Қоғам • 18 Қыркүйек, 2022

Экспортшыл кеніштер тойдыра ма, тоңдыра ма?

328 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ресейге салынған санкциялардың салдары Керекуде көмір тапшы­лығын тудыруы мүмкін. Былтыр «Майкөбе» көмір кеніші барлық өндірілген көмірдің 78 пайызын сыртқа сатып жіберіпті. Ал биыл көрші елге экспорт көлемі одан да ұлғайып, онсыз да аз теміржол вагондары жетіспеуі мүмкін. Энер­гетика министрлігі жартылай ашық вагондардың саны қыр­күйек пен қазан айларында тіпті сиреп қалатынын жаздан бері ескерткен еді. Алайда бұл мәселеге теміржолмен көмір таситын кәсіпорындар аса бас қатырып отырмағанға ұқсайды.

Экспортшыл кеніштер тойдыра ма, тоңдыра ма?

Кеніштердегі көлік кептелегі

Биыл өңірдің қатты отынға қажеттілігі 522 мың тоннаны құрайды. Оның 133 мың тоннасы – бюджеттік мекемелерге, 310 мың тоннасы тұрғындар үшін қажет екен. Өкінішке қарай, өңірдегі білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелеріне жоспарланған кө­мірдің жеткізілуі өте баяу жүріп жатыр. Мәселен, білім саласына қажет 87,8 мың тоннаның небәрі 42 мыңы, мәдениет нысандарына бөлінген 172 мың тоннаның 22 мың тоннасы ғана нысаналы жерге тасып жеткізілген. Аймақтарда жеке тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету көрсеткіштері де түсіп кеткен. Был­тыр қатты аязда көмір тапшылығынан Әуелбек ауылдық мектебін қатырып ала жаздаған Ақтоғай ауданының әкімдігі биыл бюджеттік мекемелерге көмір жет­кізушілердің санын екі есеге арттырыпты. Алайда оның салдарынан жеке үйлерге отын тасып жүргендердің белсенділігі төмендеп, бүгінде жоспарлы жеткізудің небәрі 8 пайызы ғана орындалыпты. Мұндай мәселе бірнеше ауданда байқалып отыр.

Көмір тасудағы қазіргі баяу қарқын сақталып қалатын болса, қыркүйек айы­ның соңына қарай қиындықтар туындауы мүмкін. Соның бірі – «Майкөбе» кенішіндегі жүк көліктерінің көптігі­нен туындайтын кептеліс. Өткен жылы осы мезгілде кеніш басында жүздеген ма­шина іркіліп, кезекте тұрып қалған жүр­гізушілер арасында айғай-шу шыққан. Баянауылда апталап жауған жаңбыр­дың салдарынан кеніштің жолдары ми батпаққа айналып, көліктердің жүріп-тұруын қиындатты. Артынша облыс орталығындағы көмір сататын орындарда отын тапшылығы бой көрсетті. Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановтың сөзіне қарағанда, жүкті қабылдап алушылардың уақытын­да өтінім бермеуінен былтыр жеткізу мерзімдері ұзарып кетті. Соған орай қатты отынды алыс аудандарға жеткізу жұмыстары қараша айының соңына дейін созылды. Оның үстіне «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі жүк вагондары да жетіспеді. Осының барлығы айналып келгенде биыл көмір тасымалдау ісін ұйымдастырушыларға сабақ болуы тиістін. Бірақ қазіргі күні бюджеттік мекемелерге 60 мың тонна ғана көмір жеткізілгенін, ол жоспардың 45 пайызы ғана екенін ескерсек, былтырғы жағдай қайталануы бек мүмкін екенін болжай беруге болатын шығар.

Алайда биылғы ең сорақы мәселе Ресейге салынған санкциялар салдарынан туындауы ғажап емес. Мамандар көрші мемлекетке Павлодар облысының көмірі жылдағыдан өте көп мөлшерде экспортталуы мүмкін екеніндігін болжап отыр.

