ті­­нің мәтіні ақаудан ада емес. Тіпті кей кодекстер мен заңдардың орысша және қазақша мәтіндері арасындағы ауыт­қу­лардан туындаған мағына қате­лері аза­ма­т­тарымыздың тағдырына теріс ықпал ете­тіндей қауіпті деңгейде.

Мәселен, заңгерлер тарапынан кезінде көп айтылған Конституциямыздың 61-ба­бы­ның 7-тармағындағы, 53-баптың 3-тар­мақ­шасындағы, 47-бабының 2-тарма­ғындағы аударма қателері көп жыл­­дар­дан кейін түзетілді. Алайда, өкінішке қарай, Конституциямызда заң тех­никасының тілге қатысты талапта­ры­на қайшы саналатын бір құжат­тағы құқықтық терминді бірнеше синоним арқылы жазу әлі де кездеседі. Мысалы, Конституцияда «хақылы» деген мағынаны беретін сөз 5 жерде «құқылы», 27 жерде «құқығы бар», 16 жерде «хақылы» деп жазылған. Сондай-ақ Конституцияда терминологиялық тұрғыдан даулы сөздер де кездеседі. Оған мысал ретінде 25-баптың 2-тар­ма­ғында орыс тілінде «доступная цена» сөзі «ша­ма-шарқы көтеретін ақы», 27-баптың 2-тар­мағында «естественные права родителей» тіркесі «ата-ана­ның етене құқығы» сияқты аудар­ма­ларды көрсетуге болады. Бұл Кон­ституциямыздың 27 жылдық тарихында сан рет заңгерлер тарапынан тал­қы­ла­нып, көзге шұқып жүріп түзе­тілген тү­рі. Құқықтық мемле­кет­тің ті­ре­гі, құ­­­қық­тық сана мен мәде­ниет­тің қа­лып­та­с­уында шешуші рөлі ай­қын­дал­ған не­гіз­гі заңымыздың бұл жағ­дайы жауапты қызметкерлерді ойландыруы керек.

Экономикалық қарым-қатынас­тар­дың конституциясы саналатын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі де құқықтық олқылықтар, қисынсыздықтар мен заң терминдерінің үйлесімсіздігінен ада емес. Мәселен, алысқа бармай Аза­мат­тық кодексіміздің орысша «Отно­шения, регулируемые гражданским зако­нодательством» деп аталатын 1-бабы мен «Гражданское законодательс­тво Рес­публики Казахстан» деп аталатын 3-бабы қазақша «Азаматтық заң­дар­­мен реттелетiн қатынастар» және «Қа­­зақ­стан Республикасының азамат­тық заңдары» деп аударылған. Бұл тір­кес­те­гі «Законодательство» деген тер­мин­нің қазақшаға «заң» емес, «заң­­нама» деп ауда­рылатынын білу үшін заңгер болу­дың қажеті жоқ. Бұл тер­мин кодексте 25 рет осылай қате қол­данылған. Бұл жерде ескеретін бір жайт, «Құқықтық актілер туралы» заңы­мыз­дың 1-бабының 16-тар­ма­ғында «за­конодательство» сөзі «заң­нама» деп дұрыс аударылған және практикада да бұрыннан бері қолданылып жүр. Сондай-ақ Азаматтық кодекстің «Тол­кование норм гражданского законодательства» деп аталатын 6-бабы қазақ тіліне «Азаматтық заң қалыптарының тү­сiнiлуi» деп аударылған. Яғни әр тер­минді бөлшектеп жеке-жеке қарайтын болсақ, «гражданское законодательство» – «азаматтық заң», «законодательная норма» – «заң қалыбы», «толкование» – «түсінілу» деп қисынсыз аударылған. Сонымен қатар «недвижимое имущество» деген тіркес сол кодекстің ішінде 17 жерде «жылжымайтын мүлік» деп атал­­са, 41 жерде «қозғалмайтын мүлік» деп жа­зылған.

Ең маңызды заңнамалық актілердің жай-күйі осы. Қоғамдық өмірімізде жиі қолданатын, негізгі кодекстер мен заң­да­рымыздың барлығында ірілі-ұсақ­ты ақаулар жетіп артылады.

Түпнұсқа қазақша жасалса...