– 2021 жылы «Майкөбе Инвест» компаниясы барлық өндірілген көмірдің 78 пайызын экспортқа шығарды. Биыл Ресейге салынған санкцияларға байланысты экспорт көлемі ұлғаяды деп күті­луде. Өткен маусымда вагондар жетіс­пеген болатын. Былтыр «Қазтемір транс» АҚ тәулігіне 20 бағыт бойынша тасы­малдаулар ұйымдастырғаны мәлім. Биыл бұл маршруттар саны азаяды деп айтылды. Жалпы көмір жылыту маусымы басталмай тұрып жеткізілуге тиіс. Өткен кезеңде маусым соңына дейін кө­мір тасымалдаған жағдайлар да болды, – дейді Ержан Салханов.

Жауапты басқарма Энергетика ми­нистр­лігіне көмір саласын реттеу және ішкі нарыққа көңіл бөлу, бағаны ұстап тұру бойынша хат жолдаған. Оған қоса жергілікті көмір кеніштерімен бағаны жылу маусымы соңына дейін ұстап тұру туралы келісім жасапты.

Алдағы уақытта жергілікті «Майкөбе», «Сарыкөл» және Екібастұздағы көмір кеніштері Ресейге экспортты еселейтін болса, өзіміздің тұтынушылар уақытында отын жеткізе алмай қиналуы әбден мүм­кін. Себебі кеніш басшылықтарының не­гізгі назары бұрыннан бері көрші елдің на­рығында екені мәлім. Ал тапсырыс ұлғайса, автокөліктер тұрмақ, теміржол бо­йында вагондардың кептелісі туын­дай­ды. Бұл мәселенің алдын алу үшін тұрғындар қатты отынды қыркүйек айы­ның соңына дейін қамдап алуға тиіс деп есептейміз. Өңірде барлығы 12 оператор және тоғыз теміржол тұйығы ғана жұмыс істейтінін тағы бір мәрте еске салайық.

Қазандық қаңтарылып тұр

Өңірдегі мезгіл мәселесіне тереңдер бол­сақ, түйіні тарқамаған түйткілдер отын­ға ғана қатысты емес екенін аңғара­мыз. Павлодар қаласындағы №1 және №2 жылу-электр орталықтарында және Екібастұздағы жылу-электр стансасында жөндеу жұмыстары жоспарлы мерзімінен кешігіп жатыр. Десе де бұл жағдай энер­гетикалық кәсіпорындардың жылуды уақы­тында таратуына кедергі емес деп сен­діріп отыр басқарма басшысы. Энер­гия өндіретін компаниялардың резервтік қоймаларында 1,5 млн тонна көмір мен 16 мың тонна мазут бар. Бұл олардың кемінде 10 тәулік кідіріссіз жұмысын қамтамасыз етуге жеткілікті.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсе­кин жергілікті ЖЭО-дағы бір қазандық кестеге сәйкес жөндеуден өткізілгенін, қал­ған үш қазандық қараша айының соңы­на дейін жөнделетінін хабарлады. «Көмірлі шаһардың тұрғындарын тоң­дырмау үшін қысқы мезгілде 290 гига­калория жылу қажет. Ал барлық қазан­дық агрегаттары толыққанды жұ­мыл­­дырылғанда 490 гигакалорияны құра­мақ. Сондықтан биыл қыста мәселе туын­дамауға тиіс. Қала тұрғындары үшін кө­мірдің тоннасы 5500 теңге, шалғай ауыл­дар үшін 7000 теңгеге дейін барады. Жалпы, көмір тасымалдау бойынша мәселе шешілген. Қалада 39 273 тонна көмір мен 302 тонна мазут қоры бар», дейді шаһар басшысы.

Бір қызығы құрылысы бақандай 5 жыл­ға созылған Ақсудағы жаңа қазандық биылғы қысқа тағы дайын болмай шық­ты. Құрылысына 11 млрд теңге жұм­сал­ған энергетикалық нысан 2019 жылы пайдалануға берілуге тиіс-тін. Алай­да қазандық жобасындағы әу баста жібе­рілген кемшіліктер оған мүмкіндік бермей, жаңа өндіріс іске қосылмай жатып қат-қабат мәселелер анықталды.

Негізі бұл құрылыстың салынуына облыстың бұрынғы әкімі Болат Бақауов мүдделі болған. 2017 жылы қоярда қой­май жүріп, осы бір сәтсіз жобаны бастат­қызып жіберді. «Ақсу шаһары бір маусымда 120 гигакалория жылуды тұтынса, жаңа қазандық 180 гигакалория береді. Жаңа нысан тұрғындардың сұранысын өтеп қана қоймай, қаланың дамуына мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. Қазандық екі-ақ жылдың ішінде тұрғызылып, пай­далануға беріледі» деп лепіргені есімізде. Өкінішке қарай, 2019 жылдың күзінде тапсырылуға тиіс алып нысан одан кейінгі 2 жылда да тапсырылмады. Әу баста бөлінген миллиардтардың жет­пей­тіндігі айқын болып, қосымша 750 млн теңге бөлінді. Бірақ ол қаражат та мә­се­лені шешпеді. Сағызша созылған «са­қал­ды құрылыстың» жыры әлі күнге жалғасуда.

Былтыр жазда облыс басшысы Әбіл­қайыр Сқақов күзде іске қосылады деге­німен ол уәде де құрғақ болып шықты. Ал қараша айында Ақсу ферроқорытпа зауыты аумағында жұмыс істеп тұрған ескі қазандықта (әзірше қаланы жылумен қамтып тұрған сол ғана) апаттық жағдай орын алып, тұрғын үйлердегі жылу батареялары қатып қала жаздады.

Бақсақ, жаңа қазандықтағы мәселе біз ойлағаннан да күрделі екен. Оны Әбілқайыр Бақтыбайұлы былай деп түсіндіргені есімізде:

– Жаңа қазандықтың құрылысы то­лық аяқталды деп айтуға болады. Нысан технологиялық жағынан аса күрделі болуы себебінен ондағы сынақ жұмыстары аяқталмады. Бұл қазандық Ақсуды жылумен толық қамтамасыз ете алмайты­нын айтқым келеді, яғни ол ескісіне қо­сымша күш болады. Жаңа қазандықтан шығатын жылудың тарифі нақты түрде алғанда аса қымбатқа түсетінін аңғар­дық. Жобалық-сметалық құжаттамалар мен технологиялық шешімдердің дұрыс жүргізілмеуі салдарынан осындай күр­делі жағдайға жетіп отырмыз. Тіпті суға қосылу жүйесі де кәсіпорынға тіке­лей жүргізілмеген. Болмаған соң жағы­ла­тын көмір құнын субсидиялап, ферро­қорытпа зауытының суына қостық, ал электр энергиясын жергілікті ГРЭС-тен алатындай жағдай жасадық. Мұның барлығы шығынын азайтып, тарифті төмендетеді деп ойлаған едік. Алайда алдын ала есептеулер бойынша жаңа тариф құны қазіргі қолданыстағы тарифтен 1,4 есеге қымбаттап кететіні белгілі болды. Мен тариф бағасы ары кетсе 25 пайыздан аспауы керектігі туралы тапсырма бердім. Сондықтан келесі жылы барлығы ойдағыдай болуы керек, – деп сөз берген еді.

Алайда Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов қазандықтарда кешенді сынақтар әлі де жүргізіліп жатқанын мә­лім­деді. Алғашқы екі қазан­дық­­та тұрақты жану режіміне, ауа­ның то­лыққанды таралуына және отын­ның жану өзегіне түсуіне қол жет­кізіліпті. Енді күлді шығару про­цесін тұрақ­тан­дыру үшін қосымша ұсақ­тағыш­тарды орнату қажет екен. Оларды жеткізу және монтаждау қазан айының соңына қа­рай жоспарланған. Жоспарлы жұмыстар аяқталған соң 1 қарашадан сынақ жұ­мыстары қайта басталады-мыс.

Осылайша, қазандық биылғы жылыту маусымына да дайын болмай қала ма деген ақсулық жұрттың күдігі расталды.

 

Павлодар облысы