Құқық саласындағы мемлекеттік тіл­дің жағдайын саралағанда алдымыз­дан шығатын екінші мәселе – елі­міздегі заң шығармашылығының жай-күйі. Яғни заңдарды қазіргідей орыс­шадан аудармай, әуел бастан мем­ле­кеттік тіл – қазақ тілінде жазу мәсе­лесі. Алдында ескертілгендей құқық жүйесіндегі мемлекеттік тілдің проб­ле­ма­лары бір-бірімен сабақтасып, ара­ларында себеп-салдар қатынасы бар мәсе­лелер. Заң мәтіндеріндегі ақау­лар­дың басты себебі заңдардың о баста, түпнұсқада қазақша жазылмауында, заң шығармашылығының қазақша дамымай, сол бұрынғы әдетімен орысша жалғасуында деп пайымдауға толық негіз бар. Қазіргі таңда заңнамалық акті­лердің қазақшасын оқу да, түсіну де қиын, сондықтан қарапайым азаматтарды былай қойғанда, қазақ тілінде құқықтық қызмет көрсетіп жүрген кәсіби адвокаттар мен құқықтық кеңесшілердің өздері мемлекеттік тілде жазылған заң­дарды орыс тіліндегі нұсқасымен са­­лыс­тыра отырып оқығанда ғана то­лық түсінетіндерін айтады. Негізінен заңдардың мәтіні дәйекті, қарапайым ха­лыққа ұғынықты тілмен, құқық тех­ни­­касына сай, қисынды жазылуы керек. Сонда ғана құқықтық реттеу қа­жеттілігінің мақсаты орындалып, аза­маттардың өздеріне арналған заң­дар­да қамтылған нормативтік ұйғарым­дар­ды дұрыс түсінуі, баяндалған құқық нормаларының талаптарын дұрыс қа­был­дауы қамтамасыз етіледі. Бұған жету үшін басты шарт – заңдардың мем­ле­кет­тік тілде, халықтың тілінде жазылуы деп білеміз.

«Заңдар неге мемлекеттік тілде жазылмайды?» деген сұрақ соңғы жылда қоғамдық ойды жиі мазалап, Парламент мін­белерінде, дөңгелек үстелдерде, бас­пасөзде қызу талқыланатын мәселе­лер­дің біріне айналып келе жатыр. Айтылған ой-пікірлерді жүйелей келе, заң шығармашылығындағы қазақ тілінің жұтаң халінің, заңдардың мемлекеттік тілде шығарылмауының басты себебі – тек өзіміздің қайратсыздығымыз бен немқұрайлығымыз деп қорытуға толық негіз бар. Осы мәселе туралы сөз болғанда – қазақша құқықтық тep­­минoлoгия қалыптаспаған, заң­дар­ды қазақша жазатын маман жоқ, мем­лекеттік тілдің мәртебесі нақты айқындалмаған, заңдардың ең басынан қазақ тілінде жазылуы нормативті түрде бекітілмеген деген сияқты толып жатқан себептер айтылады. Бірақ мұның бәрі өз қайратсыздығымызды ақтап алу үшін айтылған сылтау екенін іштей әрқайсымыз білеміз, сеземіз. Өйткені жұмыс барысында заңның сәйкессіздікке толы, түсініксіз қазақша нұсқасын оқып, түзетіп, қатесін айтып жеткізгенше, баяғыдан үйреншікті де түсінікті орысшасын оқи салу заңгер, сот және прокуратурамызға ыңғайлырақ.

Президенттің 2021 жылғы 15 қазан­да­ғы №674 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқықтық сая­са­тының 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасына зер салайық. Бұл құжаттың 4-бөлімінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес нормативтік-құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдерінде әзірлену керектігі ашық айтылған. Сонымен қатар норма шығару қызметінде қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды әуел баста қазақ тілінде әзірлеудің маңыздылығына баса назар аударылған. Қарап отырсақ, бұл мәселе Мемлекет басшысының назарынан да тыс қалмаған. Демек әділет жүйемізді, соттарымызды, заңдарымызды, жалпы мемлекетімізді қазақ тілінде сөйлету осы тұжырымдамаға сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылмақ.

«Тұрыңыздар, сот келе жатыр»

Үшінші мәселе – сот жүйесіндегі тіл­дік ахуал. Елімізде, әсіресе қалалық жер­­лерде сот процестерінің басым бөлі­гі орыс тілінде өтетіні белгілі. Мұны кеңестік дәуірден бері сот прак­ти­ка­сының, іс қағаздарын жүргізудің, кәсіби терминологияның орыс тілінде қалыптасуымен түсіндіруге болады. Жоғарыда айтылғандай заңның орысша нұсқасы түсініктірек, жылдар бойы орысша жазылып келген, дайын үлгідегі процессуалдық құжаттарды қолдану ыңғайлырақ болғандықтан, арыздар да сол тілде жазылады, сот пен прокурорға да сол тілде жұмыс істеген тыныш.

Алдымен бұл саладағы заңнамаға назар аударайық. Қазақстан Респуб­ли­касының Азаматтық процестік ко­дек­сінің сот процесі жүргізілетін тілге қатысты 14-бабы (тура осындай нор­ма Қазақстан Республикасының қыл­мыс­тық-процестік кодексінің 30-бабында да бар) «азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі» деп әп әдемі басталады да кейіннен Конституция мен Тіл туралы заңдағы сияқты бұл жерде де заң шығарушы жол ортадан мемлекеттік тілге «ресми көлеңкесін» ілестіріп жіберген. Яғни келесі сөйлем «сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады» деп жал­ға­са­ды. Тіл жанашырлары сот про­цесін қазақ тілінде жүргізудің бір тетігі ре­тін­де Азаматтық процестік кодекстің 14-бабының 2-тармағын көп алға тартады. Бұл тармақтағы «сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді» деген норма «әуел баста сотқа талап-арыз қай тілде берілсе, сот процесі сол тілде жүреді» дегенге келеді. Яғни азаматтық іс жүргізудің тілі талап-арыз берілген тіл негізінде анықталатындықтан сот­қа алғаш арызды мемлекеттік тілде беру арқылы процестің қазақ тілінде жүр­гізілуіне мұрындық болуға болады. Алайда сот тәжірибесінде бұл ережеге қатысты да түйткілдер жоқ емес. Қазақша құқықтық қызмет ұсынатын адвокаттар мен құқықтық кеңесшілер талап-арызды қазақша беріп, сот ісін жүр­гізудің тілін өз ыңғайларына кел­тір­генімен, процес барысында түрлі себептермен, кейде шарасыздықтан артқа шегінуге мәжбүр болатындарын өкінішпен айтады. Оларды бұл қадамға – сотқа дейінгі тергеу амалдарын қа­зақ­ша жүргізетін тергеушінің табылмауы, мемлекеттік тілге қиналған қарсы тараптың, прокурор мен соттың өтініші, сондай-ақ дәлелдер мен құжаттардың, нормативтік дереққор мен заңнаманың толығымен орыс тілінде болуы, уақыт үнемдеу сияқты факторлар итермелейтін көрінеді.

Президентіміз айтпақшы, Жаңа Қа­зақ­стан дегеніміз Әділетті Қазақстан. Әділет ең алдымен сот жүйесінің әді­лет­ті, сенімді болуымен жүзеге асырылады. Әділетті сот – шешімі заңға негізделген, жұмысы да, шығарған шешімі де тарап­тар­ға түсінікті, әркім ойын еркін, өзіне қолайлы тілде жеткізіп, туындаған әр сұрағына толық жауап ала алатын сот. Жоғарғы соттың статистикалық дерек­те­ріне сүйенсек, қазақтілді халық саны қарқындап артқанымен, соттарда мемле­кет­тік тілде жүретін істердің саны ол қарқынға ілеспей жатыр. Бұның себебі ха­лықтың өз тілінде қызмет алғысы келмеуі емес, керісінше сот жүйеміздің, адвокаттар мен құқықтық кеңесшілер қа­уымдастығының мемлекеттік тілге жетік кадр тапшылығынан қазақтілді аудиторияның сұранысына жауап бере алмауынан деп болжауға негіз бар. Бұл – Жаңа, Әділетті Қазақстанға жараспайтын, жедел түрде түзетуді талап ететін олқылық.

Білікті заңгер тапшы

Төртінші мәселеге келейік. Еліміздің құқық жүйесін толығымен мемлекеттік тілге көшіру үшін, сонымен қатар қолда­ныс­­тағы заң мәтіндеріндегі ақауларды түзетіп, заңдарды ең басынан қазақ тілінде жазуды бастап, сот процестерін толығымен мемлекеттік тілде жүргізу үшін сапалы қазақ тілді заңгерлер керек. Ал құқық жүйемізге ауадай қажет бұл заңгерлерді қалай даярламақпыз?

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 61 жоғары оқу орны заңгер мамандарды даярлаумен айналысады екен. 19 миллион халқы бар ел үшін бұл сан аз емес. Тіпті кейбір мамандардың пайымдауынша, бұл сан әлемдік статистикамен сәйкестірілгенде біз үшін өте көп және бұл – көптік түлектердің білім деңгейінің төмен болуына ықпал етуші факторлардың бірі. Негізінен әр облысқа және республикалық деңгейдегі қалаға құқықтық кадрлар даярлайтын бір-бір жоғары оқу орны жеткілікті.

Баршаға мәлім, жаңақазақстандық қоғамның сұранысына жауап беретін, қазақшаға жетік, теориялық және прак­ти­калық тұрғыдан мықты заңгер кадрлар даярлаудың басты шарты – осы аталған ерекшеліктерді өз бойына жи­наған мықты профессура, заңгер ға­лым­­дардың болуы. Жасыратыны жоқ, бертінге дейін (тіпті қазірдің өзінде солай) құқықтық білім беруде орыс тілі­нің үстемдігі жүріп тұрды. Заң фа­куль­теттерінде алғашқы қазақша бөлім 1989 жылы ашылған екен. Бірақ қазақша ғалымдар мен оқытушы кадр­ларды даярлау ісі тек 2000-жылдарда ғана қар­қын ала бастады. Проблеманың басты түйіні, қазақша құқық оқытатын, мемлекетімізге заңгер кадрлар даярлайтын заң факультеттерінің өздері кадрға зәру. Мұның басты себептерінің бірі – заң факультеттері өздеріне ғылыми кадр даярлайтын, ғалымдар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғас­тыратын ғылыми мектептерді қалып­тас­тыра алмады. Сондықтан заңгер ғалым­ның, құқық саласындағы университет профессорының қоғамдағы орны, мәртебесі де төмен.

Германия, Франция, Швейцария сияқ­ты елдер заң үстемдігі орнаған, заңға құр­мет ең жоғары деңгейге жеткен елдерде заңгерлердің де қоғамдағы беделі өте жоғары болады. Ал осы заңгерлерді даярлайтын заң факультеттеріндегі профессор-ғалымдардың беделі одан да асқақ. Өйткені әрбір заңгер профессор, біріншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан, сол елдердің құқығы мен демократиясының, қоғамдық қаты­нас­тарының реттеушісі саналатын заң­да­ры­ның қалыптасуына тікелей ықпал еткен ғылыми мектептердің өкілі. Екіншіден, Еуропалық құқық профессорлары құ­қық­тың теориясы мен практикасын әр­қа­шан бірге алып жүреді. Осылайша, бір жағынан аудиторияда дәріс оқыса, екінші жағынан сол теориялық білімді іс жүзінде, құқық практикасында қол­да­нушы заңгер-сот, адвокат, кеңесші болып қызмет атқарады. Үшіншіден, ол мемлекеттерде заң жобаларының да­йындалуында мемлекеттік орган емес, тиісті салада беделді заңгер ғалымдар мен ғылыми мектептердің сөзі өтімдірек. Төртіншіден, оларда доктрина, яғни заңгер ғалымдардың эксперттік ой-пі­кірі құқықтың қайнар көзі ретінде заң­мен бекітілген. Сондықтан соттар үкім шығарғанда, тараптар дауласқанда өз ұста­нымдарын дәйектеу үшін заңға қалай сүйенсе, сол салада беделді про­фес­­сордың пікіріне де солай сүйене ала­ды.

Біздің құқық саласындағы профес­сор­лар мен оқытушылардың көп­ші­лі­гінің бас­ты олқылығы практикадан, қолданбалы құқықтан алшақтап кету­ле­рінде. Яғни көп жағдайда университет оқытушысы өзі оқытып жатқан пәніне қатысты заң­намадағы өзгерістерден және сот прак­тикасындағы дау­лы мәсе­ле­лерден бейхабар болады. Сон­дық­тан ол пәнді оқып шыққан студенттің шынайы өмірде жұ­мысқа тұрғанда тиіс­ті мәселеге қатыс­ты кәсіби дағдысы кем болатыны, айт­паса да түсінікті. Осы­дан кейін жұмыс берушілер «заң фа­куль­тет­те­рінің түлек­те­рі практикалық жұ­мысқа икемсіз, заңды білсе де қол­да­ны­сынан, сот тә­жі­ри­бесінен хабары жоқ» деген ша­­ғым­дар көп айтылады.

Бүгін елімізде болып жатқан қоғам­дық-саяси үдерістерді, сондай-ақ осы үде­рістерге сәйкес ұлттық сана-се­зім­де болып жатқан өзгерістердің қар­­қынын ескерсек, жақын келешек­те жа­ңа­­қазақстандық қоғамның мемлекет­тік тілдің қолданыс аясын тез арада кеңейтуді талап ететінін болжау қиын емес. Біз көтеріп отырған мәселенің барлығы – қолданыстағы заңдардың ақаулары, қазақша заң әдебиеттерінің жеткіліксіздігі, заңдардың мемлекеттік тілде жазылмауы, қазақша құқық тер­ми­нологиясының, сот практикасы мен іс қағаздарын жүргізу тілінің қалып­тас­па­уының түйіні де, шешімі де айналып келгенде кадр, сапалы маман мәселесіне ке­ліп тіреледі. Ең бастысы, Жаңа, Әді­летті Қазақстанның қайта түлеп, дамуы мем­лекеттік тілсіз, оның жоспарлы түр­де құқық жүйесінің барлық саласында қолданысқа енуінсіз мүмкін емес еке­нін ең басында заңгерлер қауымы ре­тін­де өзіміздің түсінуіміз және осы жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалмақ» деген ескертуін әрдайым есте сақтағанымыз жөн.

 

Марат АХМАДИ,

М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университетінің ғылыми істер жөніндегі вице-провосты